Қиялдардың ұшуы 2023


Рахметова Айнұр Жолдыбайқызы,Мырзахан Әсел Асилбекқызы, Ергеш Расул Ерболатұлы, Жарылқасым Зерделі Нұрсұлтанқызы, Азимхан Алишер Асанханұлы

№9 Меркі колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» студенттері

Жетекші: Мырзалиева Айгерім Амангелдіқызы

Туған жер тұғырым

Бұрынғы Елбасымыз Н. Назарбаевтің « Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «…Туған жер –әркімнің шыр етіп жерге түскен ,бауырында еңбектеп , қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі», – деген еді.Бір ауыз сөзбен туған жер деген ұғымды толық қамтитындай…
          Жалпы туған жер дегенде есімізге балалық шағымыз түсетіні айдан анық, солай емес пе?! Сол туған жерде туылған соң ол жердің табиғатын ерекше ұнатамыз. Біз үшін ауасы, тау-тасы бәрі ерекше болып , бәрінен қымбат санаймыз.Ешқандай адам өзінің туылған жерін ұмытпайтыны айдан анық. Себебі туған жер әрбір адамның жүрегінен орын алады. Оған деген махаббатымыз шексіз… Мейлі біз алыста болсақ та, туған жерді күнде ойламасақ та, тіпті кейде жиі баруға уақыт таппай жатамыз дегенмен де, оны сағынғанымыз есімізге түссе, біз бәрін тастап сонда баруға дайынбыз .Өйткені біз үшін ол анамыздай , оған барсақ демаламыз, шаршағанымызды ұмытып , онымен өткен қызықты күндерімізді еске алып бір марқайып қаламыз.
        «Осы туған жер дегеннің қадіріне жетіп жүрміз бе?» деген сұрақ келеді. Тарихқа көз жүгіртіп көрейікші , осы ұлан байтақ жер үшін , ел үшін қаншама адамның қаны төгілді, қаншама жастарымыз тәуелсіздік құрбаны болды.Қан мен тердің арқасында келген жерді қорғау , қадірлей білу біздің міндетіміз . Алайда ,осындай тыныш елде тұрып көптеген діни ағымның жетегіне кетіп жатқан жастарымыз көбейіп кетті қазіргі сәтте, оның барлығы діни сауатсыздық пен патриотизмдік сезімнің азайып бара жатқандығынан деп білемін.Осы тұста Бауыржан Момышұлының: «Опасызға –отан жоқ», – деп тайға танба басқандай етіп айтып кеткендей қазіргі кезде өз мүддесі үшін елін, Отанын сатып кеткен адамдар көбейіп кетті ғой… Осындай болып жатқан жағдайларға қарнымыз ашатыны бар.Біздің қолдан келері ,болашақта қазіргі көріп жүрген қателіктерге бой алдырмау. Солардың бәрін жөндеу керек. Болашақ ұрпаққа да ел мен жердің қан мен тердің арқасында келгенін насихаттау – біздің парыз Бұрынғы Елбасымыздың«Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деген сөзімен мақаламды түйіндей келе, барша отандастарымды егеменді еліміздің жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.

Жемқорлықпен күрес

Жемқорлық қазақтың жалпақ жерін жайпап келеді. «Жемқорлықпен күресеміз» дегендердің өзі жемқорлар қатарынан екені баршамызға мәлім. XXI ғасырда ақшаның мерейі барынша үстем болып отыр. Бір жапырақ қағазға адамдар неге мұнша құнықты екен? Ақша күрмеуі мол көп мәселені шешуге қауқарлы.

Жоғары лауазымды тұлғалар ақшаны оңды-солды шашып, мемлекетке сатқындық жасап отыр. Тамырын тереңге жіберген жемқорлықты түбірімен жою оңай болмай тұр. Тәрбие отбасынан басталады. Ата-анасының  өз шаруасын пара беру арқылы шешіп отырғанын көріп өскен бала, ата-анасынан көргенін дұрыс деп түсініп, оны қалыпты жағдай деп қабылдауға үйренеді. Есейгенде ол бала қай жолды таңдауы мүмкін? Қалтасының қамын ойлайтын шенеунік бола ма, әлде тәуелсіз еліміздің қамын ойлайтын азамат бола ма? «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп, қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қайсар халықтың ұрпағы бүгінгі таңда әділдіктің не екенін ұмыта бастады-ау, шамасы. Қатаң шара қолданып, анық қолға алатын болсақ, жемқорлықты жоюға болады. Жемқорлыққа қатысы бар адамдарды мемлекеттік қызметтен алып, жаза қолдансақ, бұл басқаларға сабақ болады. Өзгенің шалыс басқанын көрген халық парақорлықтан бойын аулақ ұстайды. Көптеген мекемелерде жемқорлыққа қарсы шаралар өтсе, ол да септігін тигізер еді. Мемлекеттік мекемеде әділетті шешім шығаратын адал, жанашыр азаматтар болса, еліміздегі жемқорлық түбірімен жойылады. Әрине, бұның бәрі оңай шаруа емес. Ол үшін сылтау емес, әрекет керек.

Өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Сымсыз ұялы телефон, тұтқасыз есіктің боларын біздің аталарымыз білді ме? Бұл да бір кезеңдері мүмкін еместердің қатарында болған. Сол секілді жемқорлықпен де күресуге болады. Қашанғы үкімет басындағылардың миллион емес, миллиардтарды жеп отырғанына шыдап отырмақпыз? Өткен жылдары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер министрлігі 36 миллиардты жоқ етті. Бұл бір мысал ғана, мұнан өзге қанша ақшаның жоқ болып жатқанынан бейхабармыз. Маң-маң басқан министрлеріміге ертеңімізді сеніп тапсырып, алаңсыз отыра берсек, болашағымыздың мәз болмасы анық. Сол себепті кеш болмай тұрып, ертерек істі қолға алу керек.

Өмірде жүйесі кеткен талай нәрсені жөнге салуға болады. Жемқорлықты да толықтай жоюға болады. Ең бастысы, ниет, сосын, әрекет керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл дерттен де арылуға болады. Қазақтың кең пейіл даласын жайлап, көк аспанын қара бұлттай торлаған «жемқорлық» атты дерттің қазақ жастары шипасын тауып, оны емдеп жазарына сенемін!

 Алғашқы ұстаз

Ия , осы бір ауыз сөзді естіген шақта- бар жан-дүниеңді ақтарып, ой теңізіне -қиял кемесімен балалық атты әдемі әлемге қалай сүңгіп кеткеніңді де аңғармай қаласың! Себебі, алғашқы ұстазыңды есіңе алғанда, ең алдымен көз алдыңа құлдыраңдаған сәби кезіңдегі алғаш мектеп атты үлкен орданың есігін имене ашып, жүрегің дүрсілдей, алдыңда мейірлене күліп, жылы жымиған апайыңның жүзіне өзіңше балалық сақтықпен барлай көз тастап, өз балалық таным-түсінігіңе сай зерттеу жасай бастайсың…… Ұстаздың бар бітім-болмысы, тұлғасы, жүріс-тұрысы, сөз саптау мәнері, дауыс ырғағы,бәрі-бәрі балалық пәк жүрегіңнің түкпірінен орын ала берері сөзсіз…….

…Арада сынаптай сырғыған зымыран-уақыттың жалына жармасқан мектептегі бал-балалық сәттерің сыңғырлаған күміс қоңырау үнімен бірге қол бұлғап қоштасып, өмір айдынына қанат қағасың… Жігіттік, бойжеткендік, кемел шақтық өмір өлшемдері саған берілген ғұмыр беттеріне өз өрнегін салған шақтарда, артыңа бір сәт ойша көз жүгіртіп, тәтті естеліктерге толы өзің өтіп кеткен аялдамаларға қайта ораласың…….

Ия ,мұның бәрін неге айтып отырмын, себебі мен де барша екі аяқты пенделердей сол балалық шаққа саяхат жасау арқылы –алғашқы ұстазымды есіме алғым келеді. [hide][/hide]

Мен сонау 1977 жылы 1-қыркүйекте Бостандық орта мектебінің 1-сыныбының табалдырығынан аттаған 1-ші «б» сыныбының 27 шәкіртінің бірі едім.

…Әлі есімде, әдемі гүлді кофта мен қара белдемше киген, шашын желкесіне әдемілеп түйген апай біздерді сапқа тұрғызып, алғашқы қоңырау салтанатынан кейін сыныпқа кіргізді.Мектепке жетектеп әкелген әке-шешемізге тығыла отырып, апайға сәл қорқынышпен, жүрексіне қарап отырғанымыз….. Апайымыздың мейірімді қоңыр үні-бізді өзіне баурай берді….

Бұл апайымыз- біздің алғашқы ұстазымыз-Алтынай Абашқызы Дүйсенова еді….

Алтынай десе- алтын айдай еді-ау, аяулы ұстазым! Бойындағы бар ерік-жігерін аямай, шәкірттерін білім әлеміне қызықтырып,оқытып қана қоймай, өнерге де жанын салып үйрететін. Мектепте өтетін барлық шараларға бізді өзі әзірлеп, көркемсөзді дауыс ырғағын келтіріп, мәнерлеп оқуға,би билесек- саз ырғағына сай қолымыз бен аяқ қимылының үйлесіміне, ән салсақ-даусымыздың ырғағына өте қатал талап қоя білетін және жалықпай үйрететін! Тіпті үзіліс кездерінде де қызықты ойындар ойнатып, немесе,әдемі ертегі, әңгіме кітапшаларын таратып беріп,сурет,еңбек сабақтарында әдемі ойыншықтар жасауға, оюлар оюға үйрететін, сондай қызықтыратын! Апайымның тапқырлығына, бәрін білетіндігіне, қолынан бәрі келетініне ерекше таң қалатынмын. Іштей «мен де апайым сияқты боламын» деген балалық арманым сол кезден бастау алған…

Алтынай апайымның өн бойына бар өнер түйісе тоғысқан еді десем, артық болмас. Себебі-апайым мектеп ұжымы мерекелік концерт беретін болса, хорда –дирежёр,домбырамен ән салу, бишілер ансамлі құрамында би билеу, көркемсөз оқу,бәрі-бәрінде жүретін, осы өнердің қай-қайсысы да қолынан келетін!

Міне, мектепті бітіргеніме 28 жыл болса да, Алтынай апайымның кейбір сөздері, жүрісі, көз алдыма,ән айтқандағы дауысы кейде құлағыма келгендей болады.Бұл –шәкіртінің жүрегінен ұмытылмастай орын алған Ұстаз тұлғасының Ұлылығы емес пе?! Мақтанғаным емес, сол апайымның жаттатқан кейбір әндері менің әлі есімде, кейде өз балаларыма «менің апайым жаттатқан еді»- деп айтып берсем, сенер-сенбестерін білмейтін.Бұл да ұстаз еңбегінің бала санасына өшпестей жазылған еңбегінің куәсі болар…

Әлі есімде, Орал педучелищесінде студент болып жүріп ауылға келгенімде апайыма амандасып шығуға бардым. Апайым мені қуана қарсы алып,досындай жақын тартып,бар ақылын айтып, өзі оқыған учелищесі, өзін оқытқан ұстаздары туралы сұрастырып,өзі де студенттік шағына оралғандай бал-бұл жанып,әңгімелескен еді…. Қоштасқан сәтте мені өзіне жақын тарта құшақтап, «айналайын, аман жүр, мені есіңе ала жүр, ұмытпағаныңа ризамын!» -деп еді… Апайымның жанары сондай нұрлы, шуақты, мейірімге толы болатын…Арада қанша жылдар өтсе де мен алғашқы ұстазымның аялы үлкен көздерін, бидай өңі мен шашын түйген келбетін мәңгі ұмытпаймын! Алтынай Абашқызы- менің идеалым болып мәңгі қала береді!

….Бұл күнде мен де сол балалық арманым орындалып, сан шәкірттің алғашқы ұстазы атандым. Бірақ, сол өзімнің алғашқы ұстазымдай қаншалықты бола алдым, білмеймін.Себебі, алғашқы ұстазым мен үшін- қайталанбас, сан қилы дарын иесі, білімдар,ғазиз жан! Егер де ұстаздық еңбегімде сәл биіктен көрінер болсам-ол сіздің жемісіңіз,сіздің жетістігіңіз деп білемін, аяулы ұстазым! Өкініші мен қуанышы алмағайып араласқан мынау өмірден сіздің ерте кеткеніңіз,өте өкінішті! Әйтпесе, сіздің алар асуыңыз, шығар тауыңыз биік болатынына кәміл сенемін.

«Шәкіртсіз-ұстаз тұл» деген дана халқымыз, бұл күндері сіздің ізіңізді алдыңыздан түлеп ұшқан қаншама шәкіртіңіз жалғастыруда.Олар барда- сіз де барсыз, ұмытылмайсыз! Сіздің адами болмысыңыз, дегдар тұлғаңыз ешқашан аласармай, рухыңыз мәңгі биікте болады, асыл жан, аяулы ұстаз!

Бұл шығармам-сізге деген шәкірттік ескерткішіміз болсын….

Бір күнде-бір жақсылық жасайық Адамды тұрар адам қып,
Ақжүрек пен адалдық.

          «Адам болған соң біреуге зорлық-зомбылықтан,әділетсіз арам пиғылдан,зиянды да кесірлі іс-әрекеттерден тиылуға бейім,ұстамды болса ғой. . . » деп Шәкәрім ақын айтқандай, адам баласының әр күні тек жақсылық жасаудан тұрса. Онда бүгінгідей дамыған қоғамның әр азаматы бай да қуатты өмір сүріп, олардың болашақ пен ұрпағына деген сенімі де еш алаңсыздыққа құрылар еді. Адамның ең асыл қасиеті-жақсылық. Адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жақсылық пен игілікті іс жасау-үлкен адамгершіліктің белгісі. Бір күнде –бір жақсылық қаншама қайырымды істерге жетелері сөзсіз! Бір күнде бір жақсылық жасалса, адамның адамға деген құрметі артып, жас буын көргенін жасап, қалыптасқан дағдыдан күнделікті жақсылық жасау деген тамаша әдет пайда болар еді. Адам әрбір атқан таңынан бастап,батар күнге дейін жақсылық жасаудан тайынбау керек. Адам жақсылық жасау үшін жанашыр, адал және ақылды жалпы айтқанда,бойында ізгі қасиеттер болу керек. Ақылды болса,адамға рухани жағынанда мол көмек берері сөзсіз.
          Қайырымдылық жасасаң артынан екі есе қайырымы болады деген сөздің астарынында да тамаша мән бар. Жақсы адамдардың мол табысқа, әр күні бақытты болуы осы жақсылықтарының да қайырымы бар шығар бәлкім… Біз жақсылық жасап қана қоймай келер ұрпақтың да бойына сіңіріп өсіруіміз керек, себебі біз болашағымызды жарқын деп елестетеміз. Ал ұрпағымыз саналы, қамқор рухани тәрбиеге бай болып өссе міне бұл да келер ұрпаққа жасаған жақсылығымыз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген мақалда дәл айтылғандай, шыныменде адам баласы қайырымдылық жасаса өз ортасында сыйлы, мәртебесі қатыгез адамға қарағанда бір саты жоғары болады
           Егерде жақсылық жасап, сонымен қоймай, жақсы сөйлеу үшін адам өз-өзінен есеп алып,жаман қылықтары болса күресуі керек. Сонда ғана адам өзіне де мол сауап жинайды.

Туған жер айналдым сенен


           Туған жер алтын бесік, асыл анам.Әлемнің жеті кереметінен де асып түсерлік кіндік қаным тамған Қазақстаным-мына менің сәби жүрегімнен ойып тұрып орын алған.Өзге елде мекен етіп жатқан қандастарыма арман болған елімнің қадірін мен жақсы түсінемін.Сол үшін де қадірлеймін, жақсы көремін..
          Шыр етіп дүние есігін ашқан кезде туған жер деген ұғымды мен бірден түсіне қойғам жоқ.Еліңді сүй деп те ешкім құлағыма құя қоймады.Тарихтың қойнауынан сыр шерте жүріп рухани бай әрі қайырымды халқы бар Отанымның құндылығын ұға бастадым.Өз отанымды сүюді үйрендім.Өз елін менсінбей қарайтын бауырларымды мен түсінбеймін.Туған жеріміз кеше ғана есін жиып,аяққа тұрса да АҚШ пен Қытайдан кем түспейді!Дарынды ,кемел ұрпақ керек болса небір вундеркинд балалар өз елімізде бар.Ресейдің кең байтақ жерін айтсаңыз, Қазақстанның пайдалы қазбаларын сөзге тиек етемін.Біздің елдің байлығына Ресей тең бола алады ма? Швейцариядың табиғатын айтсаңыз, Көкшетауға билет сатып әперейін!Бурабайдың сұлулығын көріп,өз еліңізге қалай тамсанбас екенсіз?Әлем әдебиетін ауыз толтыра мақтамас бұрын «Абай жолын» оқып шығуыңызды сұрар едім.
           Бабалардан қалған асыл мұраның,Сәтпаев ашып кеткен мол қазынаның байбына жете қоймаған ұрпаққа Елбасымыз бастаған «Рухани Жаңғыру» мен «Мәдени мұра» бір серпіліс әкелгендей болды.Бұл жобалар шын мәнінде жастардың ізденуіне жол ашты.Осы жолда Отанын жақсы тани түскен жандар сөзсіз өз елінің патриоты атанды.
          Туған жердің топырағы да киелі ғой шіркін..Талай жанға шипа болған киелі топырақты қастерлемеу бізге сын.Туған жердің тау-тасын,сылдырап аққан бұлағын,ән салған құстарын, атқан әрбір таңы мен сұлу кешін бақылай қарасаңыз бір тебіренесіз.Туған жердің өмірден өз жолын таппай мотивация іздеген жандардың ойларындағы бос кеңістікті толтыруға жетерлік күші бар.
           Мен туған жерімді шексіз сүйем!Бұл аз сөз- үлкен мағына.Туған жерімнің әр қаракөз қыздарын,әрбір рухты жігітін, әрбір күміс-көмей жез таңдай әншісін, әрбір шабыт іздеген қаламгерін,барша байлығын сүйемін.Өйткені ,барлығымызда Отан жалғыз.Өзге елдің абыройын асқақтатқанша,туған жерімде өзімді патриот сезінгенім жақсы емес пе?                   Патриоттық сезімді қарапайым сөзбен сипаттау шын мәнінде қиын.Бойыңды үлкен мақтаныш сезімі кернейді.Отанды сүю де өнер,бірақ баршаға міндет.Елбасымыз айтқандай Отанды сүю – өркениеттіліктің бірінші белгісі.
          

          Туған жер-асыл сөз.Қазақ тілінде бұл сөзді айырбастауға боларлық бірнеше мағыналас сөздер бар.Ел,Отан,Атамекен,туған жер қайсысы болмасын жүрек тебірентіп , ойға шомдырары анық.Алайда өзге тілден мен дәл мұндай сөзді кезіктірмедім.Мен өзіңмен мақтанамын туған жерім!