РЕЦЕНЗИЯ №87 – 30.09.2022 ж.


Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №129 жалпы білім беретін мектебінің педагог-зерттеуші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Г.Ш. Пахирдинованың «Қазақ тілі көне тіл» атты авторлық бағдарламасына

ПІКІР

          «Қазақ тілі көне тіл» атты авторлық бағдарламада оқушылардың сөйлеу мәдениетін, оқу сауаттылығын дамыту мақсатында жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес тиімді әдіс-тәсілдер мен шығармашылық тапсырмалар берілген.

          Аталған бағдарлама оқушылардың ауызша және жазбаша тілін  дамытуға бағытталған. Яғни оқушыларды еркін, жақсы әрі жатық сөйлеуге, сауатты жазуға, айтайын деген ойын дәл жеткізуге баулу, қазақ тілінің шексіз мол мүмкіндіктері мен сарқылмас байлығын дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру, әдемі әрі әуенді, үйлесімді әрі ұйқасымды сөйлеудің, жазудың үлкен өнер екенін көңіліне ұялату, ұғындыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін автор әр сабақта оқылым, тыңдалым, сөйлесім, жазылым әрекеттерін жүзеге асыруда «Миға шабуыл», «Жигсо», «Ассоциация», «Кім шапшаң?» әдістерін қолданады. Мәселен, «Сөздердің көп мағынасы бар» тақырыбын өту барысында оқушылар көлемді мәтінді әрқайсысы жеке-жеке топ ішінде оқып, топпен талқылайды, сосын топтар құрамы өзгертіліп, құрамында әр бастапқы топтан бір белсенді оқушы бар жаңа (сарапшылар тобы) топтар құрылады. Құрылған сарапшы топ берілген тапсырмаларды біріге талқылап орындайды. Осыдан кейін олар өз топтарына қайта оралып, өздерінің  бұрынғы топтағы достарына кезекпен өз жанұяларында түсінген материалдарын тиянақты түрде жеткізіп, үйретеді. Осы арқылы оқушылар берілген тапсырманы өздері талқылап, өз ой-пікірлерімен бөлісуге, топпен жұмыс жасауға дағдыланады.

          Қорытындылай айтқанда, Г.Ш. Пахирдинованың «Қазақ тілі көне тіл» атты авторлық бағдарламасын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне қосымша әдістемелік құрал ретінде ұсынуға болады деп есептеймін.

Еуразия гуманитарлық институты,

қазақ және орыс филологиясы

кафедрасының доценті,            

PhD (философия докторы):                                                 М. Аманғазықызы