Баяндама : “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында білім беру ұйымдарын басқару”


Ережепова Сайран Кадылканкызы
СҚО, Ақжар ауданы
“№2 Ленинград орта мектебі”
ағылшын тілі пәні  мұғалімі, мектеп директоры

Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Елбасы мемлекетімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енгізу туралы міндет қойған болатын. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы білім беру саласын жетілдіру бойынша Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында түбегейлі жаңа мақсаттар қойылып, білім саласы жеке жетілдіру бағыты ретінде көрсетілген. Өйткені, білім – ұлттың бәсекеге қабілеттігін арттырудың басты құралы болып табылады.

Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе «өмір бойы білім алу» қағидасы негізінде ерте балалық шақтан ересек жасқа дейін адами капиталға, атап айтқанда, білім беруге бөлінетін инвестицияның экономика мен қоғамға елеулі қайтарымы болатынын дәлелдеп отыр.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті тарапынан жаңа ұлттық пайымдау ұсынылады: 2020 жылға қарай Қазақстан – білімді мемлекет, ақылмен құрылған экономика және біліктілігі жоғары жұмыс күші. Білім берудің дамуы еліміздің болашақ экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени өркендеуі сүйенетін тұғырнамасы болуы тиіс.

Білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын іске асырудың ұйымдастырушылық негізі – қазақстандық білім беру саласын жетілдіруді жалғастырылуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды. Бағдарлама білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың ұйымдастырушылық негізі ретінде білім беру мен тәрбиенің, басқару жүйесінің, білім беру қызметі субъектілерінің құқықтық-ұйымдастырушылық нысандарының және қаржы-экономикалық тетіктерінің құрылымындағы, мазмұны мен технологияларындағы өзгерістерді қамтитын ресурстары мен мерзімі бойынша бір-бірімен өзара байланыстағы іс-шаралар кешені болып табылады.

Білім беру саласын жетілдіру бойынша 2011 жылы білім саласын дамытудың заңнамалық әрі идеологиялық негізі қаланған болса, 2012 жылы білім және ғылым саласында көптеген жаңартулар болды. Бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. 40-тан астам түбегейлі жаңа базалық механизмдердің көпшілігі тәжірибеге енгізілді. Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде «Балапан» бағдарламасының арқасында балаларды қамту 2011 жылдан екі есе өсіп, 71,5%-ға жетті. Екі жыл ішінде бұл көрсеткіш бойынша дамыған елдердің деңгейіне жақындаймыз (80% жуық). Мемлекеттік – жеке әріптестік, жан басына қаржыландыру механизмдері іске қосылды

Елбасы тапсырмасына сәйкес  «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру 2020 жылға дейін жалғасатын болады. Бұл міндет  жергілікті және орталық органдармен өзара тығыз әріптестікке тікелей байланысты болмақ. 2011 жылы мектебімізде  «Айгөлек» шағын орталығы өз жұмысын бастады. Жұмыс тәртібі толық күнмен, тәрбиеленуші саны – 25.

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін Қазақстан жастарымен жас ұрпақтарынан бастап жоғарғы сауатты елге айналуы керек. Білім беру саласындағы басымдықтардың бірі жастар саясаты және оны мемлекеттік қолдау және реттеу болып табылады. Жастар саясатында Елбасының тапсырмасы бойынша дамудың жаңа бағыты қабылданды. Басқарудың жаңа моделі құрылды.

Қазіргі таңдағы еліміздегі өзгерістер, тұрақты дамудың жаңа стратегиялық бағыттары және қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы, қарқындылығы білім беруге қойылатын талаптарды  түбегейлі өзгертті. Бұл білім беруді жаңарту педагогтардың жауапкершілікті түсінуі мен олардың кәсіби деңгейіне және білім беру үдерісіндегі көптеген мәселелерді шешуге қосқан үлесіне байланысты. Он екі жылдық білім беруге көшуге байланысты Қазақстан Республикасының әлемдік білім беру кеңістігіне енуі, педагогтар қауымынан кәсіби міндеттер мен оны жүзеге асыруда жаңаша көзқарасты, яғни инновациялық қызметті талап етеді.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру  – он екі жылдыққа көшу және кәсіби міндеттерді өздігінен, шығармашылықпен шеше алатын, қызметтің жеке және қоғамдық мәнін түсінетін және оның нәтижесіне жауапты қарайтын құзырлы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім берудің тиімді жүйесін құруды көздейді. Бүгінгі күні облысымызда 12  жылдыққа экспиремент түрінде көшкен метктептер болса, аудан мектептері әлі көшкен жоқ.

Жоғарыда аталған іс-шараларға еліміздегі білім беру саласын дамытуда мемлекет тарапынан зор қолдаулар табылып, реттеліп жатыр. Сондай-ақ, қазіргі таңда білім берудің жаңа үлгісін ендіру тұлғаны дамыту үдерісі ретінде тәрбиеге баса назар аударылуда. Соған байланысты мұғалім мен оқушының тұлғалық-бағдарлы өзара қарым-қатынасы маңызды орын алып отыр. Мұнда тұлғаны рухани тәрбиелеуге, адамның адамгершілік жағынан келбетінің қалыптасуына ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, білім беру факторларының: мектеп, отбасы, әлеуметтік ортаның кірігуі көзделеді.

Еліміздегі білім беру жүйесін жетілдірудің басты мақсаты – еліміздегі білімнің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.

Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылып, шешімі табылады деп ойлаймыз:

  • оқу процесіне заманауи әдістемелер мен технологияларды енгізу;
  • «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесін қазақстандық білім беру жүйесіне тарату;
  • педагогикалық кадрлардың кәсіби дайындық деңгейін арттыру;
  • педагогикалық базалық білім беру стандарттарын, мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларының біліктілігін арттыру талаптарын жаңарту;
  • мектепке дейінгі тәрбиенің жаңа сапасына көшу. Қазіргі кезде әлемде мектепке дейінгі тәрбие мектепке дейінгі білім беруге ауысуда. Балаларды ерте жастан оқытуға көшу жүзеге асуда;
  • кадрлар даярлауды экономика қажеттілігіне сәйкес келтіру;
  • білім саласына әлемнің үздік жетістіктерін енгізу;
  • Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін дамыту;

Білім беруді жаңарту оқушылардың білімін ғана емес, оларды қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын  немесе құзыреттілігін қалыптастырады.

Мен Қазақстан Республикасы жалпы білім беру ұйымдары мектеп басшыларының біліктілігін арттыру курстарының Бірінші деңгей бағдарламасының оқуын аяқтадым. «Деңгейлі бағдарламаның мақсаты XXI ғасырда мемлекеттік мектептер жүйесінде жұмыс істейтін мұғалімдер Қазакстан жастарына жаһандық оқушыларға айналуға көмектесе алуы үшін олардың кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады. Деңгейлі бағдарламадан күтілетін нәтижелер: мұғалімдердің өз оқушылары тәуелсіз, мақсатқа ұмтылғыш,өзін жігерлендіре алатын,сенімді,жауапкершілігі мол және сын тұрғысынан ойлай алатын оқушы болуға ықпал ететін білім беру үдерісінің бір бөлігі ретінде оқушыларға “қалай оқу керектігін үйрену”қабілетін меңгеруге көмектесу үшін жеткілікті көлемде хабардар болуы.»  Сонымен қатар 2012 жылдан бастап мектебіміздің 8 мұғалімі 3 деңгейді аяқтаса, 2 мұғалім 1 деңгей бағдарламасын аяқтады.  Бұл біздің мектебіміз үшін үлкен жетістік.

Қазіргі кезде мектеп директорлары үшін де, мұғалімдер үшін де ең басты, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және екіншісі: «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырда өмір сүруге қалай дайындайды?» Ағымдағы тәжірибеде әр мектептің алдына қойған мақсаты білім беру. Сондықтан бүгінгі күні білім берудегі заманауи тәсілдердің ерекшелігі – оқушыларға тек қана дайын білімді беріп қоймай, оны өздігінен қолдана білуге дағдыландыру маңызды.

«Мұғалім мен директор арасындағы сенімнің орнауына және оның үнемі болуына мән беру керек. Мұғалімдер бәрінен де көшбасшылық бөлінетін,жауапкершілік ортақ болып табылатын және директор мен орта буын көшбасшылары,мұғалімдер командасы,жеке мұғалім арасында бөлінетін командада өте жақсы жұмыс істеп,жақсы нәтиже көрсетеді»  деген мәліметке сүйене отыра өзгеріс енгізу тобын құрдым. Өзгеріс енгізу тобына мектеп әкімшілігінен басқа тәжірибелі мұғалімдер, бірлестік жетекшілері енді. Әріптестеріммен МДЖ-н талқылап, іс шаралар бойынша жауаптыларды бекіттік. Мектептің бірінші, үшінші,  деңгей өткен мұғалімдерінің жауапкершілігі бұл жерде маңызды деп санаймын.

Мектебіміздің  әлсіз жақтарын ескере отырып, перспективті жұмыс жоспары және жылдық даму жоспарын жасағанда тек мектеп әкімшілігі ғана емес, озат және тәжірибелі ұстаздар қатысады.

Біздің де мектеп оқушыларымыз  келешекте еліміздің әлеуметтік – экономикасының дамуына өзіндік үлес қоса алады деген сенімдеміз. Сол мақсатқа жету үшін мектебіміздің даму жоспарымыздың  іске асыруына әр ұстаздың  өз үлесін қосуын  оның  қасиетті міндеті деп санаймын.

Елбасының тапсырмасы бойынша оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Қазіргі заман талабы – көптілді оқыту және көптілді меңгерген маман даындау. Бұл бағыт бойынша жұмыстар басталып, жүргізілуде. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухы, рухани байлығы.Тіліміздің дамуы, қоғамдағы орнын нығайту және қалпына келтіру жолында білім саласының жауапкершілігі ерекше. Қазақ тілі барлық мектептерде оқытылады. Оқушылардың 60%-дан астамы қазақ тілінде  білім алады. Мұндағы басты мақсат – барлық бітірушілердің қазақ тілін жақсы меңгеріп шығуы. 2013 жылдың 1 қыркүйегінен бастап  1-сыныптан ағылшын тілін оқыту енгізілді. Мектебімізде 1-2 сыныптарда ағылшын сабағы оқытылады. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында  бүгінгі білім берудің барлық деңгейлерінде көптілді оқытуды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленуде.

Қазіргі таңда білім беру саласын жетілдіру мақсатында «E-learning» электронды оқытуды  дамыту жобасына 600-ге жуық мектеп қосылды. 2020 жылы мектептердің 90%-ын қамтитын болады. Алайда, мұндай  оқудың тез дамитынын ескеру керек. Осы жағдайларды ескеріп, әлемдік трендтерді үнемі қадағалап, уақытылы түзетулер енгізіп, заманға сай жаңа білім беру жүйесіне келуіміз қажет.

Білім беруді жетілдіру – қазіргі кездегі оқу-тәрбие процесін оқушылардың патриотизмін, мораль және адамгершілік нормаларын, ұлтаралық келісім мен төзімділігін, физикалық және рухани дамуын, заңды құрметтеуін қалыптастыруына бағыттайды. Бұл құндылықтар қазіргі тәрбие жұмысының негізі болуы тиіс.  Осыған орай, Министрліктің жанынан ашылған «Жастар ісі комитеті» жұмысының бағыты айқындалып, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында «Мемлекеттік Жастар саясаты туралы» Заң жобасын әзірленді. Негізгі бөлімдерде аталған барлық атқарылып жатқан шаралардың ұтымды іске асырылу елеміздің білім беру саласының дамып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуда жемісін берері мол.

Осылайша, білім берудегі ахуалды талдау мыналарды көрсетеді.

Күшті жақтары:
–  білімді дамытудың нақты айқындалған басым бағыттары;
–     мектепке дейінгі және орта білім объектілері желісінің ұлғаюы;
– білім берудің әрбір деңгейі бойынша ұлттық және республикалық    орталықтардың болуы;
–  қазақстандық білім беру құрылымының Білім берудің халықаралық стандарты жіктеуішімен сәйкестігі;
– техникалық және кәсіптік білімді қайта құрылымдау;
– Ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесінің қызмет етуі;
– TIMSS – 2007 халықаралық зерттеуіндегі жоғары көрсеткіштер;
–  Еуропалық білім беру кеңістігіне кіру.

Әлсіз жақтары:
білім беруді қаржыландырудың жеткіліксіздігі;
педагог кәсібі мәртебесінің төмендігі;
педагог кадрларды даярлау сапасының жеткіліксіздігі;
жоғары білікті педагог кадрлардың тапшылығы;
балалар құқықтарын қорғау мамандарының саны жеткіліксіз;
білім берудегі менеджменттің нашар дамуы;
білім беру саласында мемлекеттік – жеке-әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жүйесі толық дамымаған;
білім беруді ақпараттандырудың нашар дамуы;
білім беру статистикасы халықаралық стандарттарға сәйкес емес және білім алушыларға қолжетімсіз;
мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен төмен қамтылуы;
жалпы орта және жоғары білім мазмұнының бірігуінің жоқтығы;
білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының нашарлығы;
ШЖМ ұсынатын білім беру қызметтері сапасының нашарлығы;
инклюзивті білімнің нашар дамуы;
ұлттық біліктілік жүйесінің жоқтығы;
колледждер мен ЖОО бітірушілерінің біліктілігіне білім беру жүйесінің ұсынысы мен жұмыс берушілердің сұранысының арасындағы теңдіктің жоқтығы;
жоғары білім мен ғылымның ықпалдасуының жоқтығы.

