ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ИНФОРМАТИКАНЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ


Умарова Багдагуль Жигеровна

старший преподаватель, магистр естественных наук Западно Казахстанский инновационно-технологический университет

Жалпы білім беретін орта мектепте информатика пәнінің оқытылуы мен ақпараттық – телекоммуникациялық технология құралдарының көбеюіндегі негізгі мақсат оқушының қоршаған әлем жайында табиғи ғылыми болжамын қалыптастыру мен білімі мен икемділігін кез келген жағдайда пайдалана білетін тұлға ретінде жеке қасиеттерін ашып, дамыту болып табылады. Көздеген мақсатқа жету үшін информатика мұғалімдерінің кәсіби тұрғыдан қалыптасып, ұдайы ғылыми – әдістемелік тұрғыдан жетілуі қажет. Бұл мәселенің өзегі жоғары оқу орнында оқылатын «Информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі» деп аталатын мектептегі информатика курсының жалпы ғылыми оқу – әдістемелік, дидиактикалық, ұйымдастырушылық, педагогикалық, психологиялық мәселелерін жан – жақты қарастыратын курс болып табылады.

«Информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі» курсының теориялық негізі информатика, кибернетика, жүйелік теория және педагогика, психология ғылымдарына сүйенеді.

Информатиканы оқыту дәстүрлі әдістемелік және дидактикалық жүйеден ерекшеленетін қазіргі педагогикада мәні жоғары «педагогикалық технологиямен» тығыз байланыста қарастырылады. Педагогикалық технология – бұл оқушы мен мұғалімге керемет жағдайлар туғызумен қатар, оқу үрдіссін жобалау, ұйымдастыру мен жүргізу бойынша біріктірілген педагогикалық әрекеттердің барлық бөлшектері алдын – ала екшеленген моделі” (В.М.Монахов).

Оқыту технологиясы  – оқу бағдарламаларында алға қойған мақсатқа жетудің тиімділігін қамтамасыз ететін әдіс, құрал арқылы білім мазмұнын жүзеге асыру, қысқаша айтқанда, оқу үрдісін жетілдіру жүйесі.

Оқыту технологиясы – дидактикалық және әдістемелік жүйенің құрамды бөлігі болып табылады. Мәселен, әдістемелік жүйе нені оқыту керек? Қалай оқыту керек? не үшін оқыту керек? деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы қалай нәтижелі оқыту керек? деген сұраққа жауап береді.

Оқытудың технологияларын пайдалану негізінде білім беру тұжырымдамасының алгоритмі төмендегідей түрде ұсынылады:

1. білім беру жүйесінің түпкі мақсаттарын баяндау;

2. аралық мақсаттардың болжамдық көрсеткіштерін баяндау;

3. оқыту мазмұнына сүйену;

4. көзделген мақсатқа жеткізетін және оқыту сапасын объективті тексеру әдістемесімен қамтамасыз ететін стандартты оқыту технологиясын ұсыну;

5. оқытудың ұйымдастырушылық формалары мен шарттарын баяндау.

Оқыту технологиясы мектепте оқу үдерісіне қажетті әдіс, тәсіл, амал, дидактикалық талап сияқты оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін психологиялық – педагогикалық әрекеттердің жүйелі кещені ретінде пайдаланылады.

Бірқатар ғылыми – әдістемелік және ғылыми – танымдық педагогикалық әдебиеттерде кейбір авторлар “оқыту әдістемесі” ұғымымен тепе – теңдік қатынаста қарастырып түсіндіруге тырысады. Ал, кейбіреулері оларды бір – біріне қарама –қарсы қоюға ұмтылады. Сондықтан,   “оқыту әдістемесі мен технологиясы арасында қандай өзгешелік бар, олар бір – бірін алмастыра ма?” деген сұрақ туады.

Біріншіден, әдістеме “Оқытуда талап етілетін нәтижеге қандай жолмен жетуге болады?”, ал технология  “Қалай істеген тиімді?” деген сұрақтарға жауап береді.

Екіншіден, оқытудың технологиясы айқын өрнектелген жеке даралық сипатта болады және ол  мәні жағынан “оқытудың авторлық әдістемесі” ұғымына өте жақын келеді.

Егер “әдістеме” ұғымы шығарушы мен жүзеге асырушыға байланыссыз қарастырылатын оқытудың әдістері мен тәсілдерін кешенді түрде пайдалану дегендібілдірсе, оқыту технологиясы мұғалімнің жеке тұлғалық жан – жақты қасиеттерімен әдістемені толықтырып жинақтауын бейнелейді. Бұдан, кез келген дидактикалық есеп кәсіби біліммен қаруланған педагогтың жобалауымен жүзеге асатын оқыту технологиясының көмегімен ғана тиімді шешілуі мүмкін деген түйін шығады. Олай болса, оқыту технологиясы мұғалімнің педагогикалық шеберлігімен тығыз байланысты. Педагогикалық шеберлік, технологияны игерудің жоғарғы деңгейі десек те, ол қызметтік құраушымен ғана шектелмейді. Педагогтарда педагогикалық шеберлік жеке даралық сипатта болады, сондықтан оны басқарудың қолдануы қиынға  соғады деген көзқарас жиі кездеседі. Дегенмен, оқыту технологиясын педагогикалық үдеріс емес, педагогикалық іс – әрекеттерді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға арналған өзіндік құрал – жабдықтар, оның жобасы деп қарасақ, онда технологияны автор ғана емес оны басқа мұғалімдер де пайдалана алатыны даусыз. Бұл жағдайда, педагогтың жеке кәсіптік қасиеттері ескеріледі, бірақ негізгі құрылымдық құраушылар өзгеріссіз қалады, өйткені олар жобалаудағы нақты мақсаттар мен міндеттермен тығыз байланысты.

Оқыту технологиясы әдістеме дамуының “оқытудың авторлық әдістемесі» деп аталатындай жоғарғы кезеңі, өйткені мұғалімнің әрбір негізгі құрамды бөлшекті – мақсатты анықтау, жобалау, оқытудың әдістері мен құралдарын, қолайлы қалыпты таңдау, оқу үдерісіндегі қатысушылар арасындағы өзара байланысты ұйымдастыру, бағалау, бақылау және білімді, икемділік, дағдыны жетілдіру сияқты дидактикалық мақсатқа жетуді көздейді. Осылайша, кез – келген оқыту әдістемесі технология деңгейіне жетеді. Сонымен «технология» және «әдістеме» терминдерінің дұрыс пайдаланылуын түсіну үшін ғылыми еңбектерді саралайық. А.Хуторскийдің көзқарасынша, оқыту теориясы жалпы дидактика мен жеке оқу пәнін оқытуға арналған пәндік дидактикаға бөлінеді. Пәндік дидактика оқу пәніне сәйкес бала бақшадан жоғары оқу орны деңгейлерінде (бакалавриат, магистратура, докторантураға дейін) қолданылады. Пәндік дидиактиканы көбінесе, оқыту әдістемсі деп атайды.

Технология мен әдістеме арасындағы сәйкестік пен айырмашылықты талдай отырып, педагогикалық заңдылықтар негізінде төмендегідей тұжырым жасауға болады:

информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі – оқытудың  ұйымдастырушылық, әдістемелік формалары мен оқыту үдерісінің түрлі деңгейлерінде информатикаға оқыту объектісі болып табылатын педагогикалық ғылым.

Информатиканы оқыту әдістемесі педагогика, психология, адам физиологиясы сияқты курстармен кіріктіріле қарастырылып, информатика мұғалімін дайындауда басты орын алады. Информатика мұғалімі ақпараттық, коммуникативтік, өзіндік менеджмент және проблеманы шешу, педагогикалық құзыреттіліктерін бойына сіңіруі тиіс.

Ақпараттық құзыреттілік – жалпы орта білім беретін мектеп, гимназия, колледж, лицейлерде компьютер және оған қосымша техниканы (сканер, принтер, модем, т.б.), ақпараттық – коммуникациялық технологияны (электрондық кітапхана, почта, Интернет – ресурстар, чаттар, видеоконференциялар, т.б.) ақпаратқа қол жеткізіп, онымен ақпараттық үдерістерді “Информатика” пәнін оқыту мақсатында пайдалана білу қабілеті.

Коммуникативтік құзыреттілік – педагогикалық және ақпараттық – телекоммуникациялық технологиялар арқылы ауызша және жазбаша қарым – қатынас жасау тәсілдерінің меңгерілген жиынтығы.

Өзіндік менеджмент және проблеманы шешу құзыреттілігі  – ғылыми зерттеу жұмыстарын: проблема мен оның мәнділігін анықтау, мақсат қою, қажетті ресурстар мен іс – әрекетті жоспарлау, адекватты технологияны таңдау, атқарылған қызметті, нәтижені, жобалаудың түрлі кезеңіндегі өз қызметін бағалау, бағдарламалық, математикалық, ақпараттық жасақтаманы жаңа технологияны пайдаланып жүргізетін ғылыми негіздегі өзіндік қызметті ұйымдастыруға ендіруді қамтитын арнайы кәсіби қызметтің технологиялары мен тәсілдерінің игерілген жиынтығы.

Болашақ информатика мұғалімдерінің педагогикалық құзыреттілігін қалыптастырудың деңгейлері:

1. Пәндік – мамандық қызметтеріне байланысты қойылатын проблемаларды шешу қабілеттілігі.

2. Аналитикалық бақылау – пәндік іс – әрекеттерін талдау мен бақылау проблемаларын шешу қабілеттілігі.

3. Ұйымдастырушылық – оқушылардың өзіндік іс – әрекеттерін ұйымдастыруға бағытталған проблемаларды шешу қабілеттілігі.

4. Бейімделген – қазіргі жағдайдың өзгерістері мен талаптарына сәйкес проблемаларды шешу қабілеттілігі.

5. Ынталық/психологиялық – психологиялық, жеке тұлғалық, жеке тұлғалар арасындағы өзара қарама – қайшылықты шешу қабілеттілігі.

6. Жобалық – мектепті, мұғалімді және оқушыны дамыту жобаларын шешу қабілеттілігі.

7.  Ғылыми – ізденістік – мектептің, мұғалімнің және оқушының даму нәтижелерін зерттеуді ұйымдастыру және оны өткізу проблемаларын шешу қабілеттілігі.

Информатика ғылым ретінде ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болып қалыптаса бастады. Информатика ақпараттың жалпы қасиеттері мен құрылымы және ақпаратты іздеу, жинау, сақтау, түрлендіру, тасымалдау мен адами қызметте пайдалану үдерістерімен байланысты мәселелерді шешумен айналысады. Ауқымды көлемдегі ақпарат ағынын өңдеуді автоматизация менен телекоммуникациялық жүйелерсіз оздыру қиынға соғады, сол себепті қазіргі заманғы ақпараттық – телекоммуникациялық технологиялар информатиканың материалдық базасы, іргелі өзегі болып саналады.

«Ақпарат» термині қазақ тілінде соңғы кезде пайда болды. ХХ ғасырда жарыққа шыққан басылымдарда (ғылыми, оқу әдебиеттерінің барлығында) «информация» деп аталды. Ол «информатика» ғылымының негізгі зерттеу объектісі болып табылады. Информатиканың негізгі құралы ақпараттық технология (электронды есептегіш машина, компьютер т.с.с.) деп есептеледі.

Электронды есептегіш машиналарының (алдағы жерде қысқаша ЭЕМ) дүниеге келуі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дамыған кибернетикамен байланысты. Кибернетика – жасанды, биологиялық, әлеуметтік жүйелердегі байланыстар мен оларды басқару туралы қарастыратын жалпылама ғылым.

Кибернетиканың бастамасы 1948 жылғы американ математигі Норверт Винердің “Кибернетика, или Управление и связь в животном и машине” атты кітабының шығуынан басталады. Бұл еңбекте жалпы басқару теориясын жасау жолдары көрсетілген және әр түрлі жүйелерге арналған байланыстар мен басқару проблемаларын қарау әдіс – тәсілдерінің негіздері қаланған. Кибернетика сол кездегі ЭЕМ-ларының дамуымен қатар қалыптаса отырып, уақыт өте келе ақпаратты өңдеу туралы ғылымға айнала бастаған. Кибернетикада ақпаратты қайсыбір жүйенің қоршаған ортадан қабылдайтын, керісінше қоршаған ортаға беретін және өзінде сақтайтын сигналдардың, әсерлердің немесе мәліметтің кез келген жиынтығы есебінде қабылдаған.

Кибернетиканы қолданудың қызықты перспективалары ауыл шаруашылығында математикалық әдістер мен ЭЕМ-дерді жоспарлау мен басқару мақсатында кеңінен қолданудың ұсынысын тудырды. Кибернетиканың негізінде оқу үдерісін оңтайлы басқару туралы ғылым кибернетикалық педагогика пайда болды. Кибернетика мектепте басқарушы рөлін атқару үшін компьютерлермен жабдықталған сынып болуы керек және әрбір мұғалім мен оқушы дайын бағдарламаларды пайдалануды оқып – үйренуі тиіс. Кибернетикалық педагогика тұрғысынан қазіргі кезде дәстүрлі “мұғалім – оқушы”,  “оқушы – мұғалім” субьектілер қатынасы өзгеше сипатқа ие болады және мұғалім мен оқушының оқу үдерісіндегі рөлі арта түседі.

Информатикаға жоғары динамикалық қасиет, ғылыми – техникалық дамуға белсенді ықпал ету, басқаруда, өндіріс іс- әрекетінде, білім беруде, денсаулық сақтауда, ғылымда, мәдениетте, т.б. практикалық қолдану өрісінің кеңдігі, компьютерлік техника негізінде жаңа ақпараттық технологиялар енгізу шығындарының тез қайтымдылығы тән.

Информатика ғылымының логикалық құрылымы теориялық информатика, ақпараттандыру құралдары, ақпараттық технология, әлеуметтік информатика бөлімдерінен тұрады. Информатика – кешенді ғылыми және инженерлік пән. Ол ақпаратты түрлендірудің автоматтандырылған жүйелерінің (ЭЕМ-ге негізделген) қызметі мен құрастыру, жобалау, құру, бағалау аспектілерін, оларды қолдану мен түрлі салаларға әсерін қарастырады. (В.С.Михалевич, Ю.М.Каныган, В.И.Гриценко)

Информатика ғылымының оқу пәні ретінде қарастырылатын негізгі бағыттары:

–         табиғаттағы информатика

–         теориялық информатика

–         есептеуіш техника

–         кибернетика

–         бағдарламалау тілі

–         жасанды интеллекті

–         қоғамдағы информатика

Информатиканың орта мектепте пән ретінде енгізілуінің өзіндік тарихы

бар, оны бірнеше кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең, Кеңестік Одақтағы 50 – жылдардың бас кезіндегі алғашқы

ЭЕМ-ның пайда болуымен байланысты. Оған сәйкес адам қызметінің жаңа саласы дами бастады. Бағдарламалаудың  қалыптасу кезеңінде тілдік құралдар мен әдістер жеткіліксіз болды. Соған қарамастан оқушылардың бағдарламалауды түсініп, игеруіне ешқандай қиыншылық болған жоқ.

Алғашқы ЭЕМ-дар пайда болғаннан кейін көп кешікпей ғылыми – зерттеу мекемелерінде және ірі оқу орындарында бағдарламалауды және ЭЕМ-де жұмыс істеуді зерттейтін топтар пайда бола бастады. 50 – жылдардың аяғына қарай, А.П.Ершовтың басқаруымен Новосибирск қаласының кейбір мектептерінде тәжірибелік зерттеу жүргізілген. Бұл тәжірибеге ғылыми қалашықтағы университеттер мен ғылыми – зерттеу институттарының көптеген ғалымдары араласқан.

Екінші кезең, математикаға бейімделген мектептер негізінде оқушыларды бағдарламалауға мамандандырумен байланысты жүрді. Информатиканы мектепте оқытуды 1959 жылы С.И.Шварцбурд ЭЕМ жұмысын жоғары сынып оқушыларына үйретуге бағытталған эксперимент жүргізуден бастады. Мұндай мектептерде жалпыға бірдей орта білім негізінде бағдарламалаушы дайындау көзделген болатын.

Бағдарламалау саласында мамандандырылған мектептер жүйесінің дамуы тағы бір маңызды рөл атқарды. Оқушыларды бағдарламалауға үйрету жолдары туралы әдістемелік мақалалар басылым беттерінде көптеп шыға бастады.

Бұл жылдары математикаға бейімделген мектептер үшін белгілі бір бағдарламалау жүйесі негізінде дайындалған оқу құралдары кең таралды. Осы жинақталған материалдар бағдарламамалау бойынша факультативтік курстардың қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Факультативтік курстың мақсаты – оқушылардың жан – жақты мүмкіндіктерін дамытуға және білімдерін тереңдетуге бағытталған жаңа оқу жұмысының түрі ретінде қарастырылды.

Кейінірек сол кездегі математикалық орта білімнің қайта құрылуына байланыты жаңа таңдаулы тақврвптар ұсынылды. «Санау жүйелері және ЭЕМ – нің арифметикалық құрылғылары» ( 7 – сынып ), «Алгоритмдеу және бағдарламалау» ( 8 – сынып ), «Кибернетика негіздері ( 9 – 10 сыныптар ), «Бағдарламалау тілдері» ( 10 – сынып ).

Дәл осы кекзеңде арнаулы факультативтік курстар бойынша оқыту мазмұны мен әдістерін жасау туралы әдістемелік мәселелер В.М.Монаховтың және т.б. көптеген ғалымдардың еңбектерінде өз шешімін тапты. Мектептер мен есептегіш техникасы бар өндіріс орындары арасында байланысты қалыптастыру тәжірибесі жинақталды. Бұл тәжірибе кейін оқу-өндірістік  комбинаттары арқылы мектептегі оқыту ісіне есептегіш техниканы енгізуге негіз болды.

Үшінші кезең оқушыларды оқу-өндірістік комбинаттары негізінде мамандандырумен байланысты. Оқу-өндірістік комбинаттары негізінде көптеген ЭЕМ операторы, компьютер құрылғыларын жөндеу және күту бойынша электромеханик, электронды аппаратураны реттеуші, бағдарламалаушы зертханашы, есептеу жұмыстарының операторын дайындау мүмкін болды.

Төртінші кезең жалпы білімдік бағдардың дамуымен сипатталады. Математикаға бейімделген мектептерде оқушыларға бағдарламалауды оқытудың арнаулы кәсіби бағдардағы мүдделері қарастырылды. Сонымен қатар, бағдарламалаудың жалпы білімдік әсері және алгоритмдеудің мектептегі дәстүрлі пәндерге пәнаралық әсерінің мазмұндық – әдістемелік мәселелері зерттелді.

Бесінші кезеңнің басталуына, мектептегі компьютерлендіру саласында нақты ұйымдастыру  – әдістемелік шаралардың жасақталуына КОКП сәуір (1948ж) Пленумында және КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясында бекітілген “Жалпы білім беретін орта және кәсіби мектеп реформасының негізгі бағыттары” атты қаулысы себеп болды. Мектеп реформасының негізгі міндеттерінің бірі информатиканы оқу – тәрбие үдерісіне енгізу және жастардың компьютерлік сауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталды. 1984 жылдың соңында КСРО педагогикалық ғылым академиясында информатика негіздерін оқыту мазмұны мен әдістерін, ғылыми зерттеу институты мен КСРО ғылым академиясы Есептеу Орталығының басқаруымен жалпыға міндетті пән «Информатика» және есептегіш техника негіздерінің» бағдарламасын жасау жұмысы басталды. Бұл жұмыс 1985 жылдың ортасында аяқталып, КСРО оқу министрлігінде мақұлданды.

Алтыншы кезең білім беруді ұлттық негізде жүргізу қажеттілігімен және ақпараттық техниканың телекоммуникациялық мүмкіндіктерінің кеңінен пайдалануымен байланысты. Қазақстан Республикасында 1998 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму жоспары жасалды. Мұнда мектепті соңғы үлгідегі техникамен қамтамасыз ету, компьютерлендіру қажеттігі, оны тезх жүзеге асыру жүктелді. Бұдан кейін Қазақстан Республикасы (ҚР) білім беру жүйесін ақпараттандыру тұжырымдамасы мен қысқа мерзімдік ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламалары жасақталды. ҚР «Ақпараттандыру туралы» Заңы 1.07.2003 жылдан бастап енгізілді. Мұндай құжаттардың пайда болуына орай, мектептер соңғы үлгідегі дербес копьютерлермен жасақталды, олар жергілікті және ауқымды желіге қосылды, «КАТЕЛКО», т.б. қашықтан оқыту орталықтары құрылды. 2000 жылдан бастап қашықтан оқыту арналары жұмыс істей бастады. Электрондық оқулықтар, мультимедиалық бағдарламалар пайда бола бастады. Оқу сайттары құрыла бастады. Түрлі жоғары деңгейдегі оқыту жүйелері қызмет ете бастады.

Мектепте информатиканы оқыту 7-сыныпта басталды. 12 жылдық білім беруге көшу бағдарламасы жасалып, онда информатиканы оқыту 4-сыныптан басталатын болды. Мектептегі информатика мектепте оқылатын пәндердің ішіндегі жастарының бірі, сондықтан оның шешілмеген проблемалары да жетерлік. Сондай мәселелердің бірі информатиканы оқыту әдістемесінің жеткіліксіздігі. Бұдан информатиканың математика, физикадан, т.б. пәндерден мазмұны жағынан да, оқыту мақсаты жағынан да өзгешелігімен ерекшеленетінін көруге болады. Информатиканың көбінесе математика, физикамен қатар қарастырады, өйткені, есеп шығару кезеңдері, алгоритмдеу, модельдеу тақырыптары бойынша олардың бір – бірін толықтыруы мен ұқсастықтары барын жоққа шығаруға болмайды.

Бұл орайда, информатиканы оқытуда басқа пәндерді оқыту әдістемесін қолдану мүмкін бе деген сұрақ туады. Әрине, болады, дегеенмен, оны информатиканың ерекшеліктерін ескере отырып, өңдеу қажеттігін ұмытпау керек:

·          информатиканы оқытуда компьютер оқып-үйрету объектісі болуымен бір мезетте оқыту құралы да болатыны пәнге тән проблема. Үй тапсырмаларын үйде компьютермен орындау мүмкіндігіне әрбір оқушының жағдайы келе бермейді, сондықтан, үй тапсырмасы менсыныптағы жұмыстарды ұйымдастыруда оқушылардың қызығушылықтарын қанағаттандыруды ескеру керек;

·          информатикадан білім мен икемділікке оқушы тек сыныпта ғана ие болмайды, сондықтан информатиканы түрлі деңгейде оқыту мәселесіне көңіл аударған жөн;

·          әлеуметтік-психологиялық  проблемалардың тууын, әсіресе, бірдеңені сындырып алудан, бүлініп қалудан қорқу, сондай-ақ, білмеушілік пен істей алмаушылық, жаңа мен таныс емес нәрселерден қорқу сияқты, «компьютерлік дәрменсіздік феномені» деп аталатын проблеманың болуынан сақтануды алдын-ала ойлау керек. Өйткені, бұлар оқу тиімділігін төмендетеді.

Жалпы алғанда, информатика сабағын оқушылар қызыға қатысады, себебі, компьютердің өзі пәнді оқып – үйренуге деген ынталандырушы болып табылады. Компьютерді оқу объектісі және субьектісі ретінде қараған жөн.

Әдебиеттер:

1. Лапчик М.П., Семакин И.Г., Хеннер Е.К. Методика преподавания информатики. – М.: Академия, 2005. – 624 с.

2. Халықова К.З. Информатиканы оқыту әдістемесі. Алматы:                «Білім», 2001. – 196 бет.

3. Мұханбетжанова С.М. Мектеп информатикасын оқыту әдістемесі.. Алматы, ББЖБ және ҒПБАРИ, 2006.

4. Малаев В.В. Общая методика преподавания информатики. –          Воронеж, ВГПУ, 2005. – 271 с.

5. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін 2015 жылға                 дейін дамыту тұжырымдамасы

6. Программа по развитию информационных и коммуникационных технологий в Республике Казахстан на 2010-2014 годы. 29.09.2010

7. Информатика (Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты)       Алматы, 2003.

8. Информатика мұғалімінің мамандығына қойылатын талаптар.         Алматы, 1998.

9. Морева Н.А. Педагогика среднего профессионального               образования: Учеб. Пособие для студентов высш. пед. учеб,              заведений. М.: Академия, 2001. С. 26

10. Захарова И.Г. Информационные технологии в образовании:                Учеб. Пособие для студентов вуза. М.: Академия, 2003.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *