Оқушы шығармашылығын дамыту


Муканова Акмарал Дамировна

Меңдіқара ауданы әкімдігінің  «Жарсуат негізгі мектебі» ММ бастауыш сынып мұғалімі

Біздегі басты міндет – білім беруді жаңа  сапамен және мазмұнмен толықтыру», – деген болатын елбасымыз кезекті Жолдауында. Бүгінгі күні ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білімнің және іскерліктің керектігін талап етеді. Сол себепті де  оқушылардың шығармашылық ойлауын дамыту, оқушының табиғи дарындылығын пайдалана отырып, ғылыми көзқарасы мен белсенділігін дамыту керек.Мектепте алған білім баланың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беріп оны өнімді, шығармашыл, өзіндік ойлауға үйретуі тиіс. Баланың қабілеттерін дамыту мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. Ежелгі грек ғалымы және философы Сократ өз оқушысының дамуына үнемі қамқорлық жасап отырған.Оқушының  шығармашылық қабілеттерін дамыту және оны тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы көкейтесті мәселелердің бірі. Шығармашылық – бүкіл  тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі. Бұған бүкіл халықтық, жалпы және жеке адамның шығармашылығы арқылы келдік. Әр жаңа ұрпақ өзіне дейінгі ұрпақтың қол жеткен жетістіктерін меңгеріп қана қоймай, өз іс-әрекетінде сол жетістіктерді жаңа жағдайға бейімдей, жетілдіре отырып, барлық салада таңғажайып табыстарға қол жеткізеді.Мектеп – бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін, ерекше құнды, қайталанбас кезеңі. Сондықтан да ондағы білім беру ісі – үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы, қиын да қадірлі жұмыс. Мектеп балаға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқыту, қоршаған ортада дұрыс көзқараста болу, жағдайларды объективті түрде бағалап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді.Осы арада оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік – оларды психологиялық дайындықтан өткізу, яғни балалық шабытын оятып, құлшындырып, еліктіріп отырып, «Сенің қолыңнан бәрі келеді екен ғой», «Өзің де бәрін біліп, үйреніп  аласың» деп олардың кішкентай жетістіктерін мадақтап, көтермелеп отыру қажет. Алдындағы жетістіктеріне құптаушылық көрсетіп, сезім күйін бақылап, қамқорлық жасау керек. Оқушының қойған сұрақтарына пейілмен дұрыс жауап беріп, алдыға проблема қойып оны шешуге ықпал жасап отырған дұрыс. Сонда оқушы ынталанып, алға ұмтылады, шығармашылық қабілетін дамытады.Сонымен қатар, сабақ беру процесінде оқушыларды шығармашылық жұмысқа баулудың маңызы зор. Жазба  жұмыстары олардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіндік көзқарасын, эстетикалық және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау, салыстыра білу және одан қорытынды жасау қасиеттері байқалып тұруы қажет деп ойлаймын.