Мақала “Алматы шаһарының мың жылдық тарихына арналған”


Танбетова Айман Жамаладиновна

Алматы қаласының “185 жалпы білім беретін мектеп” КММ

тарих пəнінің ұстазы 

Кіріспе

 Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Алматы қаласының іргесі қаланғанына мың жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде қала мен оның тұрғындары талай қуанышты және қайғылы оқиғаларды, көптеген саяси және әлеуметтік – экономикалық өзгерістерді басынан кешірді. Алматының тарихи келбетін, көненің көзіндей ескерткіш мұраларын сақтап, қалпына келтіре отырып, оларды келер ұрпаққа мирас ету – біздің азаматтық парызымыз. Алматы қаласының кешегі, бүгінгі жағдайын ескеріп қала болашағын көркейту әр алматылық тұрғынның өз қолында екенін ұмытпау.

Қала Евразия континентінің ортасында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, 77˚ шығыс бойлық пен 43˚ солтүстік ендікте, солтүстік Тянь-Шань жотасы – Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Аумағы 170 шаршы шақырымға созылған. Қала төңірегінде, Үлкен Алматы көлі мен Жосалы кезең асуында Күн жүйесі мен ғарыш сәулелерін зерттейтін ғылыми станция, Каменка жоны мен Асы асуында астрофизикалық обсерваториялар, «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы спорт кешендері, альпинистік және туристік лагерлер, санаторилер, демалыс үйлері мен кемпингтер бой көтерген.

Қаланың оңтүстік қабырғасын көмкере қоршаған мұзарт құздардың ішінен Талғар (5017м), Комсомол (қазіргі Нұрсұлтан, 4376м), Үлкен Алматы (3684 м) шыңдары айрықша ерекшеленеді, қиян басын күн сүйген басқа да шыңдар биіктігі жөнінен Европа Монбланынан, Америка Тахумулькосынан кем түспейді.

Бұл өлкеге жыл бойына ғана емес, тәулік ішінде температурасы әлденеше құбылып тұратын шұғыл континентальды климат тән. 500 метрдей биіктіктегі қала көшелері солтүстікке қарай жазық және шөлейтті далаға, Қаскелең Мойынқұмына барып тұмсық тірейді. Алматыда желдің жылдық орташа жылдамдығы Мәскеумен салыстырғанда екі есе кем. Шілде айының орташа температурасы Шри-Ланка немесе Ява аралдарындағыдай болса, қаңтар айының орташа температурасы Норвегияның солтүстігіндегі ауа райымен бірдей.

Алматы қаласына жыл ішіне 1596 сағатқа жуық күн нұры төгіліп тұрады, жайма шуақ мезгіл 151 күнге созылады.

Қала территориясының 8 мың гектардан астам жерін бақтар, гүлзарлар, саябақтар алып жатыр. Алматы көшелерінде өсетін мәуелі ағаштардың қатарынан Солтүстік Америка, Кавказ, Сібір мен Қиыр Шығыстан әкелінген экзотикалық өсімдіктерді кездестіруге болады. Қала төңірегінде жергілікті флораның сирек кездесетін өкілдері: шиқылдақ, желайдар, долана, кекіре өседі. Бұл өңірдегі көптеген өсімдіктер осы өлкені көркейтуге ат салысқан адамдардың есімдерімен аталады. Мәселен, Регель шырышы, Корольков бәйшешегі, Дублицкий саршатыры – Алматы шежіресінің бір үзгісі іспеттес.

Тау бөктерін қиялай жабайы алма, өрік өссе, ортаңғы бөлігіне қарай қылқан жапырақты ағаштар мен бұталарды Тянь-Шань шыршалары алмастырады. Одан әрі биіктегенде жайқалған субальпі және альпі шалғындары, шөбі шүйгін жазғы жайылымдар тау тундрасына, басынан мәңгі қар арылмайтын  құз шыңдар мен мұздықтарға ұласады.

Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаған. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде қала ертегіге айналады. Алматы қаласының атауы  алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.

Кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы – Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. Осы қаланы ХІІІ ғасырда Шыңғысхан ордасы тас талқан етті. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Верный қаласы бой көтерді.

Жалпы қала атауы бірнеше рет өзгерген: Алматы, Алмату, Алмалық, Залийский, Верное, Верный, Алма – Ата, Алматы.

Қазіргі таңда Алматы – елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы. Алматы – республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі болып табылады.

Тақырыптың өзектілігі. Қала өмірінің мың жылдық тарихын зерттей отырып, Алматы қаласының Қазақстан Республикасы үшін орасан зор қалалардың бірі екенін айықындап, дәлелдеу. Алматының болашағы туралы үлкен жоспарлардың жүзеге асуы – жастардың азаматтық парызы екенін түсіну.

Зерттеу деңгейі. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде алынып отырған «Алматы қаласының 1000 жылдық тарихына» арналған  «Алматы – кеше, бүгін, болашақта» атты зерттеу жұмысында бүгінгі күнге дейінгі зерттелу деңгейіне тоқтала отырып, болашақтағы қала тағдыры жас ұрпақтың қолында екенін көрсету.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Алматы қаласының көркіне сүйеніп, оның айтулы оқиғаларға толы тарихын, мемлекет тағдырындағы рөлі мен маңызын зерттей отырып, болашағына көз жіберу. Қала Қазақстанның ірі экономикалық, қаржы, саяси, мәдени орталығы болып табылатындығын дәлелдеу. Қала атауының бірнеше рет өзгергені, тарих беттеріндегі қала өмірінің жазбалары мен тарихта алатын орны туралы зерттеу. Алматы қаласының болашағы – миллионер қалалар қатарында екенін айқындау.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғылыми жұмыстың жаңалығы болып, Алматы қаласының өткені мен бүгінін баяндайтын, жарқын болашағына көз жүгіртетін, қаланың барлық ғылым мен білім ордаларында «Мәңгілік елдің – Мәңгілік қаласы» атты үйірме, арнайы курстар ұйымдастыру. Мұндай жұмыстың мақсаты қаланың тарихын біліп, бүгінін саралап, болашаққа әр азаматтың өз үлесін қосуға дағдыландыру. Өскелең ұрпақтын бойында азаматтық – патриоттық сезімін, қала тағдырына өз үлесін қосқаны үшін мақтаныш сезімін ояту.

Зерттеу нысаны. Алып шаһардың тарих толқынындағы өмірі, қазіргі таңдағы жетістіктері мен болашаққа жоспары.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу нәтижелері Алматы қаласының тарихы жазылған теориялық дерек көздеріне белгілі бір дәрежеде үлес қосатыны анық. Тарих толқынында жатқан қала тарихының әлі бізге белгісіз зерттелмей жатқан сырларын шертуге жол ашады. Еңбектің нәтижесін мектеп қабырғасында оқытылатын «Алматы тану» дәрістері мен арнаулы курстарда қосымша ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, жинақтау, салыстыру, баяндау, жүйелеу, түсіндірмелі және болжау әдістері қолданылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдар ұсынылды.

  • Қаланың жан – жақты дамуына стратегиялық жоспарлар қабылданса. Мәселен, «Өскелең ұрпақ қалайтын кербез шаһар – Алматы», « Алып шаһар Алматының болашағы».
  • Осы жоспарлар негізінде төмендегідей жұмыстар жүргізілсе:
  1. Ұлттық нақыштағы мәдени орталықтардың көптеп салынуы;
  2. Шаһар тарихын көрсететін, салт – дәстүрімізді дәріптейтін орталықтардың салынуы;
  3. Жетісудің жәннәт жерінде орналасқан Алматының туристік базасын кеңейту;
  4. Алматының символы болып табылатын апорт алмасын барлық көше бойларына отырғызу;
  5. Алматының мың жылдан астам уақытқа созылған тарихын баяндайтын көркем фильмдер түсіру;

Толығырақ…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *