Бастауыш сыныпта экологиялық білім беру


Еламанова Жасмин

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Шымкент 1301-39 тобының студенті

Бастауыш сыныпта экологиялық білім беру екі бағытта жүзеге асады. Оның бірінші бағыты айнала дүние және табиғат туралы балаларда білім қалыптастыру. Мұнда оқушыларға «табиғат‒адам‒қоғам» арасында диалектикалық бірлікті жүйе екендігін түсіндіру. Осы жүйені құрайтын әр компоненттің ерекшеліктері мен қасиеттерін, орнын танып білу. Бұл білім ары қарай жеке ғылымдар мысалы, биология, география, химия, экология, физика пәндері  арқылы  тереңдетіледі. Бірінші бағыт бойынша мына төмендегідей білім қалыптасады:

– мектепке дейінгі білімді толықтыру;

– табиғаттану түсініктер негізі, жанды, жансыз табиғат, олардың   қасиеттерін;

– қарапайым географиялық түсініктердің қалыптасуы (карта, глобус, жергілікті бағдарлау);

– жер ғаламшары (планетасы ) және күн жүйесі жайлы мағлұматтар беру;

– адам тұлғасы, қарапайым гигиенасы, тіршілік қауіпсіздігін білу;

– өлкетану материалдары жайлы білім  қалыптасу.

Екінші бағыт бойынша экологиялық білім мен табиғатты қорғау жайлы тәрбие берілуі керек. Табиғатты қорғау – Жаратылстанудың бүкіл курсының мәні болып табылады. Басты назар балалардың табиғатты қорғау іс – шараларына тікелей қатысуына жағдай жасауға, осындай жұмыстың маңызын түсінуге бағытталуы тиіс. Оқушылар:

– тірі организмдер мен өлі табиғаттың өзара байланысы және  тәуелділігі туралы түсінік алады;

– негізгі табиғатты қорғау іс – шараларымен танысады, бұл табиғатпен сауатты қарым – қатынас жасау дағдысын қалыптастырады;

– «экологиялық сана», «экологиялық мәдениет» ұғымдарының мәні мен мазмұны ашылады.

Осы негізде балаларда қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарас қалыптасады, оны сақтауға деген жауапкершілік сезімі жетіледі, табиғат аясындағы мінез-құлықтың белгілі бір нормасы түзіледі. Мұның бәрі жеке бастың экологиялық мәдениетінің қалыптасуына жәрдемдеседі. Бұдан басқа Жаратылстануды оқып-үйрену ғылым мен ғылыми білімнің қоғамды дамытудағы және қоршаған ортаны сақтаудағы ролін ашып көрсетуге  көмектеседі.

Оқушыларда бастауыш мектепте экологиялық білім беру барысында «Адам-қоғам-табиғат» деп аталатын үш дидактикалық блок бойынша мына төмендегідей білім беріледі:

– күн жүйесі, олардың  қозғалысы, қасиеттері мен өзара байланысы туралы;

– заттар мен денелер, олардың қасиеттері туралы;

– табиғат құбылыстары туралы;

– жер планетасының тірі мекендеушілері және олардың өлі табиғатпен байланысы, тірі табиғаттағы процестер, өзгерістер туралы;

– табиғаттағы экологиялық байланыстар және табиғат пен қоғам арасындағы қайшылықтар;

– адамның шаруашылық әрекеттері, табиғатты ұтымды пайдалану, адамның өмірдегі жауапкершіліктері туралы.

Адам – табиғаттың саналы бөлігі. Адамның тұлғасы, мүшелері, мүшелер жүйесі. Адам тіршілігі үшін судың, ауаның, топырақтың, өсімдіктердің, жануарлардың ролі, экологиялық жағдайы. Адамдардың табиғатқа тигізер оң және теріс әсерлері. Тіршілік қауіпсіздік ережелері. Қоғамдық орындардағы мінез-құлық.

Жоғарыдағы білімнен басқа, оқушылар белгілі бір дағдыларды меңгеруі тиіс:

– табиғи обьектілер мен жасанды заттарды, тірі және өлі табиғат обьектілерін ажырата білу, оларды сипаттау;

– өсімдіктер мен жануарлардың негізгі топтарын, оларды айыра білу;

– әртүрлі табиғат зоналардың өсімдіктері мен жануарларын тану, сол өлкенің ауылшарушылық өсімдіктерін, жануарларын, бөлме өсімдіктеріне күтім жасау, түрлі тәсілдермен көбейту жолдарын меңгеру;

– табиғатқа өз бетінше бақылау жүргізу, қарапайым тәжірибе жасай білу, қарапайым зертханалық аспаптармен, құрал – жабдықтармен жұмыс жасай білу, қолдана білу;

– белгілі бір жерде бағдар жасау, картаны сауатты  пайдалана білу, тұсбағдармен жұмыс жасай білу;

– өз өлкесінің негізі пайдалы қазбаларын білу;

– жеке бас гигиенасының ережелерін білу, оны орындау, зақымданған кезде қарапайым көмек көрсету;

– табиғатты қорғау жөнінде шамасы келген жұмысты орындай білу.

Табиғат туралы мәліметтердің көлемі өте кең. Осыған байланысты оқу материалын ғылымилығы негізінде іріктеу, топтау мен өңдеу, материалды зерттеу тәртібі мен жүйесін анықтау әдістеме міндеттері болып табылады. Оқушылар табиғат пен адамның шаруашылық қатынасын зерттей отырып білім алып қана қоймай, сондай-ақ оларда практикада қажет болатын машық пен дағды қалыптасады. Ғылым негіздерін оқытудың неғұрлым тиімді әдістері мен амалдарын жасау әдістеменің тағы бір маңызды міндеті болып табылады. Ол мұғалімге ғылыми материалдарды оқушылар үшін қалай түсінікті етуге болатынын көрсетеді, табиғат туралы ғылымдарды зерттеуге негіз қалайды.

Табиғаттағы обьектілер мен құбылыстарды танып білу деген баланың логикалық ойлауына жол ашатын  өте құнды  материалдар болып табылады. Осы тұрғыда жаратылысты танып білу кезінде жүргізілетін түрлі әдістер барысында балаға тек білім ғана беріліп қоймай, жан-жақты тәрбие беріледі. Әрбір сабақтың оқытудан тәрбиелік мәнді болуы бірінші кезекті, яғни оқу мен тәрбиенің тұтас жүйе екендігі белгілі.

Оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, дұрыс мінез-құлықтарын қалыптастыру арнайы жарияланбаған. Ол құрамдас бөліктері мен әртүрлі әдістері арқылы іске асып отырады. Бұл қағиданы дұрыс түсініп, жүрегімен қабылдаған әрбір мұғалім өз сабақтарының әрбір тәрбиелік  функциясын өз бетінше-ақ ұйымдастырып отырары сөзсіз, әрі міндетті. Әрбір сабақ талдау арқылы жүруі шарт. Талдау – бірлескен ізденіс. Ізденіс барысында мұғалім әр баланың көңіл-күйін бақылауға, ой-пікірін байқауға, яғни интелект деңгейін анықтай алады. Адами құндылықтар бала бойына іс-әрекет  барысында беріледі. Өйткені өзгенің басындағыны өз басында өткізгендей етіп қабылдауы баланың болашағын аңғаруына, айналасындағылардың іс – әрекетін түсінуге, ой елегінен өткізіп, сезінуіне ықпал етеді. Тәрбие дегеніміздің өзі де ең алдымен баланың сезімін оятып, әсершілдігін дамыту. Сезімді тәрбиелеу – яғни баланы қоғамдық мәні бар, адамдарға жақсылық ететін құлық-қасиеттерден рахат, қуаныш табуға баулу деген сөз.

Ұлы ойшыл, қытай философы Конфуцийдің «Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, ал өз ақыл-ойыммен істеген ісімді түсінемін» деген даналық сөздері мұғалімге сөз өз ойын сапырылыстырып айту үшін берілмейді, басқаның ойына қозғау салу үшін беріледі деген пікірмен үндеседі. Яғни білім беру процесінде мұғалім материалды дайын күйінде бермей бала ізденісіне жол ашатындай, ойлау жүйесіне түрткі болатындай әдіс-тәсілдерді үйлесімді таңдай білсе, сонда ғана бала өзіндік ойлау қабілеті бар жеке тұлға болып қалыптасады.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қосанов О. Экология және адам экологиясы. Қазақстан мектебі, №3, 1991.

2. Сарманов К., Перкас Н.К. Экологиялық білім беру бағдарламасы, Қазақстан мектебі, №8, 1993.

3. Әлиев.Ж., С.Бабаев, Құдиярова.А. «Педагогика». Алматы, 2004.

4. Гребенников.И.В. «Семья өміріндегі әдеп және психология» Алматы, 1986.

5. Тілеуова С.С. «Этнопедагогика». Шымкент, 2003.

6. Аймағамбетова Қ. Жаратылстануды оқыту теориясы мен технологиясы. Алматы, 2006. – 248б.

7. Сихимбаева С.М. Жаратылстану теориясы мен технологиясы. Шымкент, 2008. – 148б.