Сабақ «Домбырашының орындаушылық шеберлігін шыңдау»


        Утеуов Женис Кимранович – №2 БСМ домбыра

                                      сыныбының оқытушысы

                                                                   БҚО, Орал қаласы

Тақырыбы: «Домбырашының орындаушылық шеберлігін шыңдау»

Мақсаты: Жас өнерпаздың бойындағы шығармашылық қабілетін ояту. Оқушының шеберлігін одан әрі шыңдау, өнерге деген құлшынысын арттырып, эстетикалық талғамын кеңейтіп, музыканы дұрыс тыңдауға, терең сезіммен түсіне білуге тәрбиелеу.

Біліктілік: Әуенді тыңдау, екпін, динамика және оның белгілері, ноталық сауаты, аппликатура, альтерация белгілері, күрделі штрихтар.

Сабақтың әдіс тәсілдері: түсіндіру, сұрақ-жауап, өз бетімен жұмыс, қайталап жаттықтыру.

Сабақтың өту барысы:

  1. Ұйымдастыру бөлімі.

Психологиялық дайындық.

  1. Үй тапсырмасын сұрау.
    1. Құрманғазы «Айжан қыз» күйінің шығу тарихы.
    2. Штрихтары.
    3. Күйді орындату. Кеткен кемшіліктерді түзеу. Орындап көрсету.

III. Жаңа сабақ.

  1. Күй орындаудағы аппликатуралық ерекшеліктер. Позиция.
  2. Хроматикалық гаммалар.
  3. Күй тарту шеберлігінің сипаттары.

Жаңа тақырыпты түсіндіру. Негізгі бөлім.

Аппликатуралық ерекшеліктер.

Аппликатура – музыкалық мәнерлеушілікке және техникалық шеберлікке апаратын жолы, оңтайлы тәсілі. Орындаушылық стилі мен аппликатура принциптерінің өзара байланысы. Ыңғайлы аппликатура түсінігі, оны тұрақтандыру. Музыкалық шығарманың әуендік, техникалық бөлімдері үшін, аппликатура таңдау принципі.

Позициядан позицияға ауысудың негізгі әдістері: (Оқытушы әр әдіс тәсілді аспапта ойнап көрсетеді)

  1. Бір саусақты жылжыту арқылы.
  2. Қатар тұрған саусақтарды өзара алмастыру арқылы ауысу.
  3. Араға бір немесе екі саусақ тастау арқылы ауыстыру.
  4. Ашық ішек арқылы ауысу.
  5. Бір дыбысты әр саусақпен басу арқылы ауысу.
  6. Саусақтардың арасын кеңейту немесе тарылту арқылы ауыстыру.

 

Түсіндірілу әдісі: Хроматикалық гамма – көршілес сатылардың ара қашықтығы жарты тон болып келетін дыбыстар тізбегін айтады.

Күрделі қағыстар.

Күй тарту шеберлігінің сипаттары.

Көп ғасырлық күй тарту шеберлігінің арқасында небір жақсы әдіс-тәсілдер қалыптасты. Күй тарту шеберлігінің дәстүрі деп жылдар бойы қалыптасқан, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған тұрақты әдіс-тәсілдерді айтамыз:

– біріншіден, күй жанрының негіздерін көрсете алатын шеберлік;

– екіншіден, күй жанрының дәстүрлік сипатын көрсете алатын шеберлік;

– үшіншіден, күй жанрының мектептерін көрсете алатын шеберлік;

– төртіншіден, күй жанрын ұлттық өнер ретінде көрсете алатын шеберлік.

Жоғарыда аталған күй тарту шеберлігінің негіздері күй тақырыбының мазмұнын мүмкіндігінше толық аша алатындай болуы керек. Домбыра тарту шеберлігінің дәстүрлі әдістерін қолдан келгенше сақтап ойнауға күш салу үшін оның негізгі қағидаларын жақсы білу керек.

Домбыра тарту шеберлігі – дамып жетіле беретін өнер. Әр мектептің күй тарту шеберлігі сол мектепке тән көркемдік және суреткерлік шеберлікпен тікелей байланысты. Сондай-ақ әр мектепке тән тақырып мазмұнын ашу үшін қолданылатын шеберлік тәсілі болады. Қағыс атаулары және оєан берілетін түсініктемелер. Алғашқы қағысты меңгеру барысында оқушы екі қағыс түріне де (төкпе және шертпе қағыстарына) бірдей жаттығу керек.

Төкпе қағысты сұқ саусақ пен бас бармақ, ал шертпе қағыста тек сұқ саусақпен орындаудан бастаған жөн. Ең негізгі бізге белгілі қағыс түрлері:

– «Тентек қағыс» – Құрманғазы дәстүріндегі кейін Дина дамытқан кең шеңберлі қағыс;

– «Төре қағыс» – Төре күйлеріндегі ішектің екі жағынан аса алыс кетпейтін қағыс;

– «Сүйретпе қағыс» – Абылдан келе жатқан бұл қағыс күйлердің динамикалық жақтарын аса жандандырады. Әсіресе ол шартты бөлуден жауапты бөлінген дыбыстарға ауысқанда, соңғылардың үлкен айырмасын көрсетеді;

– «Шұбыртпа қағыс» – бес саусақты кезегімен жоғарылы-төмен сілтеген қағыс;

– «Сипай қағыс» – саусақтың ұшымен сипай өтетін қағыс.

Енді дәстүрлі күй қағыстары түрлерімен және оларға берілген түсініктемелермен таныса өтейік: ілме қағыс, саулама қағыс, шалу қағыс, орама қағыс, тырнама қағыс, толқындама қағыс, иілме қағыс, шашқын қағыс. Бұл қағыс түрлері М.Өскенбаев пен С.Балмағанбетовтерден жазып алынған. Орындаушылық дәстүрлерде ең көп кездесетін қағыстардың бірі “теріс қағыс”. Мұнда қағыстың әлді кезеңі қаққан қолдың жоғары қарай шыққанда келеді. Сондықтан бұл күйдің ырғағында акцент табиғи түрінде болмай ауысып келеді. Сирек кездесетін күрделі қағыстар: Қара қағыстан кейінгі кездесетін қағыстар біртіндеп күрделене түседі. “Орама қағыстың” бір түрін домбырада тез үйреніп кетудің өзі біраз қиындықтар туғызады. “Ілме қағыс” – білек буыны арқылы бір төмен, бір жоғары қозғалыспен алынады,

тек айырмашылығы соңғы жоғары алынатын екі қағыс бармақпен және сұқ саусақпен         алынады.

Күрделі қағыстың бірі Маңғыстау түбегінің әйгілі қағысы “Адай қағыс” – ол оң қолдың білек буынын үш рет қозғалып жұмсартып алған төрт қағысын айтамыз. Бұл қағыс көбінесе Атыраудың «Ақжелең» аттас күйлерінде және Маңғыстау өңірі күйлерінің көбінде әсерлі қолданылады.

   Бекіту: Мәмен «Ақшолпан»

   Күйші туралы мәлімет.

Мәмен Ерғалиұлы (1868, қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы — 1931, сонда) — күйші – композитор. Құрманғазыдан тағылым алып, халық арасында оның күйлерін «Адай», «Байжұма», «Төремұрат», «Терісқақпай» тағыда басқа насихаттады. өстазының орындаушылық нақышын терең меңгерген Мәмен өз жанынан «Ақшолпан», «Қайғылы қара», «Қаражан ханым», «Кербез ақжелең», тағыда басқа күйлер шығарған. 20 ғасырдың басында қазақ даласында болған аласапыран кезеңді меңзейтін «1916 жыл», «1917 жыл» атты күйлері бар. Мәмен күйлері терең толғаныспен, серпінді де ойнақы әуен ырғағымен жігерлендіретін оралымдарға бай шығармалар.Мәмен күйлері болса, әрі әуен-сазы бай, әрі бітім – құрылысы күрделі бола тұрып мін- сіз тұлға таныта алады. Міне, қазақтың жүздеген күйшілерінің ішінде Мәменнің өзіне мойын бұрғызатын ерекшелігі де осында. Мәмен жеңілге қол созбайды. Ол домбыраның бойында бар қасиетті қақтап сауып, барлық мүмкіндігін шегіне жеткізе пайдаланады. Сондықтан да, оның күйлері домбыраның бас буыны мен орта буынында, кіші сағасы мен үлкен сағасында көсіле шалқып, армансыз сыр төгеді. Әсілі, Мәмен ерекше шалымды домбырашы болса керек.

Күйдің шығу тарихы.

Кез келген күйдің шығу тарихы болады. Сол секілді Мәмен күйлерінің де шығу тарихы бар. Бірде Мәмен күйші жолаушылап келе жатып, Шолпан атты қыздың ұзатылу тойына тап болады. Шолпан атына заты сай, төңірегіне ақыл-көркімен ұнаған аяулы ару болса керек. Ол ел-жұртқа еркін, ерке болып бой жетіп еді дейді. Той үстінде, бір жағы сол еркелігі бар, бір жағы қимастық сезімі бар, Шолпан қыз төңірегіндегі кұрбы-құрдастарына бір базына айтады: «Қадырлы көз көрген құрбы-құрдастарым, қыз дәурені қызғалдақтай келте екен, бауыр басып, бой жеткен ел-жұртымды қимай, көңілім алабұртып отыр. Менің осы бір көңіл күйімді күй тілін де сөйлетер кім бар?!» — депті. Ойын-тойдың өнерпазсыз болмайтын қашанғы әдеті емес пе, сол жерде аққу мойын домбыра қолдан қолға көшіп, небір әсем күй күмбірлей тартылады. Бірақ бұл күйлердің ешқайсысы Шолпанның көңілінен шықпайды. Бәрі де бұрын талай тартылып, талай естіліп жүрген күй болса керек, Шолпанның нәзік жүрегі жаңа саз, тың сарын тілеп, қазіргі көңіл күйіне үндесер күй іздейді. Осы кезде домбыраға Мәмен қол созады. Отырғандар алғашқыда көлденеңді көк аттының үйреншікті қонақ кәдесі болар деп мән бере қоймайды. Бірақ Мәмен домбыраны баптап алып, лекіте қағып жөнелгенде үйдің іші сілтідей тынады. Күй сұлу сазына қоса мұңды сырымен жан тербейді. Сол қалпында қызуы басылмастан лекілдеп келіп тынады. Шолпан қыздың жанарына таңғы шықтай мөлдіреп жас іркіледі. Ризашылығының белгісіндей, Шолпан орнынан тұрып, өз қолымен Мәменнің иығына шапан жабады. Осы жолы тартылған күй ел ішіне «Ақшолпан» деген атпен тараған екен.

Күй нотасымен таныстыру.

  1. Шығарманы орындап көрсету.
  2. Қандай штрихтарға баса назар аудару керектігін түсіндіру.
  3. Сырғи түсетін ноталарын тартып көрсету.

Бекіту. Жаңа тақырып бойынша сұрақтар қою.

Үй тапсырмасын беру. Мәмен «Ақшолпан» күйі 1-бөлім.

Бағалау. Оқушының дайындығына қарай бағалау.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *