Тіл – ұлттың жаны


Фазылахметова Гульнар

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының  «Науырзым  ауданы білім  бөлімінің  Мереке негізгі орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қазақ тілі мен әдебиеті  мұғалімі

Тіл-ұлттың ұлт болып қалыптасуында шешуші рөл атқарады. Тіл жай ғана сөз емес, өмірдің талай сыны мен соқпағынан өткен, заман талабына сай өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, қателесе қоймаспыз. Талай ақынның қыл қаламынан жыр төгілткен, осы тілде қаншама қайнар күш бар дерсің-ау?! Өзің дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ, шама шарқыңа қарап шүлдірлеуден бастайсың. Ол саған ана сүтімен, әкенің қанымен беріледі. Керемет алпауыт күштің иесі боласың. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.Тіл – ұлттың жаны. Расында қазақ халқының басына талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.