Қазақ тілін модульдік технология арқылы оқыту


Тулеуова Асел Мухамбетовна

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің, Инженерлік-технологиялық факультетінің, Жалпы білім беру пәндері кафедрасының аға оқытушысы, қазақ тілі мен әдебиеті магистрі

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. …Білім берудің жаңа әдістеріне көшу… сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет. Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту» [1, 6], – деп, оқыту мәселесіне ерекше мән беру қажеттілігі атап көрсетілген. Білікті де білімді мамандарды даярлау, жас ұрпаққа сапалы білім беруді жан-жақты игеру, соның ішінде қазақ тілін студенттің кәсібіне сәйкес байланыстыра жетілдіріп, өз кәсібіне қатысты лексиканы меңгертіп, тікелей мамандықпен байланыстыра оқыту – жоғары оқу орындары үшін өзекті мәселе. Осыған байланысты ЖОО-да мамандар даярлаудың сапасын арттыру мәселесі бойынша ғалымдардың зерттеу еңбектерінің маңызы ерекше.

Қазіргі кезде тіл дамыту, тілдің коммуникативтік байланыста кең қолданылуына көп көңіл бөлінуде. Жоғары оқу орнындағы орыс тілді аудиторияға 2014 жылғы типтік бағдарлама бойынша оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің қысқаша сипаттамасы оқыту бағдарламасында көрсетілгендей, жоо студенттеріне қазақ тілін оқып үйрену барысында коммуникативтік білік, дағдыларын жетілдіру, коммуникативтік біліктіліктің лингвистикалық, әлеуметтік-тілдік, дискурстық, стратегиялық және мәдени-әлеуметтік субъективті біліктілік сияқты компоненттерін дамыту болып табылады.

Бүгінгі таңда қазақ тілін оқыту әдістемесінде жаңа инновациялық технологиялар көптеп енгізілуде. Бұл инновациялық технологиялар арқылы білім алушылардың жеке түлғалық қабілеттерін жан-жақты дамытуға болады. Сонымен қатар жақсы нәтижелерге жету үшін жаңа технологияларды зерттеу және оны тәжірибеде жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, М.Жанпейісованың интерактивтік модульдік технологиясы, Е.И. Пассовтың бөгде тілді үйрету технологиясы, Т.Ғалиевтің жүйелеп, деңгейлеп оқыту технологиясы, қарым-қатынастық ойындарды игеру, оқытуда негізінен тиімді және қажеттілікті талап ететін технология болып табылады. Осылардың ішінен модульдік оқыту технологиясы бойынша оқыту мақсатында орыс топтарына арналған пәнді оқыту бағдарламасы мазмұны модульдерге бөлініп, жинақталып берілген.

2012-2013 оқу жылының қыркүйек айынан бастап, ЭКЛ, ВМ-12 топтары модульдік технологияны оқу үдерісіне енгізу тиімділігін анықтау мақсатындағы эксперименттік жұмыс нысаны ретінде алынған болатын. Топтағы студенттер саны І семестрде –10, ІІ семестрде – 6.

Ең алдымен, «Қазақ тілі» пәні бойынша оқу жылының І және ІІ семестрлеріне арналған модульдік оқыту технологиясы бойынша оқу бағдарламалары – силлабустар дайындалды. Типтік бағдарлама бойынша берілген оқу материалдары әр семестр бойынша төрт модульге бөлінді. Әрбір модуль бойынша өтілетін материалдар тақырыптары, тапсырмалары, оқу-әдістемелік кешені дайындалды.

Модульдік оқыту технологиясын оқу үдерісіне енгізу арқылы студент оқу материалын кешенді түрде алып, өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді. Модульдік оқыту технологиясы бойынша практикалық сабақты өткізудің әр түрлі әдістері мен тәсілдері қолданылды: топтық жұмыс, жеке жұмыс, аудиосабақ, топшамамен жұмыс, тест, аударма т.б.

Эксперименттік жұмыс барысында бақылау тобы ретінде НД, СТР-12 тобы алынды. Топтағы студенттер саны 1 семестрде – 9, 2 семестрде – 11.

Модульдік технология бойынша оқитын ЭКЛ, ВМ – 12 тобында І рейтинг қорытындысы – 85 балл, ал салыстырмалы НД, СТР-12 тобында – 83 балл. ІІ рейтинг бойынша ЭКЛ, ВМ-12 тобында – 94, НД, СТР-12 тобында – 91 балды құрайды. Емтихан қорытындысы бойынша білім сапасы ЭКЛ, ВМ-12 тобында – 86, НД, СТР-12 тобында – 100 пайызды құрайды.

ЭКЛ-12 тобында 1 семестрдегі емтихан қорытындысы бойынша «5» деген бағаға бес студент, «4» деген бағаға үш студент, «3» деген бағаға үш студент тапсырған. НД, СТР-12 тобында «5» деген бағаға алты студент, «4» деген бағаға үш студент тапсырған.

ІІ семестр бойынша ЭКЛ, ВМ – 12 тобында І рейтинг қорытындысы – 94,5 балл, ал салыстырмалы НД, СТР-12 тобында – 85 балл. ІІ рейтинг бойынша ЭКЛ, ВМ-12 тобында – 94, НД, СТР-12 тобында – 78,5 балды құрайды.

Емтихан қорытындысы бойынша білім сапасы ЭКЛ, ВМ-12 тобында – 100, НД, СТР-12 тобында – 80 пайызды құрайды. ЭКЛ-12 тобында 1 семестрдегі емтихан қорытындысы бойынша «5» деген бағаға төрт студент, «4» деген бағаға екі студент тапсырған. НД, СТР-12 тобында «5» деген бағаға бес студент, «4» деген бағаға төрт студент «3» деген бағаға бір студент тапсырған.

Талдау қорытындысы бойынша модульдік технология бойынша білім алатын ЭКЛ, ВМ – 12 тобында білім сапасы едәуір артқандығын байқауға болады. Сонымен қатар бұл оқыту технологиясы білім беруде қолайлы, студенттердің білім алуға ынтасын арттырады және білімін бағалауда, бекітуде қолайлылығын дәлелдеді.

Қазіргі оқыту бағдарламасында пән мазмұны семестр бойынша төрт модульге бөлінген. Оқу бағдарламасында әрбір модуль бойынша сабақтың өткізілу түрлері, сабақта жүргізілетін жұмыс түрлері нақты көрсетіліп берілген. Мысалы:

І модуль. І модуль. Мемлекеттің әлеуметтік-географиялық орны, ерекшелігі.

№ 1 Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: практикалық сабақ. Лексикалық және грамматикалық материал:

1.     Мемлекеттің әлеуметтік-географиялық орны, ерекшелігі. Ел басқару жүйесі. Президент. Парламент. Жай сөйлем.

2.     №2  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: практикалық сабақ. Лексикалық және грамматикалық материал:

1.     Үкімет. Сот. 2.Интонация. Екпін. Бөгде сөз.

№ 3 Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: практикалық сабақ. Лексикалық және грамматикалық материал:

1.     Ұлттық қауіпсіздік. Қарулы күштер. Құқық қорғау органдары.

2.     Сұрау мәнді сөйлем. Болымсыздық категориясы.

№4  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: топшамамен жұмыс. Практикалық сабақта өтілген грамматикалық тақырып бойынша топшамамен жұмыс жүргізіледі.

№5  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: жазба жұмысы

Практикалық сабақта өтілген грамматикалық тақырып бойынша жазбаша және тілдесім құруға байланысты жұмыстар жүргізіледі.

№6  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: мәтінмен жұмыс

Практикалық сабақта модуль тақырыбы бойынша мәтінмен жұмыс жүргізіліп, сөздік арқылы аударылады.

№7  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: мәтінмен жұмыс

Практикалық сабақта модуль тақырыбында мәтінмен жұмыс жүргізіліп, сөздік арқылы аударылады, сөздікпен жұмыс жүргізіледі.

№8  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: диктант

Практикалық сабақта өтілген сөздіктер мен мәтін бойынша жазба жұмысы жүргізіледі.

№9  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: аудиосабақ

Практикалық сабақта мәтін тыңдалып, мәтін бойынша жаттығу жұмыстары, тапсырмалар беріледі.

№10  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: ауызша сұрақ-жауап

Практикалық сабақта өтілген мәліметтер мен анықтамалар бойынша алынған білімді ауызша тексеру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

№11  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: бекіту сабағы

Практикалық сабақта тест тапсырмалары арқылы студенттердің білімі тексеріледі.

№12  Практикалық сабақ (1 сағат)

Өткізу түрі: бекіту сабағы

Практикалық сабақта жазбаша  тапсырмалар мен жаттығулар арқылы студенттердің білімі тексеріледі.

Модульдік оқыту технологиясының бір ерекшелігі — оның білімді меңгертуде, жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық үдерістерін: яғни, жадының алуан түрлерін (есту, көру, қимыл және т.б) ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған қауіпсіздігін, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас жасау, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға: белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша тілде) дамытуға бағытталуында.

Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі — дарынды балалармен тұрақты және жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретіндігінде. Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу цикілі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады. Модульдік оқыту кіріспе бөлімінен, сөйлесу (негізгі материалдарды меңгеру) сағаттарынан, қорытынды сағатынан тұрады. Кіріспе және қорытынды бөлімінде үш сағаттан беріліп, қалған уақыт негізгі материалды меңгеруге бөлінеді. Модуль мақсаттан нәтижеге жетуді қамтамасыз етерліктей етіп құрылады. Кіріспе бөлімінде жалпы құрылымымен, оның мақсат – міндеттерімен таныстырады. Білім алушылардың  оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін, қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолданылуы сөйлесу бөлімі сабақтарында жүзеге асырылады. Білім алушылардың оқу материалына бірнеше мәрте қайта оралып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Модульдің қорытынды бөлімі- бақылау. Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми сөздерді пайдалануы құпталып келсе, енді қорытынды бөлімінде білім алушы өзінің сөйлеу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс [2].

Кіріспе бөлімде оқытушы білім алушыларды жаңа ақпаратпен таныстырып, осы ақпаратты оқушының білім қорына айналдыру мақсаты қойылады. Бұл бөлімде грамматикалық және лексикалық материал бойынша түсінік беріліп, жаңа және тірек сөздермен жұмыс жүргізіледі. Әр білім алушы мақсатқа жету үшін өзінің қалыптасқан біліктілігін жаңа тақырыптарды меңгеруде қолданады. Оқытушы бағыт-бағдар беріп, қосымша ақпарат пен ұсыныстар жасап отырады. Оқытушы барлық жағдайда білім алушының қызығушылығын туғызып, жетекші ретінде қалып отырады. Негізгі сұхбат бөлімде модульді әр түрлі бөлімдерге бөліп, саралап, жеңілден күрделіге өту жағы қарастырылады. Кейбір тақырыптарда материал үлкен көлемде берілсе, кейбір тақырыптарда аз көлемде беріліп, тиімді меңгеру үшін әр түрлі жұмыс түрлері арқылы нәтижеге жету қарастырылады. Кей модульдерде ізденіп, шығармашылық ашатын тапсырмалар ұсынылады.

Білім алушылардың оқу жылдары бойындағы емтихан қорытындыларын талдай отырып, бұл оқыту технологиясының, бағдарламада қамтылған тапсырмалардың, әр түрлі түрде жүргізілген сабақтар мен тапсырмалардың  білім алушы тілін дамыту, сөздік қорын кеңейту, ойлау қабілетін ұштауда тиімділігін байқауға болады. Білім алушыларға тілдік қарым – қатынасты білім беруде М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде» әдістемесінің қүзіреттілігі жоғары деңгейде болып табылады.

Әдебиеттер:

1. «Қазақстан-2050» стратегиясы  – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан,  №828-831 (27902), 15 желтоқсан, 2012.

2. М.М.Жанпейісова. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде /Аударған Д.А.Қайшыбекова/-Алматы, 2006.- 180 б.

Резюме

В статье рассматривается обучение казахского языка по модульной технологии, его эффективность, программа обучения и результаты внедрения технологии.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *