АВТОРЛЫҚ БАҒДАРЛАМА “Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың мақсаттары мен міндеттері туралы әдістемелік құрал”


Уразова А. Г.    – Алматы қаласы, Алмалы ауданы «№96 жалпы білім беретін мектеп» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Кіріспе

Тіл- адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың, ұлттық ұжымдық тәжірибесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Тіл-қысқасы, өмірдің ұлы қаруы.

Тілдің қарым-қатынас құралы болу қызметі оның коммуникативтік функциясы, ой мен дүниетанымды қалыптастыруы, конструктивтік функциясы, рухани мәдениетті жасау қызметі, эстетикалық функциясы, ұжымдық тәжірибе, ғылым-білімнің табыстарын жинақтауы каммулятивтік функциясы деп аталады. Қарым-қатынас майданына түскен сайын тілдің икемділігі артып, қызметі шыңдала береді. Бірақ тілдің мұндай қасиеті оның қызмет етуіне, жетілуі мен дамуына айырықша көңіл бөліп, мемлекет шынайы қамқорлыққа алғанда ғана ерекше жандана түседі. Тіл саясаты тілдің қоғамдық қызметінің дамуына оң әсер етуге тиіс. Ал, кері әсер етсе, ондай саясат керітартпа саясат болып шығады.

Еліміз егемендік алғаннан бері қазақ тілін оқыту, оның әдістемесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бүгінде еліміздің осындай мақсат-ұстанымдарына қарай Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының жобасы шықты. Бүгін шын мәнінде ел болашағына, ұлт руханиятының өсіп, өркендеуіне үлкен үлес болып қосылатын жүйелі бағдарлама жобасы жасалды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін қазақ тілі сабақтары жүргізіледі, оларға бөлінген сағат саны да біртіндеп өсіп келеді. Бірақ қазақ тілінің бүгінгі жағдайы әлі де болса тіл үйрету мәселесіне жаңаша көзқарастың қажет екенін аңғартады. Қазақ тілін мектепте, жоғары оқу орындарында оқыту жеткіліксіз болғандықтан еліміздің әрбір облыс орталықтарында, қала берді аудандарында Тіл үйрету орталықтары жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін тегін үйрету мәселесінің де қолға алынғанына да бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Десе де нәтиже біз күткендей болмай отырған жағдайымыз бар. Осы тұрғыдан алғанда біз мемлекеттік тілді қалай оқытып жүрміз деген заңды сұрақ туындайды. Соңғы кездері қазақ тілін оқыту мәселесіне қатысты ғылыми әдебиеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту, қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту және қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту деген мәселелер көтеріліп жүр.Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету деген ұғым тіл үйренушінің өзінің ана тілінен кейінгі үйренетін тілі дегенді білдіреді. Бұл ұғым өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде қолданылғаны дұрыс. Ал өз ана тілін білмейтін қазақтарымыз үшін қазақ тілін екінші тіл ретінде қалай үйретпекпіз? Сондықтан аталған ұғымды, оның астарындағы мән-мағынасын қолдануда абай болғанымыз жөн деп ойлаймыз.Қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту деген мәселе туралы да біржақты пікір жоқ. Өйткені шетел азаматтарына қазақ тілін шет тілі ретінде үйретуге болады. Ал өзіміздің қаракөз қазақтарымызға өз ана тілін шет тілі ретінде үйрету мүмкін емес.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрету деген мәселе барша жұртқа түсінікті және қазақ тілін оқытудың мақсат-мүддесін айқындайды. Қазақстанда тұратын кез келген азаматқа қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрету болашағымыздың сенімді кепілі болмақ. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқыту керек. Осылай атау біздің санамызда елдікті, тәуелсіздікті сіңіреді. Әрбір жеке тұлға – мемлекеттік, елдің бүгіні және ертеңі. Елдік психология, елдік қасиет, елдікті құрметтеу – мемлекет тілін білумен шектес келетін қасиетті ұғымдар. Сондықтан, ең алдымен, қазақ тілін оқытудың мәртебесі де осы аяда түсіндірілуі керек. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық беріледі.

Қазақ тілін оқытудың бірізділігі мен жүйелілігін арттыру үшін, әлеуметтік тапсырыстарға жауап беруде, атқарылатын істер көп. Қолданыс құралы ретінде әлемдік мәнге ие болып отырған ағылшын, неміс, француз, орыс т.б. тілдерінің оқыту жүйесінің әдіс-¬тәсілінен үйренеріміздің мол екені де жасырын емес. Әсіресе шет тілдерін оқыту әдістемесін қазақ тілін оқыту барысында тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін атап айтқымыз келеді.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде отандық және шетелдік тіл үйрету әдістемелерінің озық үлгілерін тиімді пайдалана отырып, үздіксіз оқыту бүгінгі күннің басты талабы. Бұл – өсіп келе жатқан балалар мен жастардың үйлесімділікпен дамуы, елдік рухты көкірегіне түйіп, ұлттық дүниетанымды терең меңгеруі үшін де, елдік санада тәрбиеленуі үшін де ауадай қажет. Тілді оқытуда, әсіресе, жеке тұлғаның қалыптасуына ерекше мән бере отырып, тіл арқылы ұлтжанды азамат тәрбиелеу басты назарда болуы тиіс. Яғни ТІЛ – ТҰЛҒА – МӘДЕНИЕТ қағидасы негізінде баланың үйлесімді дамуына қатысты қажеттіліктерді тіл арқылы беру, үйрету басты мәселе саналуы тиіс.

          Зерттеудің көкейкестілігі.

          Қазіргі әлемдік білім кеңістігіндегі халықаралық стандарт талаптарына сай оқыту үрдісінің орталық тұлғасы білім алушы субъект, ал ол субьектінің алған білімінің түпкі нәтижесі құзіреттіліктер болып белгіленуі білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр. Осыған орай алған білімдері негізінде әрекет етуге қабілеттілік пен даярлықты білдіретін құзіреттерді қалыптастыру үздіксіз білім беру жүйесінің маңызды буыны болып саналатын жалпы білім беретін орта мектептердегі әрбір пәнді оқытудың да басым бағыттарының бірі болып табылады. Ал құзіретті тұлғаны қалыптастыруда басқа пәндерді оқытуға негіз болатын тіл пәндерінің орны ерекше. Бұл өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі» пәніне де тікелей қатысты. Өйткені мемлекеттік тіл ретінде оқытылатын қазақ тілі бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдары мен Тіл саясаты тұжырымдамасындағы айқындалған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуының басты шарты болып саналады. Тілді меңгертудің шешімін табуы тиіс мәселелерінің қай-қайсысы да оқытудың құзіреттілік бағытын іске асырудың, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің және білім беруді бүгінгі таңдағы қоғамның әлеуметтік сұранымымен үйлестірудің аса маңызды тетігі болып табылатын дара тұлғаны қалыптастырумен тығыз сабақтасып жатыр.

          Зерттеудің ғылыми-әдістемелік түрғыдағы көкейкестілігі қазақ тілін үйрету әдістемесін дүниежүзіндегі өркениетті елдердің екінші тілдерді меңгерту әдістемесіндегі озық үлгілерді саралап, мемлекеттік тілді меңгерту әдістемесін функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға негіздей отырып жетілдірудің сара жолдарын айқындау қажеттігімен дәйектеледі. Осыған орай мектеп оқушыларына қазақ тілін үйретуде білім берудің түпкі нәтижесін құзіреттілікке бағыттау және оны жүзеге асырудың жолы ретінде оқушының өмірлік дағдыларын қалыптастыру арқылы пәннің стратегиялық бағытын өзгерту мен түрлі өмір жағдаяттарында қазақ тілін қатысым құралы ретінде қолдана алатын тұлға тәрбиелеудің маңыздылығы айқындала түседі.

Ендеше, мемлекеттік тілді оқытуда білімнің түпкі нәтижесі деп саналатын құзіреттіліктердің біртұтас бірлігі ретіндегі функционалдық сауаттылықтың мәнін, рөлін айқындаудың, оны мектеп тәжірибесіне ендірудің уақыт талабымен толық сай келуі де зерттеу тақырыбының көкейкестілігін   дәлелдей түседі.

          Зерттеудің нысаны: қазақ тілін оқытудың үрдісі.

          Зерттеудің пәні:Қазақ тілін оқытудың  әдістемелік идеяларының сабақтастығы және оны оқу-тәрбие үрдісіне ендіру.

          Зерттеудің мақсаты: Жұмыстың мақсаты – қазіргі қоғам талабы, мемлекеттік тілге қажеттіліктің артуы, яғни оған қоғамдық қызмет аясының кеңеюі, тілді оқыту мен үйретудің әдістемелерін жақсарту, тілдерді оқытудың жаңа технологиясының озық практикасын қорыту проблемасының бар екендігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілдің қоғамдық аясының кеңеюі жаңа типтік бағдарламалар мен оқулықтарды жасауды, білікті кадрларды көбейтуді, техникалық құралдармен жабдықтауды айрықша талап етіп отыр.

Білім беру жүйесінің көптеген тармақтарында бұрынғы дәстүрлі әдістемелерден елеулі айырмашылықтары бар, жаңа ізденістегі соны оқыту әдістемелері қолданылып жүр. Бұл нақты айтқанда, үйренушінің дербес танымдық белсенділігін арттыратын жаңаша жаңғыртып оқыту (инновационная), жоғары белсенділікті дамыту (интерактивная), оқытудың көпдеңгейлік әдістемелері мен жобалық әдістер.

Қазақ тілін оқыту процесінде қолданылып жүрген жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесі мен жоғары белсенділікті дамыту әдістемесінің және көпдеңгейлік оқыту әдістемесінің практикалық тәжірибесін ғылыми тұрғыдан біршама негіздеп, талдап және жинақтап қазақ тілін өзгетілді дәрісханаларда оқытатын оқытушылар үшін әдістемелік құрал жазудың уақыты келді.

Осыған орай біз ұсынып отырған еңбек мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мақсатында мектептерде, кәсіптік білім беру жүйесінде және жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытып жатқан оқытушыларға тілді оқыту әдістемесін жетілдіре түсуіне және біліктілігін арттыруына арналған көмекші құрал болар деген мақсатта жазылды.

          Зерттеудің міндеттері: бастауыш мектеп пен орта мектептегі қазақ тілі пәнінің мақсатын, ерекшелігін, мазмұны мен көлемін, құрылымын, бөліктерінің бір-бірімен ұштасуы мен бірізділігін анықтау, оқу материалын сыныптарға бөлу

          Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтіні оның оқыту жолдары мен жағдайлары туралы заңдылықтар енгізілсе, онда бұл үрдіс бүгінгі тәлім-тәрбие жұмыстарының тиімділігіне септігін тигізеді, өйткені дүниетанымы қалыптасқан, педагогикалық білімі терең және ой-өрісі кең жеке тұлғаны қалыптастыруға болады.

          Зерттеудің практикалық маңызы: Тілді оқытуда, әсіресе, жеке тұлғаның қалыптасуына ерекше мән бере отырып, тіл арқылы ұлтжанды азамат тәрбиелеу басты назарда болуы тиіс.

          Зерттеудің көздері:

-қазақ тілі негіздері

-қазақ тілін оқытудың принциптерімен міндеттері;

          Зерттеудің әдістері:

-зерттеу тақырыбына байланысты әдебиеттермен оқып танысу және пайдалану;

-Білім беру мәселесіне қатысты құқықтық, нормативтік және ресми құжаттармен әдістемелік құралдарды зерттеу тақырыбына орай талдау;

-оқу бағдарламалары мен оқулықтарды талдау;

-мұғалімдердің тәжірибесімен танысу, жинақтау және талдау.

          Курстық жұмыстың құрылымы: Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және  пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады. Кіріспеде,  зерттеу обьектісі, зерттеу пәні, зерттеу мақсаты, зерттеу міндеті, беріледі. Курстық жұмыстың бірінші тарауы «Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны», –  деп  аталады. Бірінші тарау қазақ тілі әдістемесінің мәселелері, қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері, қазақ тілі және пәнаралық байланысы ашып көрсетіліп, талданады. «Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері» атты екінші тарауда  қазақ тілін оқытудың принциптері, ғылымилық принципі, жүйелілік принципі, көрнекілік принципі, саналылық пен белсенділік принципі, теорияны практикамен байланыстыру принципі, түсінуге жеңіл қолайлылық принципі, оқытудың психологиялық ерекшелігін ескеру принциптері қарастырылады. Қорытындыда зерттеу  проблемасы бойынша жасалған тұжырымдар мен  ұсыныстар  беріледі.

Қосымшада қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық және қазақ тілін оқыту әдістемесінің тарихи дамуы  көрсетілген.

Жұмысты толық көру…