РЕЦЕНЗИЯ №101 – 11.10.2022 ж.


Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының математика пәнінің мұғалімі  А.Е. Оразгалиеваның «Алгебралық өрнектерді тепе-тең түрлендірудегі дифференциалды есептеулер» атты авторлық бағдарламасына

ПІКІР

          «Алгебралық өрнектерді тепе-тең түрлендірудегі дифференциалды есептеулер» атты авторлық бағдарламада оқушылардың мектеп бағдарламасында алған білімдерін жан-жақты практикалық тапсырмаларда талдай алуына мүмкіндік беруге ықпал жасау көзделген.

          Бағдарлама  құрылымы  дәстүрлі  сабақтар  өткізуден,  белгілі бір  тақырыптар  бойынша  дәрістер  оқудан (практикалық  сабақтар, семинарлар,  жалпылама  сабақтар және т.б.) тұрады. Курс  бағдарламасы  34  сағат теориялық және практикалық сабаққа есептеліп құрылған. Негізінен 9 ірі бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде – алгебралық өрнектерді тепе-тең түрлендірудегі дифференциалды есептеулердің пайда болуы мен тарихы туралы айтылады. Ал, екінші, үшінші бөлімінде алгебра және математикалық анализ элементтері пәні МЖББС сай тақырыптар бойынша тапсырмалар құрастырылып, күрделі есептерді толыққанды шығару жолымен, ал орташа деңгейлі есептердің нұсқаулығы көрсетілген, ал оңай есептердің тек дұрыс жауабы көрсетілген. Төртінші бөлімде туынды табу кестесі мен функцияны зерттеуде туындыны қолдану тақырыптары толығымен қарастырылады. Ал 5-9 бөлімдерде алгебралық өрнектерді тепе-тең түрлендірудегі дифференциалды есептеулердің қоршаған ортада, теңдеу мен теңсіздікті шешуде ауру таралуының моделін құрастыруда, сонымен қатар бизнестегі сұраныс пен кіріс-шығысты есептеуде қолданысын толық ашып көрсетеді.

          Бұл  курсты  ұйымдастыру  арқылы  әр  оқушының  даму  деңгейі,  білімі,  қабілеттерінің  дамуына  жағдайлар  жасалып,  бәсекеге  қабілетті  тұлға  қалыптасуына мүмкіндіктер туғызылады.

          Авторлық бағдарламада ұсынылған тапсырмалардағы мәселелерді  шешу  арқылы оқушы өзін  шығармашыл жеке  тұлға,  зерттеуші  ретінде  сезінуге мүмкіндік алады, өзін-өзі дамытады және сыни ойлауға   байланысты  оқушының  интеллектуалдық және практикалық біліктілігі қалыптасады.

Еуразия гуманитарлық институты,

қазақ және орыс филологиясы

кафедрасының доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты:                               Н.Х. Шадиева