Мүмкіндіктер:
Мемлекет үшін:
қазақстандық білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
адами капиталдың сапасын арттыру;
балалардың өмір сапасының әлеуметтік құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету;
еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру;
ұлттық экономиканы тұрақтандыру;
халықаралық ұйымдар мен жұмыс берушілер тарапынан білімді инвестициялық қолдау;
білім беру саласында басқарудың жаңа тиімді әдістерінің пайда болуы;
оқушылар арасында спортты өрістету;
бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;
білім беру саласының қолжетімділігін, тартымдылығын, сапасын, ашықтығын арттыру;
ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз ету;
халықаралық рейтингтердің көрсеткіштерін жақсарту;
ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру.

Ата-аналар үшін:
білім беру ұйымдарын таңдау мүмкіндігі;
білім беруді басқаруға қатысу;
мектепке дейінгі тәрбиенің және оқытудың еркін қолжетімділігін қамтамасыз ету;
баланың жетістіктері туралы қашықтықтан ақпараттық хабарландыру арқылы ата-ана – білім беру ұйымы – бала байланысын жүзеге асыру.

Педагог үшін:
педагог кәсібінің тартымдылығы;
мансаптық өсу жүйесін қамтамасыз ету;
барлық қызмет аясында білім алу, оның ішінде шетелде және кәсіптік құзыреттілікті дамыту.

Білім алушылар үшін:
баршаға бірдей сапалы білімге қол жеткізу;
үздік білім беру ресурстары мен технологияларына қол жеткізу;
коммуникативтік және кәсіптік құзыреттілікті дамыту.

Қауіп-қатер:
білім берудің жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізбеу;
педагог еңбегінің төмен уәждемесі, мұғалім кәсібінің беделсіздігі;
педагогтердің басым бөлігі даярлығының төмен деңгейі;
педагог кадрлардың өздігінен білім алуға және кәсіби өсуіне ұмтылысының жеткіліксіздігі;
электрондық оқыту жүйесін қолданудағы пайдаланушылардың төмен уәждемесі;
демографиялық процестерге (туудың өсуі) және көші-қон жағдайларына байланысты мектепке дейінгі ұйымдардан орын алуға кезек пен оқушы орны тапшылығының өсуі;
білім сапасының нашарлауы;
білім беру ұйымдарын пайдалануға беру мерзімдерінің бұзылуы;
апаттық деп танылған мектептер санының ұлғаюы;
мүмкіндігі шектеулі балалардың және мүгедек балалардың көбеюі;
еңбек нарығында мамандарға деген болжамның жоқтығы;
саладағы еңбекақы деңгейі мен елдегі жалақының орташа деңгейінің арасындағы сәйкессіздіктен туындаған техникалық және кәсіптік білім жүйесінен кадрлардың кетуі;
Қазақстанның ЖОО-да білім алуды қалайтын шетел азаматтары санының қысқаруы;
өзінің ғылыми әлеуетін іске асырудың анағұрлым қолайлы перспективаларын іздеумен ғалымдардың басқа мемлекеттерге кетуі;
ғылымға жастардың аз келуі;
бағдарламаны іске асыру барысында қоса орындаушылардың үйлессіздігі.
Осылайша, аталған бағдарлама білім беру жүйесін одан әрі жаңғыртуды және оның еуропалық деңгейге шығу перспективаларын болжайды.

Қорытындылай келе, Елбасы қойған міндеттерді шешу үшін 2011-2020 жылға дейінгі білім беру бағдарламасын ойдағыдай орындап, білімнің барлық саласы– нәтижеге және елдің, оның экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға жұмыс істеуі қажет. Білім беру саласының жетілдіру арқылы еліміздің жастары мен жас ұрпағы, шет мемелекеттерінің білім беру жүйесі талаптарына сай, жоғары бәсекеге қабілетті мамандары болмақ.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *