Киіз үй


Тәшен Бейбарыс
Қарағанды қаласы №101 мектеп лицейі оқушысы

Мақсаты:

Ата-бабаларымыздың көшпенді өмірімен таныстыру және қазақ халқының ұлттық құндылықтарың сақтап елге насихаттау.

Міндеті:

Ғылыми жұмыс, ұлттық, киіз үйдің жасалу технологиясы

1.Киіз үй тарихы.

2.Киіз үйдің негізгі бөліктері.

3.Киіз үй жабдықтары.

Кіріспе

Киіз үй – «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш», «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп, аталы сөз айтып қалдырған ата-бабаларымыздың негізгі баспанасы. Киіз үй – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі, тіпті оған көршілес елдердің де тұрақ – мекені. Солай бола тұрса да, оны қастерлеп ұстап, ғасырдан ғасырға оның мән-маңызын өзгертпей жеткізген біздің қазақ халқы екенін әрдайым мақтанышпен айтамыз.Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағымыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құтты мекен-жайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланды. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да, арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдениеті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады. Ал XII – XIII ғасырлардағы мемлекеттердің Алтын орда, Ақ орда, Көк орда деп аталуының өзі осы киіз үйге байланысты екенін Ш.Уәлиханов айтқан.Тағы бір ерекше айта кетерлік жай: біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды десек те болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылады, әрі көшпелі (жылжымалы) құрылыс түріне жатады. Дала тұрғындарының тапқырлық шешімін осы тұрғыдан қарап бағалаған әлем ғылымы, мәдениеті мен өнерінің білімпаз сарапшылары дүниежүзілік, халықаралық этнографиялық көрмелерде қазақтың осы өнеріне әрқашан жоғары баға беріп отырған. Мысалы, 1861 жылы Алмас деген кісі Париждегі Дүниежүзілік этнографиялық көрмеге киіз үй апарып, еуропалықтарды таң қалдырып, бәйге алған. 1876 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлы Петербургке, 1890 жылы Ибраим Әділов Қазандағы көрмеге киіз үй апарып, қазақ мәдениетін Еуропаға паш еткен. 1827 жылы Бөкей ордасының ханы Жәңгір Ресей патшасы I Николайға киіз үй сыйлап, патша ағзам оған өте риза болған (Ә.Марғұлан). Жазушы Шыңғыс Айтматов Батыс Еуропадағы белгілі мұражайлардың бірінен қазақтың киіз үйін көргендігін жазды. Сондай-ақ Германияның Гамбург, Майндағы Франкфурт қалаларындағы мұражайларда да қазақ киіз үйлері бар. Көкшетаудағы Абылайдың ақ ордасы, Шыңғыс төренің 24 қанат ордасы, Жетісудағы Тезек төренің ордасы, Ырғыздағы Самырат байдың үйі, Ақмоладағы паң Нұрмағамбеттің үйі сияқты елге аңыз болған үйлер көп болған. Киіз үй ішін жабдықтауға қазақ азаматтары байлығын аямаған және сол арқылы қазақ дәулеті мен мәдениетін таныта білген.Байлығымен елге аңыз болған Кіші жүзден шыққан Байсақал қызын ұзатқанда оған арнайы отау әзірлеткен екен.Қазақтың осындай байлығы мен сән-салтанатының куәсі болған киіз үйлер тәркілеу, соғыс, аштық калхоздастыру сияқты жауыздық әрекет салдарынан құрып кетті. Сөйтіп, XX ғасырда қазақ мәдениетінің баға жетпес мұрасы – киіз үйдің құны мен маңызы төмендеді. Оның орнына кеңестік тәсілмен қалай болса солай жасалған, бір-екі жылдан артық тігуге келмейтін, қара құрым жабылған сапасыз бірдеңелер көптен шығарылды да, ол киіз үй атты қасиетті, құтты орынның құнын түсірді.XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ мемлекетінің жеке шығуы ұлт мәдениетін, оның ішінде киіз үйдің қадірі мен орны өз дәрежесінде қайта дәріптелуі, оларға лайықты ас пен тойлардың өткізілуі және соған сәйкес ұлттық мәдениет рөлінің артуы киіз үйге деген көзқарасты айқындады. Енді той-думан тігілген киіз үй сән-сәулетімен, өнер шеберлерімен, ұлттық дәулетімен, түрлі спорт жарыстарымен дәрежеленетін болды. Мысалы, тоқсаныншы жылдар басында Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлардың, Бұхар жыраудың, ұлы Абайдың, Жамбылдың тойында киіз үйлер жүздеп, мыңдап тігіліп, оларға бәйгелер белгіленді. Осы тойларда тігілген киіз үйлердің ішінде халықты таңқалдырған Торғай ордасы жұрттың әлі есінде. Алғаш рет Көкшедегі 1991 жылы Абылай хан асында тігілген бұл орда басында 12 қанат, кейін 18 қанат болып көлемі ұлғайтылды. Ол 1992 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайында, 1993 жылы Есет батыр, Шақшақ Жәнібек батыр асында, 1995 жылы Абай тойында тігіліп, бірнеше рет жүлделі бәйгелерге ие болды. Бұл орданы дайындап, ұмыт болған істі батылдықпен қолға алған Торғай азаматтары сол кездегі Жанкелдин ауданының әкімі Жақан Қосабаев пен Ахмет Байтұрсынұлының жерлестері – Аңсаған Қоңқабаев және Болғанбай Қойшиндер еді.Бұл киіз үйді XX ғасырдағы қазақ ордасының басы десе де болады. Орданың биіктігі 8 метр, ішіне жүздеген адам еркін сияды. Киіздері ақ тоқтының жүнінен басылған. Іші-сырты тек қана ұлттық бұйымдармен, киімдермен, тұрмандармен жабдықталған. Желбау, басқұр, түскиіз, ыдыс-аяғы, ең ақыры, төсенішіне дейін қолдан шыққан қазақы дүниелер. Осы үйде болған қазақ зиялылары, мемлекет қайраткерлері Халифа Алтай, Е.Әуелбеков, М.Сағдиев, Ө.Жәнібеков, Қ.Сағадиев, М.Қозыбаев, М.Жолдасбеков. Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова, С.Жүнісов, Ш.Шаяхметов сынды білімді азаматтар, шетел өкілдері орданың ғажап шеберлікпен жасалып, тігілгеніне риза болды. Бұл жерде осыған өлшеусіз үлес қосқан Ахмет ауылының қыз-келіншектерінің баға жетпес еңбегін айтпай кетуге болмайды. Бұл орда бір ауылдың емес, бүкіл қазақ елі мәдениетінің, өнерінің үлкен табысы деп бағаланды.Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Ертеректе қазақта қой көп. Сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай. 25 мың қойы бар Қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. (С.Мұқанов «Халық мұрасы», 99-бет. 1974 ж) Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық бау, түндік бау, үзік бау, жел бау деп аталады.Шаңырақта желбау деп аталатын ою-өрнекті. 4 шашақты бау болады. Ол желді күні шаңырақты бастыруға, көшкенде байлауға аса қажет. Жай күндері үйге әсемдік, көрік беріп тұрады.Оған уық сұғынатын төрт қырлы көз – қаламдықтар теседі.Түндікті көтеріп тұру үшін және киіз үйдің төбесіне жауын – шашын іркілмеуі үшін 45 градус шамасында айқастыра бекітілген ағаштарды күлдіреуіш деп атайды.Үйші үй сүйегін толық жасап болғаннан кейін, оны қызыл түсті жосамен немесе қызыл, көк бояулармен бояйды. Егер үй қайыңнан жасалса, оны өсімдік майымен майлайды. Ол ағашқа піл сүйегі түстес өң береді, әрі оған су сіңбейді. Салтанатты ордалардың шаңырағын, уығын, кереге басын, маңдайшасын оюлайды, өрнектейді. Ауқаттылар күміспен, сүйекпен, мүйізбен әшекейлейді.Үй сүйегі әзір болған соң, оның киіздері жасалады. Киіздері кереге бойына туырлық, шаңыраққа дейін үзік, шаңырақты жабатыны түндік және киіз есік деп аталады. Олар қойдың ақ күзем жүнінен басылады. Ертеректе қазақта қой көп. Сондықтан киіз үйге қажетті материал жеткілікті болған. Міне, осы жүннен үй киіздері дайындалады. Қазақ даласында жүннің көптігі сондай. 25 мың қойы бар Қызылжарлық Қосшығұл деген бай қойдың жабағысымен құрт қайнатады екен. (С.Мұқанов «Халық мұрасы», 99-бет. 1974 ж) Оның әзірлеу, дайындау, пішу жолдары ұзақ бір ғылыми этнографиялық шығармаға лайық. Киіздер құр, баулар арқылы тұтылады. Олар туырлық бау, түндік бау, үзік бау, жел бау деп аталады. Үй киіздерін әзірлеп болғаннан кейін, оны ақ бормен немесе күйген сүйекпен борлайды. Бұл әдемі ақ түс береді, әрі киіздердің берік болуына, су, жылу, суық өтпеуіне едәуір әсер етеді. Киіз үйдің сүйегімен таныстырады. Киіз үй ауа райының қандай жағдайындада пайдалануға өте ыңғайлы. Ішіне жарық жақсы түседі, ауа алмасуы талапқа сай, жел, дауылға көп шайқалмайды. Берік, төбесі жадағай емес, күмбез болып келгендіктен жаңбыр өтпейді, жинап тігуге оңай. Киіз үйдің негізгі қаңқасын (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық) сүйегі деп атайды.Киіз үйдің сүйегі жасалатын «үй ағашты» алты ай немесе бір даярлайды.

Киіз үйдің түрлері мен құрылысы

Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақы үйлер пайдаланылуына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Мысалы,

1.Қара үй (үш қанат)

2.Қоңыр үй (4 қанат)

3.Боз үй (5 қанат)

4.Ақ үй (6 қанат)

5. Ақ ала орда (8 қанат)

6. Ақ орда (12 қанат)

7. Ақ шаңқан (18 қанат)

8. Алтын үзік (24 қанат)

9.Алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар.

Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретіне бейімделген үй түрлері болады.Олар

1.қос, абылайша

2.Күрке

3.Кепе

4.Итарқа

5.Жаппа

6.Жолым үй

7.Ас үй

8.Қалқа деп аталады. Жаңа үй болған жас шаңырақты «отау» дейді.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:

1. Төр. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл – киіз үйдің жоғары әрі сыйлы орны. Жас келіндер бұл жерде отырмайды.

2.Сол жақ (кіргенде оң жақ) – үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды.

3. Оң жақта (кіргенде сол жақ)- балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінеді.

4. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.

Киіз үй негізгі 3 бөліктен құралады:

1. Үйдің сүйектері (ағаштан тұратын бөліктері).

2. Киіздері (ши де осыған кіреді).

3. Бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары).

Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су етпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап, қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды. Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып, өскендігін мақтанышпен айтуға болады.

Кереге

Кереге – киіз үйдің негізін құрайды. «Керегең кең болсын» деген тілек осыдан шыққан. Өйткені үйдің берік болуы, кеңдігі осы керегеге байланысты. Кереге құрайтын ағаштарды желі, оның ұзынын ерісі, қысқаларын сағанақ, балашық деп атайды. Желілердің басы мен аяғына әдемілік үшін ойып, сызықтар (ыру) жүргізеді. Желілерді тесіп, түйенің мойын терісі немесе өгіздің бас терісінің сірісі (қайыстары) арқылы көктейді. Керегенің басы мен аяқ жағы сәл шалқайтыла, ал ортасы дөңестеу жасалады. Дайын керегені қанат деп атайды, яғни 18 қанат үйде 18 кереге болады. Кереге көзінің үлкен-кішісіне қарап торкөз, жел көз деп бөледі. Торкөзді кереге әдемі әрі берік болады. Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Керегенің әр ағашын желі, ал керегелік желінің ең ұзынын – ерісін, қысқалауын – балашық, ең қысқасын – сағанақ деп атайды. Керегенің көктеліп біткен әр бөлігін қанат деп атайды. Қанат саны (3 қанаттан бастап 12 қанатқа дейін) үй көлеміне қарай көбейе береді. Керегенің бас санына қарай уық саны азайып, көбейіп отырады. Киіз үйде есік екеу болады: ішкі есік – сықырлауық – ағаштан жасалады, екіншісі – киіз есік – киізден жасалады, ол сықырлауықтың сыртынан жабылады. Киіз есік ашық күндері маңдайшаға дейін шиыршықталып жиналып қойылады, жай күндері күн түспес үшін, оның бір жағы бақан арқылы ашық тұрады.Ағаш есік маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жарма есіктен құралып, керегеге бекітіледі. Керегелер бір-біріне таңғыш құр арқылы жалғасады. Кереге бастары арқылы тартылатын бас арқан маңдайшаның екі жағына мықтап байланады. Үйдің барлық ауырлығын ұстайтын, беріктігін сақтайтын бас арқан. Сәндік үшін бас арқан тұсынан және кереге басы туырлықты қажамас үшін басқұр жүргізіледі.

Уық

Уық – кереге мен шаңырақ ортасын қосатын негізгі бөліктің бірі. Уық алақан, иіні, қары және қаламы деген атаулардан тұрады. Ол иінінен ішке иіле жасалады, яғни үйдің күмбезді үлгісі осы уықтан басталады. Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың иіні деп атайды. Уықтың жоғары түзу жағын қары, шаңырақ көзіне сұғынатан төрт қырлы ұшын қаламы дейді. Уықтың кеғреге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау дейді.

Шаңырақ

Шаңырақ – киіз үйдің қасиеті, киелі мүлкі.Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металмен, күміспен құрсайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді.  Қазақтың көптеген жақсы сөздері осыған байланысты айтылады. Шаңырақ «үй, отбасы – деген мағынаны да білдіреді. «Шаңырағын биік болсын» деген тілек бар. Киіз үй шаңырағы: тоғын, күлдіреуіш, кепілдік деген бөліктерден тұрады. Тоғынды, яғни шеңберді, қайыңнан оюлап, өрнектеп жасайды, жиілеп қаламдық ояды. Күлдіреуіш шаңырақ күмбезін жасайды. Кепілдік күлдіреуіштің орнынан қозғалып кетпеуі үшін қызмет етеді. Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез.

Сықырлауық

Сықырлауық (жарма есік) кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп – шығатын есік қызметін атқарады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттерден құралады.

Киіз үйдің ішкі баулары:

Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады.

Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр.

Бас арқан – керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл – арқан.

Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр.

Желбау – өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді.Оның негізгі міндеті – дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру.

Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкелмеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр.

Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау.

Бел- бау – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан.

Киіз үйдің шилері

Кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылатын шилер туырлықты кереге көгінің жылуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Қой жүнін бояп, әшекейлеп орау арқылы тоқылған шиді шым ши деп атайды. Ши кейде тамақ қоятын сол жақ босағаға да тұтылады.

Киіз үйдің сыртқы жабдықтары

Киіз үйдің сыртқы жабдықтары – күн сәулесін және тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. Оларды пісірген ақ шаңқан киізден пішіп, ою – өрнектермен безендіреді.

Туырлық – керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұрады. Туырлық пен үзіктердің өзара айқасатын жерін жабық дейді. Туырлық пен үзік баулары кестелі. Оюлы жалпақ құрдан жасалып, үйге көрік беріп тұрады. Киіз сыртынан жел көтермес үшін екі белдеу арқан тартылады. Үйге қолданылатын арқан түрлері де көп.

Киіз есік – сықырлауықты жауып, шаңырақ арқылы өткізіп байланады. Киіз есіктің сыртқы киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады.

Түндік – шаңырақты, киіз есікті туырлық шетін бастыра жабылады. Түндіктің төрт бұрышына түндік бау байланады. Түндікті ық жақтан қайырып ашады, әйтпесе жел көтеріп, желпіп кетуі мүмкін.

Үй жиһаздары

Абажа – тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеженің үлкен түрі. Ағаштан жасалып, киізбен, былғарымен қапталған.

Кебеже – сүр ет, құрт, шай салып сақтау үшін ағаштан жасап, өрнектеген үй жиһазы.

Әбдіре – зат сақтайтын үлкен сандық. Сырты қаңылтырмен әшекейленіп қапталады.

Ағаш төсек – жату үшін пайдаланатын үй жиһазы.

Асадал-тамақ пен ыдыс-аяқ сақталатын кебеже.

Жастықағаш – ерте кезде жастықтың астына салынатын ағаш тиянақ.

Адалбақан – киім ілуге арналған үй жиһазы.

Жүкаяқ – үйде жүк астына қоятын ағаш зат.

Сандық – киім-кешек т.б. зат салуға арналған үй жиһазы.

Алаша – әр түрлі түске боялған жүннен тоқылған төсеніш. Көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды.

Бөстек – малдың не аңның жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалынады.

Киіз – қой жүнінен, еденге төсейтін төсеніш.

Сырмақ – киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Ақ-қара киіздер бөлек-бөлек даярланып бір-біріне беттестіріп, қиюластырып тігеді.

Түскиіз – сәндік үшін төсектің тұсына тұтатын үй бұйымы. Киіз үстіне барқыт, шұға, жібектерден ою-өрнектер тігіледі.

Қоржын – екі жағын тең етіп тоқыған, не құрап тіккен зат салатын дорба.

Аяққап – ыдыс-аяқ салатын қапшық. Екі бетін киізден тігіп, бетін ою-өрнек салып не кестелеп әшекейлейді.

Қорытынды

Қорытындылай келе талай тарихи кезеңді өткерген ата-бабаларымыз адамзат қоғамының көшінде өзінің шаруашылық негізіне, тұрмыс тәсіліне, ұлттық ерекшелігіне қарай дара ұлттық дәстүрін, салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап аса бағалы заттық мәдениеті мен рухани мәдениетін сақтап қалды. Сол қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрі, мәдениеті, халық шеберлері. Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясын жоғарыдағы зерттеулерді сараптайтын болсақ, қазақтардың өнері жоғары деңгейде дамып қана қоймай, орта Азия, Сібір орыс Еуропа халықтарына да үлкен мәдени ықпал етті.

Еліміздің тәуелсіздік алғаннан бері қайта жаңғырған қолөнерімізде ұлт мүддесіне негізделген серпіліс. Мақсатты, білімді, жан-жақты тәрбиелі, қабілетті жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды қабілетті азамат етіп өсіруде халық қолөнерінің тәлім тәрбиелік, білім – танымдық рөлі орасан зор. Абай атамыз «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» – деген болатын. Қолөнер дегеніміз – кәсіптің бірі. Ал кәсіпшілік ол адамзаттың тіршілік көзі. Мектеп қабырғасында қолөнердің бастауынан нәр алған жастар болса, өмірде өз орнын таба алады.Ол халқымыздың ежелден желісі үзілмей келіп жеткен көне де ізгі дәстүрі – ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясы. Халық шеберлерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан таңғаларлық тамаша шығармаларымен таныстыра отырып, өнерге қанат қаққан шәкірттерді шеберлік шыңына жетелеп, оқушыларды ұлттық қолөнерге баулу. Атамыз қазақ көз – қорқақ, қол – батыр – деген. Менің осы жерде айта кетер ұсыным: осындай оқушылардың шығармашылық жұмыстары жиі ұйымдастырылса. Ұлттық киелі киіз үйдің жасалу технологиясын дайындау. Қазіргі кезде тойларда қоржын ретінде тойтабаққа пайдаланып жатыр.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. С.Кенжеахметұлы. 1-10 беттер

2. Тарихи таңба – интернет материалы

3. Мектептегі технология №4, 2006 жыл

4. С.Мұқанов «Халық мұрасы» 99 бет, 1974 жыл

5. Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясы. І том. 182 бет. Алматы, 1984 жыл

6. Өмірбекова М.Ш. Энциклопедия. Қазақтық ою-өрнектері. «Алматы кітап» 2003 жыл

7. Шоқпарұлы Д. Дәркембайұлы Д. Қазақтың қолданбалы өнері. «Алматы кітап», 2007 жыл.

•          Уақыты: 15-01-2013, 18:28

•          Категориясы: Ғылыми жұмыс

 

Ғылыми жұмыс, ұлттық, киіз үйдің жасалу технологиясы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *