Менің сүйікті мамандығым


Жуматаева Алуа Тусиповна
«Нәзік» б/ж КМҚК ағылшын тілі мұғалімі

Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығын өзі таңдауы және оған құрметпен қарауы керек. Себебі мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Болашақта үлкен мамандық иесі болатынын армандамайтын бала болмайды. Бір кездері мен де осы бір сұрақтың жетегінде көп ойланып, қиялдап, өзім қалайтын, өзім сүйіп айналысатын істі таңдау жетегінде жүрдім. Ақырында осы бір сұрақтың жауабында таптым. Осы сұрақтың жауабы ағылшын тілі мұғалімі еді.

Мен бұл мамандықты таңдаған себебім ағылшын тілін жетік әрі жоғары деңгейде білгім келеді. Қазір бұл мамандық ең жоғарғы ұсынысқа ие. Ағылшын тілін білсен, өзге елде өзге ұлттың адамдарымен емін – еркін  сөйлесесін.

Мен колледжді бітірген соң бөбекжайда жұмыс істеуді бастадым. Мамандығымды кішкентай балалармен бастасам өз білімді де әрі қарай жетілдіріп аламын деп ойладым. Балалармен жұмыс істеген оңай әрі қызық. Балаларға жаңа тақырып үйретсен олар сол тақырыпқа байланысты жаңа сөздерді тез үйреніп алады және ойын арқылы сөздерді тез үйренеді.

Күнделікті таңертең бөбекжай ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Бөбекжайға кіргеннен – ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар» – деп ата – бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр.

Алдымызға келген балалар – біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі – ерке, бірі – қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.

Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде.

Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – жүректің батырлығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның асылдығы.

Осы төрт қасиет әр ұстаздың бойынан табылуы қажет. Себебі мұғалім қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпау керек.

Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.