«Математика және логика» элективті курсы бойынша бастауыш сынып математикасына арнап жазылған авторлық бағдарлама


Нусипалиева Н.Н.

Парасат Алматы мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Түсінік хат

Жан-жақты ойлау қабілеті жетілген, шығармашыл тұлға – қоғам мен ұстаздың басты жетістігі. Шығармашылық – жаңа нәрсе ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі. Бұдан біз «шығармашылық» ұғымының негізгі белгісі «жаңалық» болғанымен, оңдағы тұлғаның, адамзаттың, қоғамның дамуына әсер ететін ерекше күштің бар екені байқамаймыз. Шығармашылық қабілет деген не? Қабілеттердің шығармашылық деңгейге көтерілуі неге байланысты деген сұрақтар әрбір ұстазды мазалайды деп ойлаймыз. Шығармашылық – адамның іс-әрекетінің түрі. Бастауыш сынып оқушыларының қабілеттері 2 түрлі әрекетте дамиды. Есептер оқушыларды табандылыққа, әр есепке ғылыми тұрғыдан қарап, анализ жасай білуге, есепті өзгеше, ерекше тәсілдермен шығаруға үйретеді.

Элективті курс сабақтарында орындалатын тапсырмалар оқу- әдістемелік желінің негізгі бағыттары бойынша құрастырылған. Ойындар, сөзжұмбақтар, сиқырлы шаршылар, мүмкіндігінше, оқушының қызығушылығын арттыру мақсатында құрылған. Жекелеген оқушылармен де, жалпы сыныппен, топпен, жұппен де жұмыс түрлерін түрлендіруге болады. Мұндай сабақтардың білімділік сапасын, оқушылардың білім, білік, дағдыларын қалыптастыруда тиімділігі өте зор. Қазіргі жаһандану дәуіріне сай біздің қоғамға қалыптан тыс ойлай алатын, шұғыл шешімдер қабылдай білетін, белсенді, шығармашыл адамдар қажет. Сондықтан сабақтарда тек білімдік мақсаттарды шешіп қоймай, балалардың даралық қасиеттерін, қабілеттерін дамытудын жолдарын қарастырған жөн. Ол үшін сабақтарда түрлі қызықты ойындар, ойын-есептер, шығариашылық-тапсырмалар, логикалық жаттығуларды пайдаланып қана қоймай, есептер мен ребустар құрастыруды үйретудің мәні зор.

Осы көмекші құралда бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің бағдарламаларының тарауларына сәйкес қызықты материалдар жинақталған. Бастауыш сынып оқушыларына жұмбақтар, ребустар, логикалық тапсырмалар, шытырман есептер, оқиғаның себебін анықтауға арналған қызықты мәтіндер, көңілді жаттығулар, математика және тіл дамыту сабақтарыңда шығармашылық процесті менгеруіне, ойын, тілін дамытуға көмегін тигізеді деп есептейміз.

Жалпы, бұл курс оқушыларды сауаттылыққа үйретіп, олардың логикалық және танымдық, шығармашылық қабілетін арттырады, кез- келген жағдаяттан қисынын тауып шығуға баулиды, есептер мен ребустар құрастыруға үйретеді.

«Математика және логика» элективті курсының мақсаты мен күтілетін нәтижелері:

Математикалық сауаттылық қазақтың қарапайым қара есептерін білуден, меңгеруден басталады. Мұғалім пәнге қызықтыра отырып, баланың математикалық әлемін қалыптастырады, есептерді шығарумен қатар, ребустар, қарапайым есептер құрастыруға жетелеуге болады. Бұл оқушының математикаға өзгеше көзқараспен қарауына қол жеткізеді.

Педагогика саласында үлкен еңбек сіңірген ғалымдар баланың шығармашылық, логикалық тапсырмаларды еркін меңгеруі үшін мына төмендегі шарттардың орындалуы қажет екенін айтады:

  1. Баланың шығармашылық қабілеттерін дамыту ісін ерте бастан қолға алу. Мысалы, біз тіл үйрету үшін баланың туған сәтінен бастап сөйлесе бастаймыз немесе музыканттар жанұясында үнемі музыка естіп өскен баланың сол өнерге қабілеті өте ерте ашылады. Осыны басқа қабілеттер дамытуға неге пайдаланбасқа деген ой туындайды.
  2. Баланың жүйелі, тұрақты ұйымдастырылған шығармашылық әрекеттер жағдайында болуы. Ерекше ойды талап ететін, әлеуметтік қарым-қатынастар шығармашылық қабілеттерді дамытуға тиімді әсер етеді.
  3. Шығармашылық жұмыстар баланың ойлау мүмкіндігінің ең жоғарғы деңгейіне жетуі керек. Күн асқан сайын ол деңгей биіктей беретіндей болуы қажет. Осындай тынымсыз ой қызметі ғана бала дамуында үлкен нәтиже береді.
  4. Ең негізгі шарт – балаға әрекеттің әр түрімен айналысуға, таңдауына деген еркіндіктің болуы. Баланың жұмыспен айналысуға деген қызығушылығы, қанша уақыт айналысам десе де өз еркі болу керек. Мұндай қызығушылық, қажеттілік, табысқа жетудің бірден-бір кепілі болып табылады.
  5. Еркіндік – ойға не келсе соны істеу емес. Бала елеусіз болса да, өз күшімен, өз ойымен қиындықты жеңе отырып, жағдаяттан шығып,

«жаңалық» ашуға жағдай жасау керек. Ендеше, шығармашыл жеке тұлғаны дайындау үшін кез-келген жағдаяттан қисынын тауып шыға алатын, логикалық ойлау қабілетін шыңдауға бағытталған жұмыс жүргізуіміз қажет. Мұндай жұмыс үрдісі жеке тұлғаны талдау, ойлау, есептеу, сараптау және қиял әлеміне жетелейді. Әрине, бұл жұмыс түрлері баланы жалықтырмайтын, мазмұны да, түрлері мен формалары да ерекше болу керек. Қызықты ойын есептері, логикалық тапсырмалар, көңілді жаттығулар оқушылардың ойлау қабілетін дамытып, ойын тұжырымдауға дағдыландырады, қиялын ұштайды, ұшқырлыққа баулиды. Оқушы жеке басының қабілетіне сәйкес алған білімін

өздігінен жұмыс істеу арқылы дамытады, бойына қажетті құзіреттілігін қалыптастырады. Оқушы тапсырмаларды шешудің тиімді жолдарын ізденеді, өзінің біліміне сүйенеді, зерттейді. Осы принциптер арқылы оқушының бойында «жаңалық ашуға» ұмтылушылық пайда болады, білімге қызығушылығы артады. Өзі ізденіп, «қазып» жеткен жетістігі баланың санасына оң әсер етеді, мақтаныш сезімі пайда болады, оның өзіне сенімі артады. Оқушымен жүргізілетін жұмыс та, оның сенімін жоғалтып алмайтындай, талапқа сай ұйымдастырылуы керек.

Мұндай сабақтардың білімділік сапасын, оқушылардың білім, білік, дағдыларын қалыптастыруда тиімділігі өте зор. Аталған курс оқушыларды сауаттылыққа үйретіп, олардың логикалық және танымдық, шығармашылық қабілетін арттырады, кез-келген жағдаяттан қисынын тауып шығуға баулиды.

«Математика және логика» авторлық бағдарламасының мақсаты:

Ашық қоғамда өздігінен білім алып, дами алатын, алған білім, білік дағдыларын іс жүзінде қолдана алатын елжанды жеке тұлғаны қалыптастыру.

«Математика және логика»     авторлық     бағдарламасының міндеттері:

  • математикалық сауаттылық қалыптасады, өз ойын, көзқарасын түсіндіруге, дәлелдеуге үйренеді;
  • қисынды ойлау қабілеттерін қызықты құрылған өрнектер, сөзжұмбақ, шытырман, сиқырлы шаршылар арқылы дамытады;
  • ұшқырлыққа, уақыт үнемдеуге, шапшаңдыққа жаттығады;
  • республикалық, халықаралық олимпиадаларда, зияткерлік білім сайыстарында жоғары нәтижені көрсетеді;
  • өз ісіне сенімді, «неге?» деген сұрақты қоя білетін және нық жауап бере алатын білімді, зерделі, болашақ дарын иесі қалыптасады.

Дайындық деңгейіне қойылатын талаптар:

  • таңдаған бағытта оқытудың дұрыс мотивациясын құру;
  • оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту және қадағалау, ақпараттық мәдениетін көтеру;
  • оқытудың өз мерзімінде орындалуын ерекше назарда ұстау және оқытудың әр түрлі тәсілдерін қолдану;
  • оқушылардың бойында белгілі бір тақырыптар бойынша өз бетінше жұмыс жасау дағдысын қалыптастыру;
  • оқушылардың еркін іс-әрекеттерін қадағалап, жат қылықтардан аулақ болуға тәрбиелеу;
  • істелген шаралар туралы ақпараттар дайындау;
  • оқушының ата-анасымен, психологпен тығыз байланыста болуы.

Жұмыс істеу формасы:

  • тілдесу, есеп шығару жолдарын қарастыр;
  • қызықты есептер, ребустар құрастыру, жеке оқушымен жұмыс;
  • зерттеу, жобалау әдістері;
  • есеп шығарып жарыстыру;
  • проблемалық оқыту технологиясы;
  • кітапханаларға бару, интернетпен жұмыс жасау.

Математикалық логикаға негізделген есептер мынандай нәтижелерге қол жеткізеді.

  1. Өз ойын, көзқарасын түсіндіруге, дәлелдеуге үйренеді;
  2. Қисынды ойлау қабілеттерін қызықты құрылған өрнектер, сөзжұмбақ, шытырман, сиқырлы шаршылар арқылы дамытады;
  3. Ұшқырлыққа, уақыт үнемдеуге, шапшаңдыққа жаттығады ;
  4. Республикалық, халықаралық олимпиадаларда, зияткерлік білім сайыстарында жоғары нәтижені көрсетеді;
  5. Өз ісіне сенімді, «Неге?» деген сұрақты қоя білетін және нық жауап бере алатын білімді, зерделі, болашақ дарын иесі қалыптасады.
[embeddoc url=”http://oqu-zaman.kz/wp-content/uploads/2022/10/9-Нусипалиева-1.docx” download=”all” viewer=”microsoft”]