Сабақ “Наурыз – Ұлыстың ұлы күні!”


Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Макинск қаласы

«Балдырған» мектеп- балабақшасы

тәрбиеші

Тастубаева Әсел Серікқызы

Білім беру ұйымының жетекшісі:  Ақпентаева  Райхан Зейноллақызы

Мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсінік беру. Балалардың ойлау, қабылдау, зейін қабілеттерін дамыту. Грамматикалық талғада жүйелі сөйлеуге, мерекелік көңілін көтеру, елге деген сүйіспеншілікпен бірге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: Қазақтың киіз үйі,жабдықтары, ұлттық киімдер, тақпақтар, ұлттық тағамнан жасалған дастархан.

Әдіс-тәсілдер: тақпақтар, салт-дәстүрі туралы видеофильм, сұрақ-жауап, ән, жұмбақ.

 

Сабақ барысы:

І. Ұйымдастыру кезені

– Сәлеметсізбе, құрметті балалар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған «Наурыз –Ұлыстың ұлы күні» атты тәрбие сабағымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

– Балалар, міне Наурыз да келді. 22 наурыз жыл басы. Наурыз үлкен мейрам.

Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,

Нұрға бөлеп міне жатыр манайды!

Мал біткеннің бал татыған ұызды,

Қуат болып қанымызға тарайды.

Төрт түлік мал халқымыздың сүйері,

Көңілімнің күмбірлеген күйі еді.

«Аман ба» деп мал жаның?

Бірін-бірі құшақтасып сүйеді.

– Ал, балалар! Бәріміз тұрып бір-бірімізді құшақтап, бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, Наурыз мейрамымен құттықтайық!

Наурыз – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Ақ мол болсын!

Жаңа жыл бақ, береке, молшылық әкелсің!

Әңгімелесу:

-Наурыз шығыс күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. 21-22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз деген сөздің өзі «нау» – жаңа, «руз» – кун деген сөздерден алынып, жаңа жыл деген ұғымды білдіреді.

Наурыз ― жыл басы, көктем мейрамы. Ел оған сағынып жетеді. Наурыз мерекесінде наурыз көже даярланады, дастархан жайылады. Халық бір-бірін мерекемен құттықтайды. Адамдар Наурызға дайындалады. Олар үй, арық, аула, көшені тазалайды. Наурызда алтыбақан құрылады, ән салынып, би биленеді. Әр түрлі ойындар ойналады. Наурыз мейрамы күн мен түн тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Наурыз мерекесінде көпшілік бұлақтардың көзін ашып, тал егеді. Бұл кезде мал төлдеп, жер көктеп, дүние жаңара бастайды.

– Құрметті балалар! Наурыз құтты болсын!

– Наурыз – бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, ынтымақтың белгісі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған халық қастерлейтін күн.

Жаңа күн ол-жыл басы,

Жиырма екісі Наурыздың.

Наурыз айда-төл басы,

Бүршік атар бау біздің.

– Ал, енді наурыз мейрамға дайындаған тақпақтарын кім айтып береді.

Нұршат: Жыл басы – Наурыз мереке,

Ақ нұрға әлем боянды.

Наурыз тойы береке

Тіршілік жаңа оянды!

Амир: Жылдың басы Наурыз,

Жердің басы Наурыз.

Мерекеге арналсын

Бүгінгі жыр- әніміз.

Дария: Уа, ағайын халайық,

Мұнда назар салайық!

Мерекесі халықтын

Наурыз тойы бастайық!

Али: Наурыз келдi елiме,

Наурыз келдi жерiме.

Байлық, бақыт тiлеймiн,

Бүкiл қазақ елiне.

Әдемау: Наурыз келді сән құрып,

Жасарып, жаңарып,

Құлпырды жер мен көк,

Мейірім таң күліп.

Би: «Батырлар»

Ұлттық тағамдармен таныстыру:

– Ал енді балалар! Жұмбақтардың шешуін табыңдар:

Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды,

Қонақтарды көңілдене сыйлайды.

(дастархан)

Бұл не? Дұрыс айтасыңдар, балалар! Бұл дастархан. Ал дастарханға қандай қазақтың ұлттық тағамдары қойылады?

Қазақтың ұлттық тағамдары,

Жасымнан жақын маған бәрі.

Теңермес ем оларға мен,

Ешбір асты ғаламдағы.

– Балаларға  сендер қандай ұлттық тағамдарды білесіндер?

-Наурыз көже, бешбармақ, бауырсақ, сорпа, құрт және т.б.

-Өте жақсы, балалар Наурыз мейрамда ең басты тағам ол «Наурыз көже», қазір мен сендерге Наурыз көже туралы мәліммет айтып берейін,

     Наурыз көже.

Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы. Төменде наурыз көженің даярлану жасау үлгісі

Құрамы: 1 келі ет

Қазы, қарта

100 грамм бидай

100 грамм күріш

100 грамм жарма (перловка)

100 грамм тары

Тұз

3 литр су

1 литр айран

Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып,. 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз.

22 наурыз мерекесіне ғана тән, көпшілікке арналған тағам. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол баршаны мейірімділікке, ізгілікке, бірлікке, татулыққа шақырады.

-Балалар енді Наурыз туралы ән айтып берейік.

Ән: «Наурыз жыры»

Ұлттық салт-дәстүрлерімен таныстыру

-Балалар қазақ халықтың ұлттық тағамдармен таныстық, ендеше,балалар қазақ халқының әр түрлі ұлттық ойындар мен салт дәстүрлері бар.

Қазақ халқы қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да қызық көрген. Сондықтан қазақ халқының тойлары да көп болған. Соның біреуі бесікке салу. Бесікке салу тойына жиналғандар өлең айтып, әзіл –қалжын, ұлттық ойындарын ойнап көңіл көтерген.

Ол балалар-«Бесікке салу» салт-дәстүрі. Балалар біріншіден видеофильм қарап шығайық.

Балаларға видеофильм көрсету.

Баланы бесікке салу дәстүрі.

“Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем” (бесік жыры) Бесік- қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтың ұясы болып есептеледі. Жаңа туған баланы бесікке салуды жолы үлкен, өнегелі әже-апаларымызға тапсырған. Баланы бесікке салмас бұрын «тыштырма» жасап алады да «бисмилляхим рахмани рахим» деп баланы бөлейді. Содан кейін үстіне жеті түрлі таза заттар жабады. Бесікке салған адамға «бесік салар» яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде бесік жыры айтылады:

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?..

«Тыштырма», сәбиді бесікке салар кезде түбегі тұратың тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер салып «тышты» деп ырымдап оны «тыштырма» деп атап кеткен Тыштарманы әйелдер бөлісіп алып бала-шағасына үлестіреді.
 «Ақ бата» кезеңі.

Жанболат: Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт – түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Қуаныштарың көп болсын!

(Әумин)

-Жарайсындар, балалар ендеше «Қыз қуу» үлттық ойынды ойнайық.

Ойын: «Қыз қуу»

 

Қорытыңды:

Осымен «Наурыз-Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағатымыз аяқталды.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Өмір жастарыңыз ұзақ, ұлыс бақты, төрт – түлік ақты болсын. Ұлыс береке берсін. Наурыз құтты болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *