Бейпілауыздық сөздердің қоғамда белең алуы және оның бала тәрбиесіне әсері


Қарашорова Әсел Қуатовна
Қазтұтынуодағының Павлодар  экономикалық колледжінің психология магистрі, қоғамдық-құқықтық пәндер оқытушысы

«Тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді баласы еңбектей бастағанда құлағына құя бастайтын халық емеспіз бе? «Инабатты бол, ізетті бол, бейпіл, бейәдеп сөздерден аулақ бол» дегенді де ұлттық тәрбиенің темірқазығына айналдырған біз емес пе ек…. Әлімсақта қазақта бейәдеп сөз болмады демей-ақ  қояйық. Бірақ ел ішіндегі бірлі-жарым былапыт сөздердің көпшілік ортада аса артық кетпейтін.

Бейпілауыздық дегеніміз не? Бейпілауыздық бұл – әдепсіз сөйлемдерге, ұятсыз сөздерге, балағаттарға толы сөз. Бұл құбылыстың көптеген анықтамалары бар: былапыт балағаттау, ашық қолдануға болмайтын сөздер, боғауыз, әдепсіз лексика және т.б. Орыс халқында ежелден былапыт сөз, жаман қылық сөзінен шыққан, бейпілауыздық деп аталады.

Қазіргі заманның мектептерінде әдепсіз лексика барынша өткірлене түсуде, өйткені, оқушының көзқарасынша, бейпілауыздық бұл – тәуелсіздікті, тиымдарға бағынбау қабілетін көрсету, яғни, есеюдің нышаны.

Бірақ бейпілауыздық бұл – арсыздық, көргенсіздік сияқты, өзіне-өзі сенімсіз адамдардың қаруы екендігін көбі біле бермейді. Дөрекілік өзінің әлсіздігін жасыруға мүмкіндік береді және қорғайды, өйткені әлсіздікті және өз-өзіне сенімсіздікті көрсету, толық жеңіліске ұшыраумен тең емес пе? Оқушылар былапыт сөздерімен ата-аналардың, мұғалімдердің намысына тиюге, ұятқа қалдыруға, зығырданын қайнатуға, олардың алдындағы өзінің билігін өлшеуге және өзінің жеке эмоционалдық тәуелсіздігін дәлелдеуге тырысады.

Былапыт сөз бұл – әдепсіздіктің жинағы ғана емес. Мұндай лексика адамның рухани науқастығы туралы мәлімдейді. Өйткені сөз – ойды білдіретін, тек дыбыстардың жинағы ғана емес. Ол біздің рухани жай-күйіміз туралы көп нәрсені білдіреді. Сократ айтқандай: «Адам қандай болса, оның сөзі де сондай».

Естеріңізде ме, Елбасының сөзі. Парламенттің 5-ші шақырылымын ашып тұрып, тап осы мәселеге тоқталып еді ғой. Ушығып бара жатпаса, өршіп бара жатпаса мемлекетте басқа шаруа құрып қалғандай осыған ерекше тоқтап несі бар президенттің. Себебі, бұл жағдай тоқтаусыз кетіп бара жатқан ағым сынды. Ешқандай секта немесе ұйым емес, адамның өз санасының жігерсіздік ағымы.

Әке-шешесінің «айта қойшы» деген былапыт сөздерін баласы жіпке тізгендей етіп айтады. Оған ата-анасы мәз. Оларға балаларының жаман сөздерді сайрап айтқаны – бір мәртебе. Мұндай жағдай бүгінде әр отбасында бар. Бүтін елдің тұтқасын ұстайтын өрелі ұрпақ тәрбиелеу керек деп жүрміз.  Бүлдіршіннің тілі былапыт сөздермен шықса, оның болашағы не болмақ?

«Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген. Жасынан алған тәлімі бейәдеп сөзден басталған бала ертеңгі күні ата-ананы алақанында ұстайтынына кепілдік беру қиын. Қалай десек те қазақ отбасыларын әдепсіздік әлемі шыр айналдырып, жан алқымнан алған жұттай болып тұр. Бала аузынан шыққан былапыт сөздердің мағынасын түсінбейді. Алайда өзінен үлкендерге қарап еліктеу – бала біткеннің табиғатына тән болғандықтан, әрбір қимылды, сөзді қалт жібермей санасына сіңіріп отырады. Психолог мамандар баланың бейәдеп сөздерді қолдануын жас айырмашы­лығына  қарай  жіктеп  береді.

– 5-7 жас арасында жаман мен жақсыны біршама  айыра  алатындықтан, былапыт  сөзді өзгелерге қырсыға, қасақана айтуы мүмкін. Осылайша, ішкі эмоциясын сыртқа шығарады. Бұл жаста балалардың арасында көпшіліктің ортасында (қонақта, саябақта) ұялтатын кезі жиі кездеседі. Үйде сіздің ашуланып, жазалайтынды­ғыңызды, ал көпшіліктің ортасында еш әрекет жасай алмайтындығыңызды білгендіктен, ішіндегі жақындарына деген өкпе-ренішін өзгелердің ортасында  шығарады.

– 7-9 жастағы балалар өз сөзіне өзі жауап бере алады. Қай ортада, қай адамдарға қалай сөйлеу керектігін түсіне бастайды. Былапыт сөзді осы жас аралығында айтса, оған тікелей ата-ана кінәлі. Бұл отбасының лексиконында әрдайым қолданылады дегенді білдіреді.

– 9-12 жаста бала өз ортасынан ерекшеленуді, даралануды көздейді. Жоғары сынып оқушыларына еліктеп, олардың жаргон сөздерін қабылдайды. Былапыт сөз айту ер  жігітке тән қасиет деп есептейді. Ересектік өмірге қадам басу ретінде қабылдайтындары да жоқ емес. Бейпіл сөзді көп айту арқылы құрбыларының беделіне  ие болуды көздейді.

– Жасы 12-ден асқандардың бойында менмендік болады. Өзін ересек адам ретінде қабылдайтындықтан, барлық іс-әрекеттерді дұрыс деп санайды. Дер кезінде ересектер тарапынан тоқтам болмағандықтан, қисық жолмен кетеді. Ауызекі сөйлеу тіліне еніп, дағдыланып кеткені соншалық, тіл қорынан былапыт сөздерді алып тастау оңайға түсе бермейді.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының қанша пайызы есірткі затына немесе алкогольге тәуелді екендігін білмейміз, алайда балағат сөздерге тәуелділіктің деңгейі алдыңғы екеуіне қарағанда әлдеқайда жоғары екендігінде күмән болмаса керек. Мұны айтып отырған себебім, мамандардың пікірінше, былапыт сөздерге тәуелділік те – есірткі мен арақ-шарапқа тәуелділікпен бірдей болады екен. Жастайынан былапыт сөздерді айтып, құмар боп өскен адам соған әбден үйреніп, әдеттеніп алады екен , енді қайтып одан оңай құтыла алмайтын көрінеді. Былапыт сөз – оның өмірінің «көркі» мен «сәніне», әңгімесінің тұздығына айналады. Екі сөзінің арасына үшінші сөз қылып былапыт сөзді қоспаса, бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезінетін болады. Қазақ мұндайға «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деп сипаттама берген.

Алдын-алу жолдары:

– Адам өз бойындағы эмоциясын шығара білу қажет. Әркім оны әрқалай жүзеге асырады. Баланың да жаман сөздерге әуестене бастауы да, қалыпты жағдай. Ол да ішкі сезімін сыртқа осылай шығарады. Тек, одан басқа да ішкі сезімді білдірудің амалдарының бар екендігін түсіндіріп айту қажет.

– Отбасында, өзге де ортада балаңыздың көзінше былапыт сөздің айтылуына жол бермеңіз. Бала санасы енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, барлық ақпаратты тез қабылдап, жадында сақтап қалады.

– Бала аузынан осы сөздерді естіген жағдайда асықпай сөйлесіңіз. Мүмкін ол мән-мағынасын мүлде білмесе де, айта салған болар. Мүмкін, өзге де адамдар әдейі үйреткен шығар. Анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, «тәрбиеге» сала жөнелмеңің. Жай ғана түсіндірсеңіз де жеткілікті.

– Өзі түсіндіріп беруді өтінсе, адамдардың өзгені ренжіту үшін, жаман сөздермен қорлауға тырысатындығын егжей-тегжейлі айту қажет. Ал, «анасының сүйкімді балапаны ешкімді де ешқашан ренжітпейді емес пе?» деп еркелетсеңіз, өзге жаман ойлардың сол сәтте-ақ жадынан шығып кететінін ұмытпаңыз.

– Балаңыздың достарын сөкпеңіз. Тек қана сырттай бақылағанда олардың бұл қылығы тым сүйкімсіз, жағымсыз екендігін дәлелдеп беріңіз. Өйткені, сырттағы ортаның ықпалы ата-ана тәрбиесінен күштірек болады. Осы кезге дейін «мінсіз» болған жолдастары туралы жағымсыз әңгіме оны, керісінше, сізден алыстатады.

– Әдеби кітапқа деген махаббатын ояту. Оның дәл қазіргі уақытта орындату қиын екендігі түсінікті. Дегенмен, бала кезінен ертегі кітаптарын оқып-үйренген бала, тағлымы мол шығармаларды оқудан бас тарта қоймас.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *