«Мүмкіндігі шектеулі балаларды тузете-дамытудың жолдары»


Садыкенова Майя Зикенқызы

«Аксу қаласының №3 арнайы жалпы білім беру мектеп-интернат» ММ

Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі

    Елбасы Н.Назарбаевтың 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат,
бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында даму мүмкіндігі шектеулі
адамдарға қолдау мен көмек көрсету мәселесіне арнайы тоқталғаны белгілі.
Атап көрсетсек, «…мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу
керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес,
ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам
алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады» – деген болатын.
Бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сол азаматты болашақ өмірге бейімдеу, дені сау адамдардың арасында өздерін жәйлі сезіну үшін қолайлы атмосфера қалыптастыру – білім беру ұйымдарының, яғни біздің   міндетіміз болып табылады.

Әр адам қайталанбас тұлға болып есептеледі, сондықтан адам,
адамгершілік тұрғылық қарым-қатынасқа құқылы. Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға енгізудің негізгі бір факторы, ортаны мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдауға дайындау. Мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізудің екі жолы бар. Бірінші жолы, баланы қоршаған ортаға бейімдеу. Бұл жолдың кемшілігі – біржақтылығы. Бұл жолмен керекті нәтижеге жету мүмкін емес, әлеуметтену процесі екі жақтылы болуы керек. Бұл дайындық процесінде интеграцияның объектісі ғана емес, сонымен қатар белсенді субъектісі болу керек. Екінші жолы мүмкіндігі шектеулі баланы әлеуметтік ортаға енгізу дайындығымен бірге, әлеуметтік ортаны мүмкіндігі шектеулі баланы қабылдауға дайындау. Негізгі факторы да осы. Лев Семенович Выготский: «Бала бойындағы кемістігін
толықтырудың екі түрлі ерекшелігі бар, оның бірі – бала психикасының даму шамасына орай тәрбие талаптары, екіншісі – кемістігін қалпына келтірудегі өз бойындағы ерекшеліктері мен мүмкіндіктері» – деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, ол бала бойындағы кемістікті әлеуметтік жолмен толықтыруға болады деді, ол үшін кемтар балаларға үнемі қамқорлық көрсетіп, оқыту мен тәрбиелеу істерін жүйелі түрде жүргізіп отыру керектігіне ерекше мән берген. Дегенмен, «ерекше» балаларды оқыту мен тәрбиелеу және әлеуметтендіру күрделі мәселе екені бізге анық.
Психофизиологиялық ауытқушылықтары бар балалармен психологиялық-
педагогикалық оқытудың тәрбиелік сипаты, көрнекілік, жеке ықпал ету
сияқты жалпы дидактика принциптерімен қатар арнаулы педагогикадағы
түзете-дамыта оқыту және практикалық бағытта оқыту принциптерін
басшылыққа алады. Дегенмен, осы балалармен жүргізілген жұмыстардың  нәтижелілігі қосымша факторларға да байланысты. Ең алдымен, оқу
сабақтарының балаларды қоғамдық тәртіп ережелеріне, белсенділіктерін
дамытуға, коммуникабельдік дәрежесіне сәйкес келуі үлкен орын алады.  Сонымен қатар, барлық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері арасындағы
байланыс, яғни бір тақырыптың түрлі пәндерде қаралып, түсіндірулермен
қатар, жағымды тұлға қасиеттерін қалыптастыруда еңбекке оқыту, еңбекке
баулу ерекше маңызды. Практика барысында балаларда болашақ әлеуметтік
бейімделуіне өте маңызды ұжымда бірлесе жұмыс істеу, еңбек етуге деген
икем, жауапкершілік сияқты адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Жеке тұлғаны әлеуметтік бейімдеу сабақта және сабақтан тыс уақыттардағы ұйымдастырылған сабақтар мен экскурсияларда өткізіледі. Сабақ барысында арнайы құрылған жағдаяттар бойынша балалар қажетті тұрмыстық икемдерді, қоғамдық тәртіп ережелерін игереді. Ол үшін сабақтан тыс уақыттарда «Дүкенде», «Шаштаразда», «Автобуста» т.б. сияқты сюжетті-рольді ойындар өткізіледі. Балаларға белгілі бір жағдайда қалай жасау керектігін бірнеше рет қайтара көрсету керек. Бірнеше қайтара жаттығу, жүйелі қойылатын талаптар балаларда қоршаған ортаға икемделуге көмектесетін жағымды әдеттерді шыңдайды. Ал, танымдық әрекеттерін дамыту олардың жеке бас қасиеттеріне әсер етеді. Жас ерекшеліктеріне сай балалар еңбек әрекетін сәйкес бағалай алады, орындаған жұмысының сапасына да жәй қарамайды. Тапсырманы жаман орындаса қынжылып, ал жақсы бұйым жасаса жолдасына, тәрбиешісіне көрсетіп, мадақтауды ұнатады. Балалар осылайша еңбек әрекетіне қатысудың маңыздылығын түсіне бастайды. Бұның бәрі балалардың тұлғалық қалыптасуы туралы айта отырып, олардың өмірлеріндегі еңбектің рөлі мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына әсер етеді.

Тәрбиеленушілерді әлеуметтік оқыту барысында көрнекі құралдар негізгі
тиімді әдіс болып табылады. Бұл жерде көрнекілік шынайылық деген
мағынаны білдіреді. Педагог балаларды экскурсия, сюжетті-рольді ойындар, ертегі қойылымдар, театрландырылған қойылымдар барысында сыртқы ортаның қасиеттерімен, құбылыстарымен таныстырады. Бұл балалардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өздеріне қызмет ету, тұрмыста және арнаулы өндірісте қиын емес еңбек операцияларын орындауға, мүмкіндігінше қоршаған ортаға икемделуге бағытталған жұмыстар. Осындай жұмыстар барысында дамуында проблемасы бар балалар белсенділік көрсетіп, өз беттерінше жұмыс істей алуға, түрлі жағдаяттар барысына сай әрекет етуге, өзін өзгелердің бағалауына парапар ұстауға үйренеді. Түзету жұмыстары барысында жасаған жұмыстарына сын көзбен қарауға үйреніп қана қоймай, салыстырмалы түрде бағалауға, өзгелердің сындарын қабылдай және текшелей алуға, керек кезінде жолдастарын қолдауға, көмек қолын созуға үйренеді.

Ерекше балалардың қоғамдық өмірге араласулары үшін әлеуметтік-
тұрмыстық білім мен икемдерін қалыптастыру екенін назарда ұстай отырып, педагог арнайы сабақтарда балалардың қоғамдық орындарда өздерін ұстай алу, қажетті хабарламалар мен жарнамалық ақпараттарды түсіне бастауға үйрету керектігін де басты назарда ұстайды. Мысалы, жаяу жүргіншіге арналған белгілер, ойнауға тиым салынатын белгілер, жақын жердегі асхана, емхана бар екені туралы айтатын белгілерді көріп, керегіне жарата алу, кез-келген жағдаяттан шығатын жол болатынын түсіндіру әрине білім беру барысында алатын біліммен байланысты.

Мүмкіндіктері шектелген балаларда қоршаған орта туралы сәйкес түсінік
қалыптастыру көп жағдайда педагогтың оқыту мен тәрбиелеудің түрлі әдістері мен формаларын қолдана отырып, дұрыс педагогикалық процесс
ұйымдастыруымен анықталады. Ерекше көзқарасты қажет ететін балардың
дамуы оқу мен тәрбие барысында практикалық әрекеті негізінде құрылады.
Сондықтан, бұл балаларды өмірге бейімдеу экскурсия және сабақтар, түрлі
ойындар формасында ұйымдастырылып, бала дамуында жетекші орын
алады. Егер ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде «Тағамдар», «Дүкенде»
тақырыптары өтілсе, сабақтан тыс уақыттарда тақырыптық эксурсия өткізудің маңызы ерекше. Бірақ балалар белгілі бір объектіні сырттай бақылап қана қоймай, ересектердің әрекеттеріне еліктей отырып, өздері де жас шамаларына қарай әрекет ете алатындай етіп ұйымдастыру өте маңызды. Мысалы, дүкен жұмысын бақылаудағы экскурсиялар балалар сауда залдарында жүріп түрлі бөлімдерді белгілер арқылы анықтауға болатынын, сатушыдан керектерін сұрауға, дүкендегі қалыптасқан қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға үйренетіндей және өздері әрекет жасайтындай етіп жоспарлану керек. Мұндай экскурсия үлкен, егжей-тегжейлі ұйымдастыру жұмыстарын қажет етеді. Егер педагог әрбір ұйымдастырылатын әрекет, іс-шаралардың білімділік, дамытушылық, тәрбиелік мақсатын, алынған материалдарын игертіп қана қоймай, балаларға (экскурсия барысына есеп беру, әңгіме жазу немесе бір оқушының әрекеттерін сипаттау) т.б. тапсырмалар жүйесін дайындаса, бұл мүмкіндіктері шектелген балаларды өз ісіне, жұмысына, берілген тапсырмаларды орындауға дағдыларын қалыптастырумен қатар, балаларға үлкен жауапкершілікті сезіне бастауға дайындап, жүктей бастайды. Мысалы, төменгі сыныптарда ұйымдастырылатын ойындардың өзінде жеке баланың әрекеті барлық ұжымның әрекетімен тікелей байланысты екенін түсіндіру. Яғни, «Кітапханада» ойыны барысында бір бала кітапханашыдан керек кітабын сұрамаса, кітапханашы ол балаға керек кітабын тауып баре алмайтынын, ойын ережесін қатаң сақтау керектігін түсіндіру. Ал ойын ережесі сақталмаған жағдайда ойын барысы осы жерден үзілетіні туралы түсіндірілумен қатар, ережені сақтамаудың себебі мен салдарын түсіндірудің де маңызы ерекше. Тәжірибе мүмкіндіктері шектелген балалар жүйелі жүргізілетін психологиялық-педагогикалық жұмыстар нәтижесінде компьютерде, қылқаламмен көптеген әдемі туындылар жасай алатынын, т.б. белгілі бір еңбек даярлығын, кейін түрлі өндірісте ұжыммен бірлесе отырып, мүмкіндігіне сай айналыса алатын еңбек түрін анықтай алатынын көрсетіп отыр.

Бір сыныпта бес мүмкіндігі шектеулі бала болатын болса, әрқайсысының қабылдау деңгейі әр түрлі. Бірі түсінгенді екіншісі түсінбейді, бірін – бірі тыңдағысы келмейді, сабақтың өзін көңіл – күйіне қарай қабылдайды. Бұл балаларға қатты сөйлеуге болмайды, тек асқан шыдамдылықпен баланың тілін таба білу керек. Яғни, сабақ түсіндіру барысында әр балаға қабылдау деңгейіне қарай түрлі тәсілді қолдану керек. Баланың ақыл – ойының дамуы тек белгілі бір білім көлеміне емес, танымдық іс – әрекет, яғни баланың жанына жақын заттарды еске сақтату, ойландыру, елестету, бала бойындағы түрлі қабілеттерін дамытумен

тығыз байланысты.

Педагогикалық процестiң сапасын жоғарылатудың тиiмдi жолы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету қызметі мамандарының өзара байланысы мен бiр-бiрiнiң сабағына қатысу мен баланың қалыптасуы туралы талқысы және зерттеу қорытындыларымен өзара алмасу болып табылады. Мұндай бағыт бiрнеше қызметтерді қоса атқарады, яғни тәжiрибемен алмасу, бақылау, өзiн-өзi бақылау, кеңес беру.

Қорыта айтқанда, бала − ата-ана − педагог, отбасы және білім беретін ұйымдар арасындағы сабақтастықтың ойдағыдай жүзеге асуы тұлғаның әлеуметтік бейімделуінің алғы шарттарының бірі болмақ. Біз, балалар үшін бала өз әрекетінің қатысы мен керектігін сезінетіндей
жағдай жасауымыз керек.

Жүсіпбек Аймауытов «Мұғалім істеген ісі өнімді, берекелі болуын тілесе,
әуелі өз қызметін шын көңілмен жақсы көрсін» деген екен. Олай болса, өз
мамандығын шексіз сүйе білген маман иесі ғана үздіксіз ізденіс пен асқан
шыдамдылық, қажырлы еңбектің арқасында баланың біліміне, оның
болашағына үлкен сәулесін түсіріп, бала өмірін дұрыс бағытқа бағыттары
сөзсіз.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Қазақстан Республикасындағы Білім беруді дамытудың
    2011 -2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

Астана.2010 ж.

  1. Мухина В. С. Детская психология. – М., 1985.
  2. Ахмедалиева, Д. У. Мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмысты
    ұйымдастыру // Әлеуметтік педагог. – 2010.-№1. – . 15-17б.
  3. Алферова Г. В. Новые подходы к коррекционно-развивающей работе с детьми с ограниченными возможностями здоровья. Дефектология – 2008- №3.
  4. Арнайы педагогика А.Байтурсынова.
  5. Кушербаев А. Психикалық дамуы тежелген балалармен жүргізілетін түзете дамыту жұмыстарының ерекшеліктері //Дефектология. 2011. №3. 17 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *