Тәуелсіздігімізге 30 жыл!


Бегарисов Рамазан Айқабылұлы

«№19 жалпы білім беретін мектеп» КММ тарих пәні мұғалімі

Ешбiр ұлт тарихсыз болмайтынына тарих дәлел. Барша халық ұлт болып қалыптасуы үшiн талай-талай тарихи кезеңді басынан өткізеді.  Жер жүзінде өмiр кешiп жатқан сан мыңдаған халықтар сияқты қазақ халқынын да өзiндік терең тарихы бар. Ата-бабамыз ертеден қоныстанған кең-дархан даламызда Сақ, Ғұн, Түрік, Алтын Орда мемлекеттері өмір сүрді.                  Өз заманында қуатты ел болған  сақтар, ғұндар, түркілер ыдырап Алтын Орда иелігіне көшті. Бір кездері бүкіл орыс княздықтарын дірілдеткен Алтын Орданында қабырғасы сөгіліп, оның құрамында болған хандықтар ыдырап кетті. Алтын Орданың құрылуында ерекше орын алған, түп тамыры, тарихы бір қазақ ұлысыда бөлініп шықты. Осындай әлемге әйгілі болған мемлекет XV ғасырдың ортасында құлады. Алтын Орданың мұрагері болып Қазақ хандығы құрылды, ал Алтын Орданың халқы – қазіргі қазақ рулары еді.                                                                                           XV ғасырдың ортасында ата-бабаларымыз қуатты мемлекет Қазақ хандығын құрды. Алайда, сол Қазақ хандығын қорғап қалу үшін халқымыз жоңғар шапқыншылығын, орыс отаршылдық қысымын бастан өткерді. Ұзақ жылдар бойы өз атамекенін қанды қылышпен қорғап келген халық сыртқы қысымға төтеп бере алмай «Тәуелсіздік» ұғымынан айырылды. Осылайша, Қазақ хандығы өзі аса қастерлейтін егемендігінен айырылып, Ресейдің отаршылдық тұзағына түсті. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз мұра қылып қалдырған шұрайлы жерімізден айырылдық. Үш ғасырға жуық Ресей құрамында болған қазақ елі отаршылдық езгінің құрбаны болды. Ұлттық құндылығымызды айқындайтын салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздан тілімізден айыра бастады.                                                                Бірақ, намысты халық, рухты халық үнемі тәуелсіздікке ұмтылды. Содан бері қазақ халқы басынан 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілістер мен толқуларды өткізді. Еліміздің ең соңғы ұлт-азаттық көтерілісі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен аяқталды. Осы бодандық мұз құрсауын «желтоқсан оқиғасы» еріте түсті. Бес жылдан соң, 1991 жыл 16 желтоқсанда, ғасыр бойы аңсаған мемлекеттік тәуелсіздігімізді жарияладық. Осылайша, қайсар халық көксеген тәуелсіздігін алды. Желтоқсан оқиғасы биыл отыз жасын атап өтіп жатқан мемлекеттік ұлы мейрамымызды сыйлады. Осы ғажайып мереке баршамызға құтты болсын! Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Бабаларымыз жауға бермей, көзiнiң қарашығындай қорғаған ұлан-байтақ жерiмiздегі тәуелсіздік мәңгі болғай!

                                                        Бегарисов Рамазан Айқабылұлы