Эссе “Менің педагогикалық философиям”


Математика пәні мұғалімі Мукатаева Гульмира Шариповна,Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласы, Қазақ орта мектебі КММ, Мектеп директоры: Исина Ырысты Олжабаевна

Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде,

күні бүгінге

дейін өзімді шәкірттей сезінемін.

Серке Қожамқұлов

 

         Әлемде ұстаз алдынан тәлім –тәрбие алмаған  адам жоқ сірә. Бұл  мамандық  содан  да  киелі.  Жан Жак  Руссоның  «Ұстаз  болу – өз  уақытыңды  аямау,  бас­қаның  бақытын  аялау»  деген  нақыл  сөзі жаныма  өте  жақын. Талай қоғам қайраткерлері ұстаздың тәлімімен алға қарай қадам басып, талай биіктерді бағындырған. Ең алғаш қолға қалам ұстатқызып, әліппені жаттатқызатын кім? Әрине, ұстаз. Ал сол мектеп қабырғасында жүрген кезінде шалалығыңды жасырып, балалалығыңды асыратын, тұла бойындағы пәнге деген қызығушылығын арттыра отыра, білім нәрімен шәкірттерін сусындататын   кім? Ол -ұстаз. Мен 1981  жылы ең алғаш мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа имене басып келгенде, қолымнан ұстап партаға отырғызып, басымнан сипаған ең алғашқы ұстазым  Оспанова Алма Есенқызы. Менің ол кісіге деген алғысым шексіз. Себебі, оқушы білімінің бастапқы іргетасы қалай қаланса, кейінгі болашақ өміріндегі жолдары жарқын болады. Бізге орта  буында саналы тәрбиесі мен білімін  бойымызға сіңіру жолында аянбай еңбек еткен физика және математика пәні мұғалімдері Казиева Жанар Төлегенқызы мен Абильмажинова Гулсара Ықыласқызының біз үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Біздің қуанған және мұңайған кезімізде жанымыздан табылып, анамыздай бізді аялаған, өздерінің пәндерін сүйіп , бізге де ұғындыра білген, өздерінің табиғатына лайық сабырлы мінездерімен баурап алатын қасиеттері біз үшін үлгі-өнеге. Ұлағатты ұстаздарымның пәнін сүйіп оқи отыра, мен ұстаздарым сияқты ұстаз болсам екен деп армандап, 1992 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің математика және физика факультетіне  түсіп, оны 1997 жылы тәтәмдадым. Қазіргі уақытта  Шал ақын ауданының  қазақ орта мектебінде математика пәнінен сабақ бергеніме, қарап отырсам 19 жыл болып қалған екен. Мектеп  ұжымындағы  әрбір  ұстаздың  бойында  болатын  төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы  қасиеттерді  бойыма  сіңірдім. Оқушының бойына  ақыл, білім  дәнін  сеуіп,  аялап,  көңілін  табуды,  алаламай  сүйе  білуді  үйрендім. Дана  халқымыз «Ұядан  не  көрсең,  ұшқанда  соны  ілерсің»  демекші,  «Ұстаздар  жанұясы»  болғанымыз  мен  үшін  үлкен бақыт.

