Бастауыш сыныпта оқушылардың шығармашылығын дамыту жолдары


Кубенова  Гульнара Жумабековна

Қостанай облысы Лисаков қаласы білім бөлімінің Абай атындағы  жалпы білім беретін мектебі  КММ  бастауыш сынып мұғалімі

Заман талабына сай бастауыш сыныпта инновациялық әдіс-тәсілдерді  қолдана  отырып оқытуда   біраз  жетістіктерге  жетуіне  мүмкіндік мол деген шешімге келдім.Мұғалім еңбегінің түпкі нәтижесінің көрінісі оқушылардың шығармашылықпен жұмыс жасауға талпынуы деп білемін.  Өзімнің тәжірибемде  мені  екінші сыныпта “Сыни тұрғысынан ойлау әдісі несімен  ерекшеленеді?” деге сұрақ толғандырды. Бұған күнделікті сабақта  жаңа әдіс-тәсілдерді  ұтымды пайдалану нәтижесінде сауалыма  жауап таптым. Сабақтарымды сыни тұрғыдан ойлау әдістерін пайдалана  отырып,  өткізудің нәтижесі төмендегідей: сабақ жан-жақты өтеді, оқушылардың пәнге қызығушылығы  артады, сабақты қабылдау, тыңдау, есту, оқу, жазу және  ойын білдіру  деңгейі  жоғарылап өз бетінше  шешім  қабылдайды. Әр сабақта оқушыларды сыни  тұрғыдан ойлауға үйрететін жұптық, топтық тапсырмаларды қарастыру, сонымен қатар Блум таксономиясы бойынша  құрылған сұрақтар  арқылы сабақтарды бекіту жұмыстарын жүргізу біліс сапасын арттырады. Өзімнің тәжірибемде диалог  арқылы сын  тұрғысынан  ойлау шәкірттерімнің шығармашылық  қабілеттерінің  дамуына ықпалын тигізетіндігін көрсетті. Мәтін аясында оны талдау, жағдаяттарды шешу, мәтінге жоспар құру барысында  шәкірттерім өздігінен ізденіп, сыныптағы қарым-қатынастарының ынтымағы арта түсті. Күнделікті сабағымда сын тұрғысынан  ойлау қызығушылықты ояту, мағынаны  тану, ой, толғаныс кезеңдерінен түзіледі. Осы кезеңнің мақсаты бұрынғы білімін жаңа  біліммен  ұштастыруды көздейді. Тарқатып айта кетсем, қызығушылықты ояту кезеңі  ойды қозғап ояту арқылы жүзеге асады. Осы кезеңде  «Түртіп алу», «Топтастыру», «Жұпта  талқылау» т.б. әдістер  қолданамын.Жаңартылған білім аясында шәкірттемді таңдандыру, қызықтыру үшін әрбір сабағымда  жаңалық  болуы керек деген тұжырымға келдім. Сондықтан әрбір  сабағымда  сыни  тұрғыдан ойлау  технологиясының белсенді элементтерін енгізе отырып,  танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамытуға  бағытталған әдістерді назарда ұстаймын. Оқушы мәтінді оқу кезінде  бірнеше белгілер қойып отырады. Бұл әрине тәжірибеде  оқушы мәтінді саналы түрде түсінуге , өз ойын білдіруге  ұмтылыс жасауға талпыныс жасайтын ұтымды тәсіл дер едім. Бұл әрекетте  жаңа мәтінді түсіну үшін өткен мәтіндерді еске түсіреді. Бұл орайда  шәкірттерімнің бір-біріне деген достық қарым-қатынасы нығая түскеніне куә болдым десем артық айтқаным емес. Қазіргі таңда  “Ыстық орындық” әдісі арқылы  мәтінді ұжыммен талдауға болады. Шәкірттерімді топқа бөліп отырғызып,  төрт топқа алдын-ала мәтін даярлап қоямын. Басталмас бұрын  топтар ұйымшылдықпен мәтінді бір-бірімен оқытып, мәтін мазмұнынан алған әсерлері бойынша мәтіннен үзінділер жаза алды. Міне, осы ортада “Авторға сұрақ қою” әдісі туындап, берілген сұрақтар бойынша мәтін туралы ұғымдары кеңейе түсті. Сын тұрғысынан ойлау технологиясының “Өзің үшін жазу” әдісі де көрініс тапты. Өйткені осы тұста шәкірттерім  ой толғау жазуға  бағыт алды. Тақырыпты меңгеруде  өз күшіне сену дағдысы  қалыптасып қана қоймай, ақыл – ойы, икемділігі дамиды. Шығармашылық  жұмыс арқылы  жолдасымен, ұжыммен ынтымақтастық қарым-қатынасы нығая түседі.