Мектеп жасына дейінгі балаларға патриоттық тәрбие беру


Жакулова  Саягул  Сериковна
Қарағанды қаласы «Балапан» бөбекжайы әдіскері

Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата – ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру мекемесі. Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшада тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық.  Балабақшада берілетін тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан – жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. Сондықтан да мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ең өзекті мәселесі – ұлттық – патриоттық тәрбие беру.

Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана – сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт – дәстүрімізді жатқызсақ, тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, салт – дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. Патриотизм сезімінің оянуымен қалыптасу үрдісін белгілі бір асқақ сезімдерден, мақтаныш – сүйініштен бөле жаруға болмайды. Ол елінің өткен тарихын мақтаныш тұту, жерінің байлығына, әсем көркіне сүйсіну, атадан балаға жалғасып, жақсы үрдісін тапқан ұлттық тілді құрметтеу. Осы сезімдерден туатын, санада орнығып қалыптасатын асыл қасиеттер ұлттық патриотизм деңгейінде өркен жайып, азаматтық патриотизм биігіне ұласатын сыңайлы. Әрине, бұл өздігінен бола салатын нәрсе емес, ол да нақты тәрбиенің жемісі. Бұл тәрбиенің жемісін еккен әрине, мектеп жасына дейінгі балалар үшін – тәрбиеші, ал орта біліммен  жоғарғы білім алушылар үшін – ұстаздар қауымы деп айта алар едім.

Баланы патриоттық сезімге тәрбиелеуге халық ауыз әдебиетінің маңызы зор. Тілдер мерекесіне арналған «Менің Қазақстаным», Тәуелсіздік күніне арналған – «Астана – бас қала» атты ашық сабақтарда балалар Отан, Туған жер туралы тақпақ, ұлттық ойындар ойнап, ертегілерді сахналап патриоттық әндер мен өркем сөздер тәрбиеленушілерді патриоттық сезімге тәрбиелеудің көзі.

Патриоттық сана – сабақта және сабақтан тыс іс – шараларды Отан сүю, елін қорғауға байланысты басты ұғымдарды ашып көрсету арқылы қалыптасады.

Балаларды халықтың салт – дәстүрімен таныстырып, адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеуге халық ауыз әдебиетін пайдалану – ұтымды да тиімді әдістің бірі. Тәрбиелік, өнегелі мәні аса ауқымды ойлар жинақтаған халық ертегілері. «Қожанасырдың тойға баруы», «Мақта қыз бен мысық», «Алтын сақа», «Түлкі мен ешкі», ертегілерді ойнағанда балалардың сөздік қоры молайып, тілдері дамиды, ой – өрістері кеңейеді. «Наурыз – жыл басы» тақырыбын өткенде балалардың қызықтап ойнайтын ертегілерінің бірі – «Жыл басына таласқан хайуанаттар». Рөлдерді ойнаған кезде балалар ұйымшылдыққа, жауапкершілікке тәрбиеленеді, ой – өрістері кеңейеді. Ойындарды өткізу арқылы балаларды қазақ халқының дәстүрін, әдет – ғұрпын жоғалтпай, әрі дамытуға өз ұлтына деген сүйіспеншілігін жастайынан сіңіріп, оны құрметтеуге тәрбиелейді. Халықтың әдет – ғұрпын, дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру, ойын арқылы дарытып, көңіліне қондыра білу, өмір қажеттілігінен туып отыр. Өйткені баланы нәресте шағынан бастап адалдыққа, батылдыққа, мейірімділікке, еңбек етуге тәрбиелеудің құралы – ойын .Ойын – тәрбиенің бастауы. Патриоттық тәрбие – Отан, туған жер, Атамекен, туған ел деген адам санасына мәңгі өшпейтін ұғым. Өскелең ұрпақты, жастарды, болашақ мамандарды кез – келген жағдайда ерлік, отаншылдық істерге бару үшін оған алдымен рухани жағынан дайын болу керек.

Біздің пікірімізше, өсіп келе жатқан жас буындардың бойында Қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін әр ұлттар мен ұлықтар тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар олар бір – бірін танып біліп, құрметтеуі тиіс. Мектеп оқушылары қазақ халқының тарихымен мәдениетін өз болмысында еш бұрмалаусыз танып, білуі шарт. Мектеп жасына дейінгі балалалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда тіл дамыту сабақтарының алатын орны ерекше. Патриоттық сезім тұлғада тәрбие арқылы өсіп жетіліп патриоттық сана түрінде қалыптасады. Сондай – ақ, жеке адам өз ұлтының қасиеттерін бойына сіңіру керек.

Қорытындылай келе баланы тәрбиелеу балабақшадан басталғаны жөн. Себебі баланың жасы ұлғайған сайын оның ой – өрісінде, білімінде көбеюі керек. Қазіргі Заманға сай жаңа стандарттың білім беру саласының әдіс – тәсілдерін қолдану арқылы патриоттық сезімдерді қалыптастыру, келешекте болашағы зор бүлдіршіндерді тәрбиееп шығару.