Қыран  түлегіне  қайтпас  қанат  сыйлайды, ұстаз  шәкіртіне  талмас талап  сыйлайды»  демекші,  ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам  тұлғаны  қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты  дәрежеде  дамытады. Сондықтан  қоғам  дамуында  білім  беру ең маңызды  мәселе  болып  табылады. «Келер  ұрпақ алдында  зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір  тұлға  өмірінде  үлкен  тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын  мәңгілік  есінде сақтайды. Нағыз  мұғалім,  міне, осы. Өйткені, әрбір  мемлекеттің  өсіп өркендеуінің,  бәсекеге  қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен  көрінгісі  келген  кез келген  мемлекет  ең  алдымен, білім  беру саласын дұрыс  жолға  қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ  тәрбиелеу  жаңа  формация  мұғалімінің  еншісіне  тиері  анық. Жаһандану  заманында  ұлт­­тық  бәсекеге  қабілетті  болудың  көр­сет­кіші – білім  деңгейімен  өлше­неді.  Сондықтан,  әлемдік  білім  кеңістігіне  кірігіп, білім  беру  жү­йе­сін  халықаралық  биікке  көтеру  кезек күттірмейтін  өзекті мәселе. Бұл  мәселені  шешудің  кілті  ұстаз  қолында.  Өйткені,  ұстаз  ел­дің ертеңгі  тізгінін  ұстайтын  ұрпақ  тәрбиелейді.   Менің  түсінігімдегі  ұстаз – рухы  таза,  ой – өрісі  биік,  ұлты  мен Отанының  болашағы  үшін  тер  төгіп, шыдамдылық  пен  табандылықтың  үлгісін  көрсетуші,  өз  бойындағы  асыл қасиеттері  мен білімін  болашақ  ұрпақтың  бақыты  мен  кәдесіне  жаратып, қоғамды өрге  өркендетуші,  жа­ңа­шылдықтың  бастаушысы,  жү­ре­гі – жылы, көңілі дарқан  адам. Ұстаз  білгенін  үйретуші  ғана  емес,  тұла  бойы  тұнған өнеге,  ақ  тілеулі  ана  тәрізді  барлық  адам­ның  бойынан  жақсылық  іздейтін ізгі  ниет  иесі.  Шәкірті  өзінен  оз­ған  ұстаз  -еңбегі  ақталған  ұстаз.  Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін  шебер ұстаз   үз­дік­сіз  ізденісте  болып,  қоғам  сұ­ра­нысына  сай  білімді, шығармашыл, өзін – өзі  дамытып,  жетілдіре  алатын  болуы қажет  деп  ойлай­мын.  Мен  ұстаздықтың  ауыр  жү­гін  арқалауды  өз  жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұс­таз ретіндегі негізгі ұстанымым: Ба­ланы тұлға деп тану, оның  пікірімен  санасу,  оқушының кішкентай  қуанышын,  табысын  ба­ғалай білу. Ұстаздық  қызметте,  шәкірт­термен  қарым -қатынаста  ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне  көзім жетті. Қытай  философының  «Маған  жәй  айтсаң   ұмытамын,  көрсет­сең есімде сақтаймын,  ал  өзімді  іс – әрекетке  қатыстырсаң  үйренемін» деген  даналығы

білім   алу­шының білімге  ықыласын  атты­руда ақпараттық – комму­никатив­тік технологияларды  пайдалана  отырып, өзіндік  ізденіс  жүргізуді  практикада жүзеге  асырудың  маңызды  екендігін  көрсетеді. Сапалы  білім  негізі  жан -жақты  ақпараттық  материал­дар­ды, көрнекі  құралдар  мен  ұтым­ды технологияларды,  тиімді  әдіс -тәсілдерді пайдалана  отырып,  білім  алушыға ешбір  кітаптан  таба  ал­майтын  білім  беру.  Өйткені,  тек  оқулықтағы   білімді жеткізуші  мұ­ғалімнің  құны  жоқ  деп  ой­лай­мын.  Оқулықтағыны  оқушы  өзі де  оқып  алады. Сондықтан  бүгін  білім  берудің  сапалы  болуы  үшін: біріншіден,  ұстаздың  жан – жақты  академиялық  білімінің  бо­луы,  екіншіден, мұғалімнің  өз  ма­ман­ды­ғы­на  деген  шынайы  сүй­іс­пенші­лігінің  және  ешқан­дай  дипломмен  бірге  берілмейтін  шығар­машылық  қабілеті,  балаға  деген кіршіксіз  адамгершілік  қа­сиет­тері  болуы  шарт. Иә, қазір  жаңа  типті мектептер  салынып,  пайдалануға  беріліп жатыр. Дарынды  балалармен  жұ­­мыс  бағдарламасы  жүзеге  асу  үс­тінде.  Жастарды  шетелдерде  оқы­­­туға мүмкіндік  алдық.  Жаңа  буын оқулықтар,  электронды  оқу­лық­тар  білім беру ісіне  ене  бастады.

Осындай  жаңа  даму  үрдісі  ал­ға  басып  отырғанда  Елбасы Н.Назарбаев  «Болашақта  еңбек  ет­іп,  өмір  сүретіндер  -бүгінгі  мектеп оқушылары,  мұғалім  оларды  қалай  тәрбиелесе,  Қазақстан  сол  деңгейде болады. Сондықтан  ұс­тазға  жүктелетін  міндет  ауыр» – деген  еді.  Біз осы  сөзге  сай  болуымыз  керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *