Жазбаша тіл дамыту жұмыстары


Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы

№ 41 жалпы орта білім беретін мектептің

бастауыш сынып мұғалімі

Камзина  Гүлза  Сайлауғалиқызы

АҢДАТПА

Бастауыш сыныптарда жазбаша тіл дамыту үшін шығарма, мазмұндама жазу жұмыстары арқылы іске асырылады. Мазмұндама мен шығарма балалардың сөздік қорын, ойлау қабілетін, түсінігін, өресін, жазу мәдениетін дамытуға бағытталады. Оқушылар оқығандарын ауызша баяндағанда бір тақырып төңірегінде сөйлетіп қоймай, келешекте шығарма жазатындай етіп ойластыру керек. Сол себепті бастауыш сынып мұғалімдері ретінде өз бағдарламамызды ұсынып отырмыз.

Жазбаша тіл дамыту жұмыстары

Бастауыш сыныптардағы шығарма, мазмұндама жұмыстарының көлемі көбіне шағын болады. Солай болғанымен бағдарламада байланыстырып сөйлеуге шығарма мен мазмұндама жазуға арнайы уақыт бөлінген. Балалар оқыған шығармаларын қарапайым талдау жасаумен, анығырақ айтқанда шығарма кейіпкеріне мінездеме беру үшін материал іріктеп алу, олардың іс-әрекеттеріне баға беру, мәтіннен қанатты сөздерді теріп алу сияқты дағдыларды да меңгереді. Оқушылардың айналадағы өмір туралы түсінігі мен ұғымын дұрыс қалыптастыру – оқу сабағының аса маңызды міндеті. Бұл міндет балаларды нактылы заттармен, адам өміріне және табиғат тіршілігіне байланысты фактілермен әр түрлі құбылыстармен үздіксіз және белгілі бір мақсатпен таныстырып отыру арқылы жүзеге асырылады.

Шығарма дегеніміз – белгілі бір тақырып бойынша өз ойын жоспарлы баяндау. Шығармаларды мынадай топтарға жіктеуге болады:

1) оқушылардың оқыған, яғни естіген әңгімелеріне байланысты:

2) саяхатқа шыққаны бойынша;

3) өнер саласына (сурет, кино, т.б.) байланысты.

4) оқушылардың өз іс – әрекетіне (ойын, еңбек, т.б,) байланысты. Оқушылардың оқыған, яки естіген әңгімелеріне байланысты шығарма жұмысы кезінде сөйлемді дұрыс құру дағдысын қалыптастыру үшін оларды үйде немесе сыныпта оқыған шығармалары үлкендерден естіген ертегі, әңгімелері бойынша сөйлетіп үйретудін пайдасы зор.

Шығарманын бұл түрінің білімділік, тәрбиелік мәні зор. Мұндағы ұтымды мәселенің бір ұшы бала өзін қоршаған айналаға сын көзбен қарап, жақсы мен жаманды, еңбекқорлық пен жалқаулықты, кішіпейілділік пен дөрекілікті байқайды. Балаларды сөйлеткенде олардың сөйлемдері қысқа әрі түсінікті, жүйелі құрылуына назар аударып, айтып отырған әңгімелеріне үйренген жаңа сөздерін кірістіре сөйлеуін қадағалап, кейін осы сөздерді шығарма жазғанда да қолдануға болады. Ол үшін жетекші сұрақ қойып отыру керек. Оқушылардың оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұны бойынша шығарма жаздыруға болады.

Адам мәдениеті деңгейінің, ой өрісінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – сөз. Бала түйсігіндегі жекеленген сөздер бірте-бірте байып, күрделеніп, қолданысқа еніп отыруы тиіс. Өйтпеген жағдайда сөздік қоры жұтаң адамның қоғамдық өмірге белсене араласа алмайтыны сияқты, сөздік қоры қалыптаспаған оқушыдан нәтижелі сабақ үлгерімін күту де бекер.

Бастауыш сынып оқушысының тілін дамытудың ұтымды құралы – шығарма. Нақ осы шығарма жазу кезінде ғана оқушы өмірден көргенін оралымды сөзге айналдыруды үйрене алады. Шығарма, бірінші сыныптағы ауызша шағын хабар, әңгімеден бастап оқу-тәрбиелік маңызы мен қатар оқушының тұлғалық қалыптасуына, өмірлік белсенділігін арттыруға септігін тигізер жоспарлы да мағыналы ақыл-ой жұмысына айналуы тиіс. Өйткені ол оқушының ой дербестігін, белсенділігін, іске берілгендігін, текске өз жанынан бірдеңе қосуын қажетсінетін жұмыс. Шикізат даярлау, оны жүйелеу, әңгіменің, шығарманың композициясы мен жоспарын ойластыру, сөз іріктеу, логикалық байланысқа түсіру, сөйлем құрау, емле қатесін тексеру- осының бәрі шығарма жазу кезінде соқпай өтуге болмайтын процестер. Әсіресе, 1-2 сыныптарда өз ойындағысын жазбаша білдіру балаларға біраз қиынға соғады. Осындай қиындықтың салдарынан шығарма, мазмұндама жұмыстары жүргізілмей қалады.

Шығармада тілдік теория ауызекі тәжірибемен ұштасып, оқушы оны сабақтық алуан деп сезінбей өз ойын жазбаша түрде дұрыс бейнелеу құралы ретінде қабылдайды. Ауызша шығарма да, жазбаша шығарма да материал дерегіне, дербестік деңгейіне, әзірлену тәсіліне, жанрына, тіл ерекшелігіне қарай бірнеше түрге жіктеледі. Шығарманы сондай-ақ тақырыбына қарай да топтауға болады. Мәселен, туған жер табиғаты – өзендер, көлдер, ормандар, жануарлар, өсімдіктер, т.б. Еліміздегі адамдар еңбегі – кітапхана, мектеп, дәріхана, дүкен т.б. шығарма арқылы баланың өздігінен қорытынды шығарып, пікір айтуға қабілеті қалыптасады. Бұл жұмыс баланы бақылауға үйретіп, шығармашылық  қиялын дамытады. Шығарма жаздыру үшін белгілі бір мақсатпен іріктелін алынған тақырыптар оқушылардың дүниесін көзкарасын қалыптастырады. Шығарма, мазмұндамадай емес, оқушыға ана тілінде айтайын дегенін еркін баяндауға, сөздік қорын сарқа пайдалануға мүмкіндік береді.

Бастауыш сыныпта шығарманың нағыз қарапайым, оңай түрлері жүргізіледі. Дегенмен оқушыларға шығарма жаздырып үйретуде белгілі бір көзделетін мақсат, оңайдан басталып, бірте-бірте қиындай берушілік, жүйелік болуға тиіс.

Бастауыш сыныптарда жаздырылатын шығарманы, мазмұны мен тақырыбына қарай топтастырып жүйелегенде, негізінен төртке белуге болады.

  1. Оқыған, естіген әңгімелер негізінде;
  2. Табиғат құбылыстарын бақылау негізінде;
  3. Өмірінде кездесетін оқиғаларға байланысты;
  4. Өнер саласына байланысты.

Алғашқы кезде балалар шығарманы ауызша құрап үйренеді. Олар ауызша шығарма құрау дағдыларын меңгерген кезде шығарма жаздырылады.

  1. Оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің мазмұнын сақтай отырып, өз сөздерімен еркін шығарма жазады.
  2. Оқушылар оқыған немесе естіген әңгімелерінің үлгісіне еліктеп, өздері ойдан шығарып жазады. Дұрыс ұйымдастырылса бұл жұмыстың екеуінің де пайдасы мол.

Бұл оқушының шығармашылық қиялын дамытады. Оның тілін ұстартып, ойын жүйелі баяндауға төселдіреді.

Баланың шығарманы сәтті жазуы үшін айқын, «тар» нақты тақырып керек. Егер оқушыларға «Күз», «Қыс» секілді ауқымды тақырып берілсе, онда олар мұндай қомақты дүниеге кездескенде абыржып, оны кен түрде қамти алмайды.

«Күз» тақырыбының ауқымдылығы сондай оқушы өрісінің жетпеуі өз алдына, шығарма көлемінің шағындығы-ақ күз табиғатын кеңірек қамтуды көтермейді. Тар тақырып оқушыны өзіндік дербес жұмысқа тиянактылық пен нақтылыққа үйретіп, ол деректерді іріктеп ретімен орналастырып, шығарманы жеңіл жазып шығады.

Оқыған әңгіменің негізінде шығарма жаздыру үшін мұғалімдер бұрын көргендерін, естігендерін еске түсіру мақсатында балалармен қысқаша әңгіме өткізеді. Мысалы, «Ана тілінен» «Жаңбыр» өлеңін оқып, соның негізінде «Жаңбырдың пайдасы» тақырыбына шығарма жаздыру керек болса, балалардың оқыған материалдарына қосымша жаңбыр жөнінде не білетіндерін сұрайды. Егер балалар білетіндерін өздіктерінен айта алмаса:

  1. Жаңбыр жауарда аспанды не басады?
  2. Жаңбыр көп жауғанда, егін қалай өседі? Шөп қалай өседі?
  3. Жаңбыр көп жауғанда, арықтың суы қайтеді?
  4. Жаңбырдан кейін шаң – тозаң қайтеді? – деген сияқты сұрақтар қойып, әңгіме өткізеді. Сұрақ-жауап арқылы әңгімелесіп болған соң, 1-2 оқушы жаңбырдың пайдасын тұтас айтып береді, онда оқушы жаңбырға байланысты өзінің көргенін, білетінін (найзағай жалтылдау, күн күркіреу, дауыл тұру тағы басқа), қиялын, әсерін қысылмай, еркін айтып беруге тиіс. Сонан соң осы айтылған әңгімеден шығарма жазады.

Ең алғашында шығарманы оқушылар өздігінен жаза алмайды. Сондықтан тақтаға бірнеше сұрақтар жазылады да, оқушылар соған жауап береді.

  1. Аспанды не басты?
  2. Не жауды?
  3. Жаңбыр қалай жауды?
  4. Жаңбырдан кейін шөп, егін қапай өседі?
  5. Жаңбырдап кейін ауа қандай болады?

Оқушылар сұрақтарға жауапты әуелі ауызша құрайды. Олардың айтқан  жауабы талқыланады. Сол жауаптардың ішінен ең жақсысы алынады. Сұраққа қайтарылған жауап толық тағы да бір қайталанғаннан кейін, балалар шығарма жазуға кіріседі.

Тағы бір мысал : «Сұғанақ мысық» әңгімесі бойынша «Менің мысығым» немесе «Менің күшігім» тақырыбына шығарма жаздыртуға болады. Мысық пен күшікті балалардың барлығы жақсы көреді, көпшілігі оларды асырайды. Сондыктан бұл тақырыпқа шығарманы қиналмай жазады. Дегенмен олар өздіктерінен әңгіме құрай алмайды. Сол себепті оларға алдын-ала тапсырма беріп, шығарма жазуға дайындық жүргізген жөн.

Әңгіме оқылғаннан кейін балаларға «сендердің мысықтарың бар ма?» сияқты сұрақ қойылады. Балалардың біреулері «бар» екіншілері «жоқ» деп жауап қайтарады. «Бар» деп жауап берген балалардан өздерінің мысығы жөнінде не білетіндері сұралады. Олар мысықты асырағанымен оның қылығына көңіл аудармағандықтан, әңгіме айтып бере алмауы мүмкін. Сондықтан оларға «Мысықтың түсі қандай? Көзі қандай? Қараңғыда мысықтың көзін көруге бола ма екен? Мысығың тышқан аулай ма? Сен мысығыңмен қалай ойнайсың?» сияқты сұрақтар беріледі де, осыларды байқап келу тапсырылады. Балалар тапсырманы ұмытып кетпеу үшін, мезгіл – мезгіл ойларына түсіріп қояды. Балалардың білетін жұмбақтары, мұғалімнің өзі білетін жұмбақтар, мысык жөнінде қысқа әңгімелер айтылады.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің жоғарғы деңгейде жазылған шығармасын ұйымдастыру үшін екі топтағы шарттар орындалуы қажет:

Біріншісі – оқушының толық дамуын қамтамасыз ететін дидактикалық шарттардың орындалуын талап етеді.

Екінші шарты – әдістемелік мазмұндама. Ол оқушылардың грамматикалық, стилистикалық дағдыларды меңгеруін, шығарма тақырыптарын анықтауды және солармен жұмыстар ұйымдастыруды талап етеді.

Шығарма тақырыбы оның мазмұнын анықтайды. Сондықтан да әрбір жаңа тақырып – бұл жаңа мазмұн.

Л.В.Занков өзінің зерттеуінде тақырыптың 2 негізгі тобын анықтайды: өнімсіз және шығармашылық.

Бірінші топтағы тақырыптар бала тәжірибесінен бөлек бір құбылыстың ашылуын көрсетеді немесе белгілі оқу пәні бойынша құрастырылады. Мысалы, «Қоян туралы мен не білемін?» тақырыбында шығарма жазуда қоян туралы бар біліммен жұмысты жазып шыгу өнімсіз деңгейге сәйкес.

Ал осы тақырыпқа ұқсас келетін «Қояндар суда өмір сүре ала ма?» тақырыбындағы жұмыс өзгеше қараулы талап етеді. Себебі тек қоян туралы білетін біліммен, мағлұматпен шектелуге болмайды. Берілген сұрақка жауап беру үшін оқушы тірі табиғат пен өлі табиғатты, табиғаттың байланысын, ортасы мен оның тамақтану қабілетін байланыстыра қарастырады. Бұл жұмыста оқушы қоян туралы бар білетініне сүйене отырып, салыстыру, дәлелдеу, нәтиже шығару сияқты жұмыстарды орындауы тиіс, яғни шығармашылық бағытта жұмыстануы қажет болады.

Аталған жұмыс түрлері бастауыш мектеп оқушыларына ешқандай қиындық келтірмейді. Екінші топтағы, яғни шығармашылық бағыттағы шығармалар, әртүрлі деңгейдегі жұмыстар болуы мүмкін.

Мысалы: Оқушы «Қояндар суда өмір сүре ала ма? Қасқыр мен мысықтың арасындағы қандай ұқсастық, айырмашылық бар?» – деген тақырыпта шығарма жазуда бір оқу пәнінің ішіндегі бөлек тараулардың байланысын ашуға жұмыс жасайды. Сондай-ақ әртүрлі пәндер арасындағы байланысты ашуға көмектеседі. Мысалы: математика пәні мен табиғаттану немесе әдеп, сурет, ән сабақтарының арасындағы материалдарға негізделген болуы мүмкін.

Ал «Тіл адамдарға не үшін қажет?», «Менің айналамдағы орта», «Жақсылық, мырзалылық деген не?» – деген тақырыптардағы шығармалар оқушыдан жоғары дәрежедегі ақыл-ой белсенділігін, яғни бар мағлұмат, деректерін, білімдерін сұрыптай отырып өз тәжірибелеріне, бақылауларына сүйену негізінде баяндауларын талап етеді.

Шығармашылық бағыттағы шығармаларды жазуда ескеретін негізгі мәселелер:

Тақырып таңдауда еркіндік беру, өйткені оқушыға қай тақырып жеңіл және таныс, сол бағытта өз ойын еркін және толық жеткізе алады. Шығарманың тақырыптары оқушыларға өздерінің жақсы білетін жақтарын ашып көрсетуге ғана емес, сонымен бірге әлі де болса толық қалыптаса қоймаған жетіспейтін жақтарын да одан әрі дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.

Мысалы «Мысық пен күшік», «Аңдар орманда қалай қыстайды?», сияқты тақырыптар, олардың шығармашылық елестетулерінен көрініп, көркем бейнені суреттей білуіне көмектесе отырып, логикалық ойлау, есте сақтау, елестету қабілеттерінің жете дамуына көмектеседі.

Өнімсіз және шығармашылық тақырыптарды өзара байланыстыра отырып қолданған тиімді. Себебі өнімсіз тақырыптар шығарманың жоспарын құру, керекті материалды қатаң іріктеу, баяндау тәсілін сақтау сияқты қажет дағдыларды қалыптастыруга көмектесетін жаттығулар есебінде жұмсалады.

Ал шығармашылық тақырыптар ең негізгіні және бастыны – өз ойын, сезімін, жан-дүниесін жеткізе білуге, әр саладағы білімді өзара байланыстыра отырып қолдануға сондай-ақ белгілі деректер, құбылыстар бойынша қорытынды жасауға, ізденуге үйретеді.

Оқушылардың жеке қабілетін дамытуда көркем әдебиет жанрын, шығарма мазмұнын таңдауда үлкен еркіндік беру өте тиімді. Бұл бағытта, мысалы «Ормандағы көктем» атты тақырыпты алуға болады. Бұны оқушылар ертегі жанры, ғылыми-публистикалық мақала және көркем әңгіме есебінде аша біледі.

Сонымен қатар ең алдымен, оқушының ақыл-ойына әсер ете отырып, кез келген затқа сын көзбен қарай білуге, бағалай білуге үйрету негізінде оның ішкі жан дүниесіне, сезіміне де әсер етіп, қозғауы қажет. Жүргізілген зерттеу бойынша балалар әсіресе ертегілер жанрындағы «Бұлт пен күн туралы ертегі»,«Жер бетіндегі жел туралы ертегі» және сұрақ түрінде берілген «Ертегі адамдарға не үшін керек?», «Ағаштар неліктен өседі?», «Ойыншықтар адамдар үшін неге керек?» сияқты тақырыптарды өте қызыға орындайды.

Жалпы, бұл дамыта оқыту жүйесіне құрылған әдеби шығармашылық жұмыстардың басты құндылығы – мектепте және мектептен тыс алатын білімін бекіте білуге, жалпылай отырып қорытындылауға үйрету.

Балалардың сөздік қорын дамытудағы жұмыстардың бірі – мазмұндама.

Мазмұндама мәтіндеріне қойылатын мынадай талаптар бар:

Бастауыш мектеп оқушыларына мазмұндама алдымен дайын мәтін бойынша жаздырылады. Бірақ мазмұндамаға алынатын мәтінге өте жауапкершілікпен қарау қажет. Өйткені жұмыстың нәтижесі көбіне мәтінді дұрыс таңдап ала білуге байланысты.

Мазмұндама мәтіндері жеңіл әңгімелерден басталып, бірте-бірте қиындай түседі. Бастауыш сынып оқушыларына арналған мазмұндама мәтіндерінің тақырыбы оларды адамгершілікке, достыққа, ерлікке, еңбекке, Отанын шексіз сүюге тәрбиелейтіндей; мазмұны белгілі бір сюжетке құрылған, оқиғасы тартымды, әр сыныптағы балалар ұғымына лайық болғаны дұрыс. I-II-сыныптарда мәтіннің әңгімелеу түрінде болғаны дұрыс, өйткені баяндау, хабарлау түріндегі мәтін балаларды жалықтырып жібереді.

Дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудың өзі, белгіліден белгісізге, женілден ауырға деген қағидамен бірнеше сатыға бөлінеді. Сонымен қатар мәтіндегі түсініксіз сөз саны да есепке алынып отырады.

Мәтінде кісі аттары көбейіп кетсе, балалар мәтіннің мазмұнын дұрыс түсіне алмай қалады да, оны жазып бере алмайды.

II сыныпта мазмұндаманың бұл түрі, балаларды жоспар жасауға үйрету үшін, бірге-бірте қиындатып пайдаланылады. Мысалы, II сыныпта «Ақ қошақан» әңгімесі бойынша мұғалім  мазмұндама жаздырады.

Мақсаты:      1. Балаларды ойларын жүйелі түрде жазып беруге үйретеді.

  1. Мәтін мазмұн реті мен түрін сақтай отырып жазуға дағдыландыра түседі.
  2. Балалардың жануарларды жақсы көріп, күту сезімдерін тәрбиелейді.

Сабаққа ойыншық қошақан, шүберек, бір тілім нан, бір уыс шөп, су құйылған стакан әкелген дұрыс.

Ақ қошақан

Ақ қошақан енесімен бірге өріске шығатын. Ол өрістін дәмді шөбіне тойып, секіріп ойнақтайтын.

Бір күні ақ қошақанның екі алдыңғы аяғы ақсап қалды. Ол енді жүре алмайтын болды.

Серік оған шөп жұлып әкеліп берді, нан берді, су берді. ІІІүберекпен аяқтарын таңып қойды. Көп кешікпей-ақ қошақанның аяқтары жазылды. Ол өріске кетті.

Сұрақтар:

1 Ақ қошақан не істеуші еді?

2 Ақ қошақан неліктен өріске шыға алмады?

  1. Ақ қошақанды Серік қалай күтті?
  2. Серіктің ісіне қандай баға берер едіңдер?
  3. Сендер мұндай жағдайда не істер едіндер?

Сонымен бірге бар сюжетке салынған, не оқылған мәтінді бейнелейтін бірнеше суреттің орнын ауыстырып беріп, мәтін бойынша түзеттіруге, соңында мәтіннің де, суреттердің де орнын ауыстырып беріп түзеттіруге болады. Бұл жұмыс балаларға оқиға желісін аңғаруға, әңгіменің мазмұнын жүйелеп айтуға көмек етеді. Мұндай жұмысты орындауда балалар ойланады, өз пікірін белгілі бір тәртіпке, жүйеге түсіріп үйренеді, сөйтіп, олар кез келген оқыған әңгімелеріне жоспар жасауға дағдыланады. Мысалы: Д.Әміровтың «Сүзеген ешкі» сүретін алуға болады. Бұл сурет бойынша алдын-ала мынадай мәтін құрастырады.

Балалар мектепке бара жатыр еді. Жолда көпір бар болатын. Көпірдің аузында ешкі тұр екен. Ешкі сүзеген еді. Балалар қорықты. Жапар ешкіге шөп көрсетті, шөпті жолдың шетіне қойды. Ешкі шөпке қарай жүрді. Балалар сол кезде көпірден өтіп кетті.

Дайын мәтінді мұғалім алдын-ала қағазға үлкен етіп жазып алып келіп, іліп қояды.

Мұнда алдымен, суретті көрсете отырып, мәтінді мұғалім оқып шығады. Содан соң балаларға оқытып, жауып қояды. Енді балалар суретке сүйеніп, түсінгендерін 1-2 рет айтады.

Мәтін оқылады. «Енесімен, ойнақтайтын, таңып қойды, ақсап қалды» сөздері тақтаға жазылады, мағынасы түсіндіріледі. Сонан соң сыныпқа әкелген ойыншық, құралдарды пайдалана отырып, мәтінді мазмұндайды. Мәтіннің мазмұнын 1-2 көрнекі құралдар мен тақтадағы сұрақтар арқылы ауызша баяндап бердім. Балалар әр сұраққа тағы да жауап қайтарды, онда олар бір сұраққа 2-3 сөйлеммен жауап қайтаруы тиіс. Осыдан кейін текстегі оқиғаның реті (қошақанның өрісте жүргені, сонан соң ақсап қалуы, оның жазылуы) тағы сұралып, ол реттерді ауыстырып, араластыруға болатын-болмайтыны анықталды. Міне, осындай жұмыстардан кейін мазмұндама жазды.

Мұндай көрнекі құралдар қолдану арқылы мазмұндама жүргізу әсіресе II сыныптың басында өз деңгейіне жетеді. Өйткені, әлі де болса балалар әлі толық мазмұндауға қиналады.

Бастауыш сыныпта сурет бойынша мазмұндама:

а) дайын сурет бойынша;

ә) оқылған мәтінді бейнелейтін сурет бойынша жаздырылады.

Дайын сурет бойынша мазмұндама жаздыру. Сурет арқылы жүргізілетін мазмұндаманы бір сюжетке салынған бір сурет немесе бір сюжетке салынған бірнеше сурет арқылы ұйымдастыруға болады.

Бір peт сурет бойынша мәтін мазмұнын әңгімелеуге қиналатындар үшін суретті көрсете отырып, сұрақ қойдым:

  • Балалар қайда бара жатты?
  • Жолда не бар екен?
  • Көпірдің аузында не тұр?
  • Балалар ешкіден неге қорықты?
  • Жапар ешкіге не берді?
  • Балалар көпірден қалай өтіп кетті?

Сурет бойынша талқыланып болған соң «аузында, тұр екен, өтіп кетті» сөздері тақтаға жазылып, мағыналарын мұғалім түсіндіреді. Балалар суретке қарап отырып түсінгендерін жазады.

Келесі бір түрі – оқылған мәтінді бейнелейтін суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндама.

Мұғалім мәтінді оқып шығады да, мәтіннің жеке бөлімдерін ажыратып, мән-жайын түсіндіреді. Мәтіннің оқиға желісі мен одан шығатын қорытындыны сұрақ-жауап арқылы бір-екі балаға айтқызады. Содан кейін әңгіме бойынша қандай-қандай сурет салуға болатыны сұралады. Ойлануға уақыт береді. Оқушылардың жауаптарының ішінен дұрысы таңдалып алынады.

Мәтінді бейнелейтін суретті мұғалім күні бұрын әзірлеп, салып қояды. Мәтін бойынша салуға болатын сурет түрі анықталғаннан кейін, мұғалім дайын суретті тақтаға іледі.

Мысалы: Ы.Алтынсариннің «Түлкі мен ешкі» әңгімесі бойынша дайындалған мынандай мәтінді ұсынамыз. «Бір түлкі далада жортып келе жатты. Ол абайсызда апанға түсіп кетті. Апан терең екен. Түлкі одан шыға алмады. Сіз іздеген ешкі апанға келді. Апанның ішінде түлкі тұр. Ешкі түлкімен сөйлесіп, оның неге апанда тұрғанын сұрады. Түлкі апанның ішін сая, түбінде суы бар екенін айтты.

Бұл сөзге сенген ешкі апанға түсті. Осыны күткен түлкі ешкінің үстімен апаннан қарғып шыға жөнелді.

Мәтін оқылғаннан кейін, мынандай сұрақтар қойылады:

1 – Түлкі қайда түсіп кетті?

2 – Ол апаннан неліктен шыға алмады?

3 – Ешкі қайда келді?

4 – Ол түлкіден не сұрады?

5 – Түлкі ешкіге не деді?

6 – Түлкі апаннан қалай шықты?

Мәтіндегі «жорытып, абайсызда, сая, түсіп кетті, қарғып шыға жөнелді» сөздерін тақтаға жазып, түсіндіріледі.

Осыдан сон сыныпқа: – Бұл әңгіме бойынша сендер қандай-қандай сурет салар едіндер?, – деген сұрақ беріледі.

Ойлануға уақыт беріледі. Олар жеке топқа бірігіп ойланады. Олар әртүрлі суреттер ұсынылады. Мәтін бойынша 4 сурет салуға болатыны анықталады:

1 Апанда тұрған түлкі;

2 Түлкі апанда, ешкі апанның қасында, сыртта тұр;

3 Апанға түскен ешкі мен түлкі;

4 Апаннан шыққан түлкі;

Ол суреттер тақтаға ілінеді, өйткені оны балалар шығарма жазуда басшылыққа алады.

Мектепте шығармаға қарағанда мазмұндама жазу балалардың аса қызығушылығын тудыра қоймайды.

Неліктен балалар мазмұндама жасауды аса ұната қоймайды?

– Мұғалімнің мазмұндаманы өткізуіне байланысты (бір сарынды, қызықсыз қылып өткізсе, әрине, балалар қызықпайды).

Мазмұндама негізі мағынасын сақтай отырып, жоспар бойынша басқа біреудің ойын жеткізу қиын;

– Мұғалімнің айтқанымен, дайын оймен, ұсынылған бағыт бойынша жұмыс жасайды. Бұл оқушы үшін қызықсыз және баланың ешқандай шығармашылығы дамымайды, мазмұндаманы құлықсыз жазады.

Сонда: «Оқушыны мазмұндама жазуға қалай құлшындыруға болады?», -деген сұрақ туады. Ол үшін мұғалім:

1) мазмұндама жазудың басқаша жолын қарастыру керек:

2) бұрынғы жаздырып жүрген үлгіден (классикалық) бас тартудың қажеті жоқ, қайта оны жаңа әдістемемен байланыстырып өткізген жөн.

Ана тілі сабақтарында «Бағытталған оқу» стратегиясын қолданғанда, оқушылар жанданып, сабаққа белсенді қатысады. Оқушыға әңгімедегі жағымды не жағымсыз кейіпкердің образына еніп ішкі жан-дүниесін сипаттатып, бейнесін жасатқанда, олар өздерін серіктес автор (жазушының көмекшісі) есебінде сезінеді. Бұл оқушылардың оқу әрекетін, зейінін, ойлауын арттырады. Осындай сабақтардан кейін маған ой келді: «Неге «Бағытталған оқу» стратегиясын мазмұндама жазуда қолданбасқа?».

Тіл дамыту сабағында осы стратегияны қабылдауға дайындалғанда мұғалім мәтінді бірнеше бөліктерге бөледі. Биюмнің сұрақ қою өлшемі бойынша әр бөлімге сұрақтар әзірленеді. Негізінен оқушылардың талдау, жинақтау, түсіну, қолдану, бағалау дағдыларын арттыратын сұрақтарды қойған дұрыс.

Мұндай сабақты бастамас бұрын ең алдымен сыныпта шығармашылық, ынтымақтастық атмосферасын жасау керек, яғни RWCT бойынша қолайлы орта туғызу қажет. Ол үшін оқушылардың өздері жасап шығарған ережесін жұмыс барысында жақсылыққа аламыз (тақтаға көрнекті жерге іліп те қоюға болады).

Жұмыс жасаудың ережелері;

Жұмысқа белсенді қатысу:

Бір – бірімізді болмай тыңдау;

Бір – бірімізді мұқатпау;

Сөйлеушінің (айтушының) пікірін құрметтеу;

Бағытталған  мазмұндамаға байланысты  өткізілген сабақ жоспары:

Тақырып: «Жаман жолдас».

Мәтінді алдын-ала 5 бөлікке бөліп, сұрақтары дайындалып қойылады.  1-қадам. Балалардың «жолдас» сөзін қалай түсінетінін, осы сөзге мағыналас (синоним) сөздерді табуын сұраймыз. Балалар әртүрлі жауап береді: «Бірге оқитын», «Құрбы», «Дос», «Серік» т.б. әр оқушы өз жауаптарын жобаға жазады.

2-қадам. Мәтіннің аты оқылады: «Балалар әңгіме кім (не) жайлы болады?

Балалар: Екі дос жайлы; Достық, жолдастық жайлы, Жаман адам туралы; т.б. 3-қадам. Оқушылардан әңгіменің басын тыңдау сұралады. Мәтінді белгіленген жерге дейін 1-бөлім оқылады: «Екі дос жігіт жол үстінде келе жатып, бір аюға ұшырасыпты. Дұл екі жігіттің біреуі әлсіз, ауру екен де, екіншісі мықты екен».

Балалар өздерінің болжаған, айтқан ойларымен салыстыра отыра, мұқият тыңдайды. Мәтіннің бірінші бөлігін мұғалім белгіленген жерге дейін оқып болған соң, оқушыларға сұрақ қойылады.  (Ескерту: Әңгімелесу, пікірлесу әр бөліктен кейін төмендегі сызба бойынша жүргізіледі: мұғалімнің сұрағы – жеке ойлау – жұппен талдау – жобаға жазу – топта талқылау).

– Аю деген не?

– Ол қайда өмір сүреді?

– Екі достың түр-пішінін жазушы қалай сипаттайды? («Біреуін-ауру, әлсіз; екіншісін-мықты»).

Мәтіннің бұл бөліміне қандай ат қоюға болады? (Әрбір оқушы өз жобасына өзінің бөлімге қойған атын жобасына өзінің бөлімге қойған атын жазады, жұппен талқылайды, топта талқылайды) «Жолда», «Жол үстінде», «Орманда», т.б.

Ескерту: Мұғалімге тақтаға әр бөлімнің шартты атауын жазудың қажеті жоқ. Себебі тақтада жазылған жоспарды балалар үлгі есебінде пайдалануы мүмкін. Онда жұмыстың мұндай түрі оқушылардың ешқандай шығармашылығын, өз бетімен жұмыс жасауын дамытпайды. Олар тек мұғалімнің шешімін ғана күтіп отыратын болады.

– Балалар, қалай ойлайсыңдар тақырыптың бастамасы бойынша мәтіннің не жайлы болатынын айтуға бола ма? («Болады, меніңше, екі дос туралы, «Қиындау, міндетті түрде бірдеңе болатын шығар»)

1-қадам. Мәтіннің 2-бөлігі оқылады: «Аюды көрген кезде, әлгі мықты жігіт ауру жолдасын кейін тастап, өзі жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді».

Әңгімелесу ары қарай жүргізіледі:

– Неліктен мықты жігіт ағаш басына шығып кетті?

– Ауру жігіт не істейді?

– Бұл бөлікке қандай ат қоюға болатынын жазыңдар. (Қорқақ,Қашу т.б.)

2-қадам. Мәтіннің 3-бөлігі оқылады: «Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені болмай, жерге етпетінен түсіп, өлген кісідей, дем алмастан жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен».

–   Неліктен ауру жігіт жата қалды? (Амалсыздан, Қаша алмайды, т.б.).

–  Автор ауру жігіттің жата қалуын қалай сипаттайды? (Әлпетінен, Өлген кісідей, Дем алмастан).

– Шынымен аю өлген кісіге тимей ме? («Тимейді», «Тиісейін деп жатқанда аңшылар келіп қалды да, аюды атып түсірді» т.б.)

– Бұл бөлімге қандай ат қоюға болады? (Айла, Табылған ақыл. Амалсыздық т.б.)

3-қадам. Мәтіннің 4-бөлімі оқылады: «Аю бұл жатқан жігіттің қасына келіп, иіскелеп, дыбысы мен демі білінбеген соң жөніне тартып кетті. Аю кеткен соң манағы жолдасы ағаштан түсіп, ауру жігіттен сұрапты:

– Достым, аю құлағына не деп сыбырлап кетті?»

– Аю жатқан жігітке неліктен тиіспеді?(Аш емес шығар, Өліп қалған т.б.)

– Аю жігіттің құлағына не деп сыбырлады деп ойлайсыңдар? («Әттең аш емеспін – бір, сен тірі емессің – екі», «Жаманмен дос болма» т.б).

– Бұл бөлімге қандай ат қоюға болады? («Қуаныш», «Тірі қалуы» т.б.). 4-қадам. Соңғы бөлігі оқылады: Сонда жігіт тұрып:

– Аю құлағыма ақыл сыбырлады: екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын, өзінің ғана басын қорғайтын «доспен» жолдас болма деді, – депті

– Әңгіме қалай аяқталды?

– Аюдың берген ақылын сендер қалай қабылдайсыңдар?

– Бөлімге қандай ат коюға болады? («Аюдың ақылы», «Кеңес» т.б).

5-қадам. Бөлімдер бойынша мәтінді талқылап болған соң, мәтін үзіліссіз екінші рет оқылады.

– Оқушылар жоспарларын таза қағаздарына көшіреді. Әркім өз жобасына өз қалауы бойынша өзгерістер енгізе, әңгімеден алған әсерін негізге ала отырып жазады.

– Содан кейін оқушыларға тапсырма беріледі.

Мазмұндаманың соның талқылаумен аяқта: «Мықты жігіттің әрекетіне баға бер».

Әркім өз жобасына сүйене отырып, мазмұндама жазады.

Мәтінді кезеңдеп, бөліктерге бөліп оқу, оқушыларды ойландыратын, ынталандыратын сұрақтар қою, әр баланың өзіндік қабылдауын байқататын жоспардын әртүрлілігі, мәтінді бөлімдер бойынша талқылау – оқушылардың мазмұндаманы қызығушылықпен жазуына, жұмыстың жемісті болуына көп әсерін тигізді. Бұл жұмысты балалардың барлығы зор қызуғышылықпен орындады. Қиындықтарға да кездестік. Ойткені бағытталған мазмұндама жазу өте күрделі де қызықты процесс.

Тиімді жағы: Әр оқушы әңгімеге, оқиғаға деген жеке дара өз көзқарасын, ой-пікірін жазғандары мазмұндамаларынан айқын байқалып тұрды. Көп оқушылар мазмұндама аяғына өз пікірлерін, ойларын қорытып жаза алды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

 

  1. Әбдікәрімова Т.М. «Бастауыш сыныпта мәтін арқылы тіл дамытудың ғылыми негіздері мен оқыту әдістемесі» Алматы. 2002 жыл.
  2. Әрінова Б. «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінін ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы» Алматы. «Жазушы» 2004 жыл.
  3. Байтұрсынов А. «Тіл тағлымы» Алмазы. 1992 жыл (102 бет).
  4. «Білім. Образование» Ғылыми – педагогикалық журнал, 2003 жыл, №3; С.Серімбетова «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту»
  5. Жазыбаева М.. Рахметова С. Асқарбаева А. «Бастауыш оқудың тиімділігін арттыру» Алматы. 1968 жыл.
  6. «Бастауыш мектеп» журналы: 1999 жыл №2 «Оқушылардың жазба тілін дамыту әдісі».
  7. «Бастауыш мектеп» журналы: 1999 жыл №4.

8.«Бастауыш мектеп» журналы: 2000 жыл №1 «Тіл дамыту әдістемесі».

9.«Бастауыш мектеп» журналы: 2003 жыл №3 «Мазмұндама», №9 «Шығарма».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *