«Тәуелсіздік-тірегім, Қазақстан-жүрегім!»


Захарова Ақжарқын Мергенқызы

№ 37 жалпы орта білім беретін мектеп тарих пәні мұғалімі

№ 37 жалпы орта білім беретін мектеп

«Тәуелсіздік-тірегім, Қазақстан-жүрегім!»

тақырыбында ашық тәрбие сағаты

6 «В» сынып жетекшісі:

Захарова Ақжарқын Мергенқызы

2021-2022жыл

Тақырыбы: «Тәуелсіздік-тірегім, Қазақстан-жүрегім!»

Мақсаты:

  • Оқушыларды еліміздің тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі жеткен жеңістіктерімен таныстыру,әлем таныған ел екенін дәлелдеу,білімдерін кеңейту.
  • Болашақ ұрпақтың рухани тұлғалық және адамгершілік құндылықтарын дамыту.
  • Отанын сүюге,ел тарихын білуге,еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге,отанымыздың  байлығын қорғауға,елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Еліміздің туы, Елтаңбасы мен Гимні, Отан, туған жер туралы нақыл сөздер, суреттер, буклеттер, слайдты-бейнебаян т.б..

Техникалық құрал: мультимедиалық қондырғы.

Барысы:

Мұғалім: Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар!  Бүгінгі тәрбие сағатымыз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналады.  1991ж. 16 желтоқсанда Тәуелсіздік Декларациясы қабылданып, Қазақстан өзін тәуелсіз ел ретінде жариялады. Бүгінгі «Тәуелсіздік-тірегім, Қазақстан-жүрегім!» тақырыбындағы тәрбие сағатымыз халқымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы ерлік күресі мен қазіргі Қазақстанның жетістіктеріне арналады. Тәрбие сағатымызды төмендегі жоспар бойынша жүргіземіз:

1. Кіріспе. Тәуелсіз ел – Қазақстан.

2.Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қол жеткізген жетістіктер.(Бейнематериал)

3. Оқушылардың өлең шумақтары

4. «Мозайка» әдісі арқылы викториналық сұрақтар.

5.WhatsApp платформасы  арқылы кері байланыс орнату.

6.Қорытынды

  Алдымен ҚР «Мемлекеттік гимні» орындалсын.

       Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ – нағыз батыр халық екенін мойндайсың. Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыз үш нәрсені бойтұмардай сақтап қадірлеген.  Ол ел мен жер және ана тілі. Қандай халық болмасын осы үшеуінсіз егемен ел екенін дәлелдей алмайды. Алтайдан Алатауға дейін ұланғайыр жерді мекен еткен ата-бабаларымыз Тәуелсіздікті арман еткен. Осынау кең даланы көк найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған бабаларымыздың аманатын орындау үшін талай боздақтар құрбан болды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап күні кешегі Қайрат Рысқұлбековке дейін сол елді қорғауды ұран еткен.

        Тәуелсіздік жолында өздерін құрбан еткен Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбираның аңсаған армандары мен үміт-тілектері бұл күнде толық жүзеге асты.

Сол Тәуелсіздікке жетеміз деп қыршын кеткен жастарымызды 1 минут үнсіздікпен еске алайық. (1 минут үнсіздік) Ал енді біз халқымыздың сан ғасырлар бойы күресіп армандап жеткен Тәуелсіздік жолын жырлайық.

Мұғалім.

Еліміздің тәуелсіздік алуы –  халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашты, бүкіл қоғамдық өмірімізге жаңа леп, серпін ала келді. Ол-баршамыз бейбіт өмірде, еркіндікті аңсаған ақ ниет, ақ тілеумен өзіміз тіккен ортақ шаңырағымыздың Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгіні.

Қазақ халқы азаттык үшін талай қиындықты бастан кешірді. Бірақ ешқашан қиындықты мойындамады, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сенді. Міне енді, осы Тәуелсіздігіміздің кейбір оқиғаларын еске түсіріп өтейік.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қол жеткізген жетістіктер.(Бейнематериал)

Сұрақтар:

  • Оқушылар  бейнематериалдан не көрдіңіздер?
  • Не ұқтыңыздар?

Мұғалім:1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіз Республика болып жарияланды. Ендеше «Тәуелсіздік таңы» атты шағын көрініске назар аударыңыздар.

(Әжесі жұн тутіп отырады Немересі далада ойнап жүреді)

Әжесі:(Көркем) Е-е-е-е… — тәуба! Бергеніне шүкір…

Немересі: (Алмат)  Әже, әжетай! Далада керемет болып жатыр, аспанға жаркылдаған салют атып, адамдар құанышқа бөлiніп жатыр. Жүрiңіз, көрейік!

Әжесі: Е-е-е-е, жарығым бұл қуаныш. Тәуелсіздіктің мейрамына арналған керемет, қой. Жақсылығымыз ұзағынан болсын!

Немересі: Әжетай, Тәуелсіз деген не?

Әжесі: Тәуелсіздік деген еркіндігің, бостандығың, бақытың, балам. Біздің кезімізде мундай еркіндік болған жоқ.

Немересі: Сол өміріңіз туралы айтып беріңізші?

Әжесі: Әй, балам-ай, өткен өмірді көз алдыма елестетсем шуылдап, басым айналады. Аздап тынықпасам болмас. (Әжесі немересімен қисайып жата кетеді).

Немересі: (көзін ұқалап тұрады) — Әже, жап-жарық күнді көрдім. Көп түс көрдім.

Әжесі: Е-е-е-е…, ол сенің бақытың, балам. Тәуелсіздігінің мәңгі жарық күні.

Немересі: Ендеше мен ұстаздарымнан, жолдастарымнан сүйінші сұраймын. Алақай, сүйінші! Тәуесіздіктің ақ таңы атып келді!

Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап,ұлттық намысымызды оятқан,әлемге қазақты азаттық сүйгіш,рухы биік, намысы берік халық ретінде жарияланған Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Тәуелсіздік – қазақ елі үшін киелі ұғым.

Ақниет

Қазақстан – қасиетті ұғым бұл

Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын, біл.

Он бір әріп не мағына береді,

Ал, толғайық жеткенінше қызыл тіл.

Т- білдіреді теңдікті,(Ақниет)

Ә- әдептілік, әлдікті,(Жасмин)

У-уайымсыз уақытты,(Анэля)

Е- егемендік елдікті.(Едіге)

Л-лаулап жанған бақытты,(Гаухар)

С-сенімділік секілді,(Арнұр)

І-ілтипат пен ізетті(Ислам)

З- зиялылық тілек қой.(Фердаус)

Д- шақырады достыққа,(Н.Ералы)

І- ізденіс пен нәтиже (Нұрәлі)

К- дейді күн боп көктегі(Дәурен)

Тәуелсіздік келді бүгін көктемі

Тәуелсіздік туындай биік еңселі(Хор)

Еркеназ:

Тәуелсіздік!Қасиетті де,құдіретті осы бір ұғымның тереңіне зер салып,ой жіберейік.

Тәуелсіздік атты бұл тәтті сөздің тұңғиығына ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы,азаттық жолында құрбан болған талай-талай боздақтардың ұрпаққа қалған аманаты жатыр.Ұлы даланың жас перзенті-қалың қазақтың азаттық мұратындағы қасиетті күрестері,тағдыр алға тартқан талай тар жол,тайғақ кешулер жатыр.Жаңа ғасырмен бірге келген ел тәуелсіздігі азаттық ұранын ұрпағына ұлағат еткен бабалар үрдісінің жалғасы.

Дария:

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жер көлемі 2 400мың шаршы шақырым жерді алып жатыр, яғни республикамыздың территориясына жеті мемлекет сияды. Мысалы, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Португалия, Испания, Италия  Жер көлемі жағынан БҰҰ 180 мемелекеттің ішінде 9-орында. Республикамыз 5 мемлекетпен көршілес. Олар: Ресей, Қытай, Өзбекстан,Қырғызстан,Түркменстан. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады.  Қазақстанда 14 облыс,  858 ірі қалалар бар. Елордасы – Астана.

Әмірхан:

Біздің Қазақстан Республикасы өте бай мемелекет. Бізде алтын, темір, мырыш, күміс,көмір, газ, мұнай, яғни бір сөзбен айтқанда Менделеев кестесіндегі 105 элементтің 99 элементі Қазақстан жерінде кездеседі.

Балауса:

Еліміздің өзіне тән туы, елтаңбасы,әнұраны бар. Әнұранымыздың авторлары- Ш.Қалдаяқов, Ж.Нәжімеденов, Н.Назарбаев. Қазақстан Республикасының Мемелекеттік туы көгілдір түсті. Онда Алтын күн бейнесі, шарықтай ұшқан дала қыраны және ұлттық ою-өрнек нақышталған  тік жолақ бар. Тудың көгілдір түсі –  бұлтсыз ашық аспан, бейбітшілік белгісі. Күннің нұр шұғыласы – байлық пен берекенің, тыныштық пен жылылықтың белгісі. Қыран бүркіт – тәуелсіздік белгісі. Өрнек – салт-дәстүрдің белгісі. Мемлекеттік тудың авторы – Шәкен Ниязбеков.

Даяна:

Қазақстан Республикасының елтаңбасының бастысы- шаңырақ. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, ол күн бейнесін, ал уықтар одан тарап жатқан алтын сәулелері.Қазақта «Ат- адамның қанаты» деген мақал бар. Елтаңбадағы тұлпар бейнесі дала пырағы оның шапшаңдығы ер жігітті тәуелсіздікке жетелейді. Бесбұрышты жұлдызы – әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы сияқты. Күн мен айды , жұлдызды кие тұтатын халқымыз  «Жұлдызың жарқырай берсін» деген асыл арманын айтып тұрғандай. Елтаңбаның авторлары –  Шота Аман Уәлихан және Жандарбек Мәлібекұлы.

Ендігі кезекте оқушыларымыздың Тәуелсіздік туралы өлең шумақтарын тыңдайық.

Азиза:

Көк аспандай көкпеңбек
Қазақстан жалауы
Көк емес ол тектен – тек
Елдің ашық қабағы.

Елтанбасы елімнің
Неткен әйбат, әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі!

Әнұраны елімнің

Шақырады бірлікке.

Егеменді халқымның

Болашағы бірлікте.

Қазақстан рәміздері елдігімнің белгісі,

Білу керек балаға дейін ең кіші.

Әнұран,көгілдір ту, елтаңба

Рәміздерді жатқа білгін әр кісі.

Айдана:Тәуелсіздік бостандығың еліңде

Желбіреді көк тұлпарың көгіңде

Жарқын болсын тәуелсіз ел әлемге

Теңесті халқың терезесі тең елге.

Махаббат:

Тәуелсіздік – елімнің шамшырағы

Тәуелсіздік – халқымның бәйге пырағы.

Тұрақты болсын , қуатты болсын әрқашан,

Шырағы мен пырағының тұрағы.

Мадияр:

Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,

Бейуақытта бойға таққан тұмары.

Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,

Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.

Айзада:

Қазақстан – туған Отан, алтын бақ,
Ұлы жолға түсті келіп жарқылдап.
Қазақстан – көпті көрген қария,
Қазақстан – мейірім, ана, жер қымбат,
Атады әлі тағы да бір таң күліп,
Жүректерде арман отын жандырып.
Қазақстан бізді туған ұлы Отан,

Жайнай бер сен жайнай бер сен мәңгілік!

О.Ералы:

Тәуелсіздік – сан ғасырлық тарихы бар,
Қазақстан – бұл азат ел танысыңдар.
Көк байрағы, елтаңба, әнұраны,
Қазақ елі егемен, сан ұлты бар.
Тәуелсіздік – бабалардың ұраны,
Бейуақытта бойға таққан тұмары.
Тәуелсіздік – түнектерде тұншығып,
Ызғар ұрып, жанбай қалған шырағы.\

Анэля:

Абыройың асқақ боп,

Жасай берші гүл елім!

Отыз жылдығың құтты боп,

Биіктей бер жыр елім!

Отаным,Қазақстан,

Құтты болсын мерекең.

Тәуелсіз елміз отыз жыл,

Арта берсің берекең.

Бегайым:

Биылғы жыл – қазақ халқы үшін айырықша ардақты, мемлекетіміз үшін ең мерейлі мерекелі жыл. Биыл біздің тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Ғасырға бергісіз 30 жыл күллі қазақтың арман – тілегін аспандатқан, бабаларымыз бен әкелеріміздің аңсаған арманы орындалған 30 жыл, ұлы мерекеміз құтты болсын!

 «Мозайка» әдісі арқылы викториналық сұрақтарға жауап беріп сурет құрастырады:

1. Мемлекеттік рәміздерді ата (ту, елтаңба, әнұран)

2. Егемен Қазақстанның ордендері мен медальдарын атаңдар («Халық қаһарманы», «Алтын жұлдыз», «Отан» ордені, «Даңқ», «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары).

3. Тәуелсіздік Монументі қай алаңда, қай жылы ашылды? (1996 жылы 18 желтоқсан күні Республика алаңы).

4. Мемлекеттік елтаңбаның авторлары (Ж. Мәлібеков, Ш. Уәлиханов)

5. Ұлттық валюта (теңге)

6. Қазақстан Республикасының жер көлемі (2417, 3 мың шаршы шақырым).

7. Туған жердей жер болмас,

……………………………………..( Туған елдей ел болмас)

8. Қазақ жеріндегі ғарыш айлағы (Байқоңыр)

9. Әнұран авторлары (Ж. Нәжімеденов, Н. Ә. Назарбаев)

10.Қазақстан қандай мемлекет? (зайырлы,тәуелсәз,құқықты,бостандық)

11.Қазақстан қадай мемлекеттермен шектесіп жатыр? (Ресей, Қытай, Өзбекстан,Қырғызстан,Түркменстан.)

12.Елімізде қанша ұлт өкілдері өмір сүреді?(130-дан астам)

13.Қазақстан жерінде қанша элемент кездеседі? (99 элементі)

14. Жаңа Ата заңымыз қабылданған жыл (1995 жылы, 30 тамыз).

Мұғалім: Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы қайратты, қаhарман.

Тәуелсіздікті анаңдай ардақта, балаңдай мәпеле, құрметте.

Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола түссін!

Еліміздің белгісі – көгілдір туымыз әрқашан желбірей берсін!

1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіз Республика болып жарияланды.

Тәуелсізбін, егеменмін, еркінмін,

Көңілім көкке шарықтады, серпілдім.

Көкірегім мұздап еді, ерідім,

Домбырадай күмбірледі көңілім.

WhatsApp платформасы  арқылы бүгінгі тәрбие сағатынан алған әсерлерін жазып  кері байланыс орнату

ӘН: «Көк тудың желбірегені» караоке (хор)
Мұғалім: Қазақстанның болашағы сендерсіңдер. 2030 жылы Қазақстанның Орта Азия барысына айналуына сіздер үлес қосасыздар. Елдігіміз бен бірлігімізді, ынтымақ пен татулығымызды айқындайтын егемендігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!  Отанымыз гүлденіп, жайнай берсін деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, мереке мерекеге ұлассын!

Назар салып тыңдағандарыңызға рақмет!