Ұстазым, үлгі – өнеге, ұлағатым!


Раимбекова  Назкен Турмаханбетовна Рудный қаласы әкімдігінің “№15 орта мектебі” КММ 2 сынып оқушысы

жетекшісі Салтенова Нургуль  Сактагановна

Жетелеген әр күн ізгі мұратқа,

Не  жетеді ұстаз деген ұлы атқа?

Демалыс жетсе, өзіңіздің жүзіңізді

Еске аламын, сағынышпен әрқашан  –  деген жүрекжарды шумақты  сынып жетекшім   Салтенова Нұргүл Сақтағанқызына   арнаймын.

           “Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы”  деген сөз тегіннен – тегін айтылмағанын да енді ұққандаймын. Сыныбымда үнемі  салмақты мінезіммен, тиянақты ісіммен көрініп жүрмін. Кейде қонаққа барғанда үлкен кісілер “ұстазың кім?” деп сұрап қалады. Сол мезетте  мақтанышпен ұстазымның есімін  атаймын. Иә, шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстазымды жазғы демалыста қатты сағындым.

Ең қуаныштысы, қазіргі таңда бір мектептеміз. Бүгінгі күні  екінші сыныпта жетекшілік ететін ұстазымның  бізді  бірінші сыныпта оқып жүргенде қаздың балапанындай тізіп асханаға апаратыны әлі есімде. Әріп үйрету, буындап оқыту тәрізді қиындығын айтпағанда біздің ерке мінездерімізге өз баласындай төзген  мейірімді жүрегін айтсаңызшы!

Кей сыныптастарым жазғысы келмей отыратын.  Солардың қолына тілін тауып, қалам ұстататын. Жарыста жеңіліп қалсақ, келесі жарыста қайтсеңде жеңіс тұғырынан көрінесің деп талабымызды ұштайтын.  Бүгінгі күні екінші  сыныпта оқимын, қанатым қатайды. Әр нәрсеге байыппен қараймын. “Алғашқы қасиет отбасыдан бастау алса, кейінгі қасиет ұстаздан жұғады”  деген рас екен. Өзімнің білімді, тәрбиелі  болып өсіп келе жатқаным алғашқы ұстазымның берген өнегесі деп білемін. Аяулы ұстазым санама ақыл ұялатып, дәрісін аямайды.

Ұстаз… Күн сайын шәкірттерінің ғана емес – ау,  ата – аналарының жүрегіне жол тауып,терең білім беруге ұмтылатын  осы бір жылы жүзді жандарға  қай – қайсымыз  болмасын борыштармыз. Ұстаздың әсерлі үнмен асықпай мәнерлеп сөйлеген әрбір сөзінен  оқушыларына аналық сезімнің дана ойдың лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан – дүниесін түсініп,   қателігін ренжітпей сездіре білу де нағыз шеберлік қой.

Үй ішінде ата – ана  бір баланың шуына шыдамай отырғанда, әр үйдің еркесі мен тентегінің басын қосып, әрқайсысын мәпелеп жүрген Зәуре апайымның  жүрегі жазиралы кең, жүйкесі болаттай  екен деген ой түйіп жүрмін.  “Жақсыдан шарапат” демекші, немеремнің  бойынан жарқ еткен жақсылықтың ұшқынын көрсем, ол ұстазының кемел тәрбиесі.

Сынып ата – аналары да мұғалімнің қасынан  үйіріліп шықпайтын болдық. “Ұстаз – жанып тұрған шамшырақ” дегендей,  білімді   ұстаз дәстүрлі Жолдауды да қолдауға шақырудан еш жалыққан емес.

Сыныптың бірлігін Н.Ә.Назарбаевтың ” Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін”  деген  ұлағатты сөздерімен байланыстыра отырып,  татулыққа баулып отырады. Міне, менің ұстазым   рухы таза, ой – өрісі биік, жүрегі жылы, көңілі дархан жан.  Сондықтан мен оны мақтаныш тұтамын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *