Музыка сабағында жаңаша әдістерді қолдану


Шегембаев Руслан Серикович

“Амангелді ауданы әкімдігінің  білім беру бөлімінің  саз мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі вокал сыныбы мұғалімі  

Адамзат ән мен күйдің кереметіне, ләззатына бөленіп, кейінгі ұрпағын адамгершілікке, адалдыққа, еңбекке, парасаттылыққа тәрбиелеп, эстетикалық талғамын байытып келді. Адам шыр етіп дүниеге келген күннен бастап бесік жырымен басталған ән-күй өмірінің соңына дейін адаммен бірге өтетіні табиғи заңдылық. Әнші болып жаратылу сол адамға «Алла-тағаланың мейірімі түсіп», табиғаттың берген үлкен сыйы деп түсінуіміз керек. Ән айту физиологиялық құбылыс болғандықтан, ағза қызметіне, оның функционалдық қабілетіне байланысты құбылыс. Ән айтуда ми, жүйке жүйелері, дыбыс аппараттары, көмей, ауыз қуысы, тіл, таңдай, кеңірдек, кеуде, өкпе сияқты, ағзалар бір-бірімен өзара тығыз байланыста қызмет атқарады. Осы, ағзаларға жүйелі талдау жасамасақ та, әнші үшін келешекте «дауысты тәрбиелеу», баптау, дамыту, сақтау, аялау сияқты маңызды қадамдар кезінде жиі кезігетін болғандықтан кейбір қарапайым ерекшеліктері жайлы дыбыс аппаратының құрылымына қатысты айта кеткен жөн. Адамның физиологиялық ерекшелігі, дыбыс аппаратының орналасу жағдайына байланысты дауыс құбылысы әр түрлі. Сондықтан, ән айтқанда дауыс қуысын реттеп беретін дауыс сіңірлерінің қатысы өте зор. Дауыс сіңірлері музыкалық аспаптардың ішегі тәрізді ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі болып келеді және соған сай әртүрлі дыбыстар шығарады. Дауыс –  әншінің құралы болып табылады. Әншілік өнер құр дауыстың сыртында мағыналы сөз арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі әртүрлі толқуларды, эмоциялық құбылыстарды көркемдеп, бейнелеп беруге тиіс. Дикция – дауыс арқылы бөлек дауыстыларды, буындарды, содан соң бүкіл фразаны айту.

Өнердің қай саласы болмасын, ең алдымен, оның технологиясын – әдістемесін ұғу, түсініп меңгерудің маңызы зор. Сондықтан кәсіби әнші болу үшін вокалдық өнердің қыр-сырын ұғып, негізгі технологиясын еркін меңгеру абзал. Дауысты дұрыс жолға қою үшін ең бірінші бақылау қажет, бақылау тек қана сырттан емес, әнші өзін-өзі сезіп бақылай алатын халде болуы керек.